Универсиада кезінде техникалық, санитарлық және экологиялық нормаларға сай емес көліктер Алматыға кіргізілмейді. Бұл туралы бүгін ҚР Үкімет отырысында қала әкімі Бауыржан Байбек айтты.
"Айтулы шара кезінде қалада жайлы ахуал қалыптастыру үшін құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысы оңтайландырылады. Алматы облысымен біріге отырып техникалық, санитарлық және экологиялық нормаларға сай келмейтін көліктерді қала аумағына кіргізуді шектейміз", - деді әкім.
"Алматының құзіретті органымен бірлесе отырып қала трафигі жан-жақты зерттелген. 29 қаңтар мен 8 ақпанда, екі күн қаладағы ірі 9 сауда орындары жабылады. Сонымен қатар оқушыларға қосымша каникул беріледі. Бұл қаладағы қозғалысты 30 пайызға дейін азайтуға септігін тигізбек", - деді Байбек.
Әкімнің айтуынша, Универсиаданың барлық 7 нысаны тәулік бойы коммуналдық қызметке қосылған.
"Қалалық клиникалардың материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайтылды. Мәселен, 25 емхана, 8 стационар, 215 жедел жәрдем көлігі және 370 медицина қызметкері дайындалды. Сонымен бірге екі аурухана базасында Қысқы спорт түрлері халықаралық студенттік федерациясының стандарттарына сәйкес жедел медициналық көмекті қамтамасыз ететін тікұшақ алаңы екі аурухана базасында салынды",- деді қала басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, спорттық шараға қатысушыларға 519 көлік қызмет көрсететін болады. Бұған қоса, қолданыстағы 28 автобус бағдарына қосымша Орталық стадионнан, Саяхат автобекетінен және Алматы-1 вокзалынан 18 бағдар ашылады. «Біз қалалық трафик мәселесін де тыңғылықты қарадық. 29 қаңтарда және 8 ақпанда екі күн 9 ірі базар жабық болады. Сонымен қатар қала тұғындары мен қонақтарға жайлы жағдай жасау үшін мектеп оқушыларына қосымша демалыс беріледі. Бұл көшелердің жүктемесін 30 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, ата-аналар балаларымен студенттік спорттық ойындарға және көптеген іс-шараларға баруға мүмкіндік алады», - деді Байбек.