17 Қаңтар, 2017

Алматы облысында сүт-тауарлы ферма салынуда

395 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Алматы облысының Қарақыстақ ауылында жылына 6 мың тонна сүт өндіретін ферма салынып жатыр. Бұл туралы Жамбыл ауданының әкімі Жандарбек Далабаев өзінің тұрғындар алдында биылғы жылғы алғашқы есеп беру жиынында айтты. Алматы облысы Жамбыл ауданында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 60 және 61 қадамдарында сүт пен ет өндірісін дамыту жөнінде тапсырмаларды орындау бағытында жүйелі жұмыстар жасалып келеді. Өткен жылы 21 мың 913 тонна ет, 39 мың 668 тонна сүт өндіріліп, жоспарды асыра орындады. Ж. Далабаевтың айтуынша, өңірдегі 3 мың басқа арналған «Империя Фуд» ЖШС-ның мал санын алдағы уақытта 10 мыңға дейін арттыру көзделуде. Оған қоса қуаттылығы 5000 тонналық, жалпы құны 288 млн. теңгелік астық қоймасын салу жұмыстары жүргізілуде. Оның 224 млн. теңгесі - «Казагрофинанс» АҚ-ның, 64 млн. теңгесі - компанияның өз қаржысы. Сонымен қатар ауданның Қарақыстақ ауылындағы «Табыс» шаруа қожалығы 600 басқа арналған, жалпы құны 1 млрд. 780 миллион теңге тұратын  сүт- тауарлы фермасын салып, Украинадан асыл тұқымды сиыр малын сатып алу жұмыстарын жүргізуде. Шаруашылық толық қуатымен жұмыс істегенде жылына 6,0 мың тонна сүт өндіретін болады. Осыған байланысты аталған кәсіпорын қуаттылығы 5,0 мың тонналық сүт өңдеу зауытын салу жұмысын қолға алды.