Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясынан тіркелген кандидат Жамбыл Ахметбеков өзінің сайлауалды бағдарламасымен жұртшылықты жете таныстыру мақсатымен Жамбыл облысына келді.
Халықта «Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады» деген сөз бар, сол айтқандай, Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясынан тіркелген кандидат Жамбыл Ахметбеков өзінің сенім білдірілген адамы В.Сорокин және партияның облыстық комитетінің бірінші хатшысы Ә.Мамашевті ертіп, артынып-тартынып келіп отырған соң облыс әкімі Қ.Бозымбаев кісілік пен кішілік танытып, үлкен ықыласпен қабылдады.
Қабылдау барысында олар елдегі және жергілікті жердегі атқарылып жатқан әлеуметтік-экономикалық жағдайлар турасында өңір басшысымен жарасымды әңгіме қозғап, кейбір өзекті мәселелерді де сөз етті. Бұдан кейін үміткер Тараз қаласындағы Қ.Сарымолдаев атындағы №1 балалар үйіне барып, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің әлеуметтік құқығын қорғаудағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Бүгінде мұнда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 170-ке жуық бала тәрбиеленуде. Ал балалар үйіндегі жұмыс жақсы жолға қойылған. Мысалы, 2001-2009 жылдар аралығында 28 тәрбиеленушінің жеке шотындағы жиналған ақшасына пәтерлер сатылып алыныпты. Мүліктерді жариялау арқылы 5 тұрғын үй заңдастырылған. 5 балаға ата-анасынан, әжесінен мұрагерлік ашылыпты. Айта берсек, еліміздің басқа өңіріне үлгі боларлық мұндай игі істер өте көп. Міне, осының бәрімен президенттікке кандидат Ж. Ахметбеков жете танысып, өзінің де көп балалы отбасында дүниеге келіп, қайсарлықтың арқасында қажымай өсіп-жетілгенін тілге тиек етті. Сондықтан алдағы болатын президенттік сайлауда жеңіске жете қалған жағдайда ең алдымен балалар үйлеріне, ондағы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға және олардың ата-анасы іспетті болып кеткен тәрбиешілеріне жағдай жасайтынын қадай жеткізді. Қоғамдағы саяси ахуал туралы да өз көзқарасын білдіріп, азық-түлік бағасының көтерілуіне, айлық жалақыға және діни ағымдар жөніндегі сауалдарға жауап берді.
Ел президенттігінен үміткер бұдан кейін облыс орталығындағы Жамбыл политехникалық колледжінде, Тараз қаласындағы қалалық мәдениет үйінде кездесулер өткізді.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы.