28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада кезінде Алматы тұрғындарының күнделікті түрмысына кедергі келмеуі керек. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің селекторлық режімдегі отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов айтты.
«Елімізде алғаш рет өтетін Универсиадаға да санаулы ғана уақыт қалды. Осыдан оншақты күн бұрын Алматы қаласында менің төрағалығыммен ұйымдастыру комитетінің соңғы мәжілісі өтті. Сонда жауапты азаматтар жалпы осы кезеңге дейін жоспарланған шаралардың барлығы атқарылғандығын айтып берді. Ендігі үлкен міндет - осынау ауқымды халықаралық шараны жоғары деңгейде өткізу. Бүгінгі Үкіметтің кеңесін пайдаланып, 3 ерекше бақылауда тұратын мәселеге назар аударғым келеді», - деді ол.
Осы ретте Тасмағамбетов қауіпсіздік мәселесін айрықша назарда ұстау қажеттігін баса айтты. Министр мырза (Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов - ред.) дайындық мәселесі жөнінде айтып берді. Бірақ қауіпсіздік, тәртіп сақтау мәселелеріне, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық, медициналық мәселелерге де қатты көңіл бөлу керек сияқты. Өйткені, көп қонақ келмекші», - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Оның баса назар аударған екінші мәселесі көліктік-логистика саласы болды. «Әуежай қызметінен бастап Алматы қаласының аумағында спортшылар мен қонақтардың қатынауына дейін, сонымен қатар қонақтарды тасымалдау мәселесі Алматы қаласының тұрғындарының күнделікті тұрмысына кедергі келтірмеуі тиіс. Бұл мәселені біз комиссияның отырысында да талқылаған болатынбыз. Бұл мәселе жөніндегі жоспар қалалық әкімдікте бар. Бірақ, назарда болуы керек деп есептеймін»,- деді ол.
Үшіншіден, коммуналдық қызметтердің нақты және үйлестірілген жұмысы болуы тиістігін атап өтті. «Қаңтар айының аяғында Алматы қаласында қысқы мезгілдегі қардың қалың түсетіні белгілі. Осыған байланысты тиісті қызметтер арнайы жұмыс режіміне көшуі қажет. Соынмен қатар апатты қызметтердің, оның ішінде энергетика, жылу және сумен қамтамасыз ету салаларының әзірленген жұмысын қамтамасыз ету қажет. Міне осы үш мәселеге көңіл аудару қажет деп есептеймін»,- деді Тасмағамбетов.