«Алматы қаласындағы 2017 жылғы 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы дайындау және өткізу бойынша дирекция» МҚ-мен әріптестік шеңберінде «Кселл» АҚ спорт объектілерін сапалы ұялы байланыспен қамтамасыз етеді және бірыңғай анықтамалық байланыс-орталығын іске қосады.
Байланыс-орталығы барлық ұялы байланыс операторларының абоненттері үшін бірыңғай
7117 нөмірі бойынша жұмыс істейтін болады. Байланыс-орталығы тәулік бойына жұмыс режімінде Универсиаданың қатысушылары мен қонақтарына барлық қажетті анықтамалық ақпарат береді. Оның ішіне жарыстар кестесі, спорт объектілерінің орналасқан жері, билеттерді сатып алу тәсілдері және басқа да көптеген хабарламалар кіреді.
«Қазір кез келген бұқаралық шараны табысты өткізу сапалы телекоммуникациялық қызметтерді қамтамасыз етусіз елестету мүмкін емес. Телекоммуникациялар ауқымды аудиторияға хабарлау, ақпараттармен жедел алмасу және шұғыл мәселелерді шешу үшін маңызды. Универсиада кезінде ұялы байланыс операторлар желісіне жүктеме артатыны даусыз – адамдар өз әсерлерімен бөліседі, хабарламалар жібереді және мобильдік интернетті белсенді түрде пайдаланады. Бизнестің дайындық жұмыстарына қатысуы үлкен мәнге ие және «Кселл» компаниясымен әріптестік Универсиада қатысушылары мен қонақтарын сапалы байланыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді «Алматы қаласындағы 2017 жылғы 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы дайындау және өткізу бойынша дирекция» МҚ басшысы Наиль Нұров.
Естеріңізге сала кетсек, 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада Алматы қаласында 29 қаңтардан 8 ақпанға дейінгі аралықта өтеді. Ойындарға 58 елден 2000 спортшылар қатысады. Бұл кезеңде Қазақстанның оңтүстік астанасына 30 000 астам шетелдік қонақтар мен туристер келеді деп күтілуде.