Универсиадаға өтініш берген 60 елдің 57-сі аккредитацияны аяқтады. Бұл туралы бүгiн Үкiмет отырысында Алматы қаласының әкiмi Бауыржан Байбек қаланың бүкiләлемдiк қысқы Универсиадаға дайындығын баяндау барысында мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қысқы Универсиада тарихындағы рекордтық көрсеткiш.
"35 мемлекет 25 пайыздық кепiлдiк жарнаны төлеп қойды. 45 мемлекеттiң спортшылары мен қонақтар визасыз кiредi, қалған 12 команда визаны жеңiлдетiлген тәртiппен алады", - деді Бауыржан Байбек.
Оның айтуынша, барлық жаңа нысандар пайдалануға берiлдi. Қалған нысандарды жаңғырту жұмыстары аяқталды.
«20 қаңтарда атлетикалық ауыл 100 пайыз дайын болады. Қатысушылар 23 қаңтардан бастап келе бастайды. 26 қаңтар күнi 24 елдiң спортшылары келедi. Барлығы 2200 атлет пен олардың жанында мыңнан астам адам болады. Атлетикалық ауылдың мэрi болып Серiк Сәпиев тағайындалды. Универсиаданың алдында Алматы әуежайы мен вокзалдардың безендiрiлуi мен сервисi жақсартылды. Барлық мәселелер шешiлдi. Сондай-ақ қонақүйлер мен дәмханалар, мейрамханалар тексерiлдi. Алматының туристiк карталары, универсиада карталары әзiрлендi. Әуежайда жақында интерактивтiк туристiк-ақапараттық орталық iске қосылады», - дедi ол.
Қалалық жедел штаб құрылған. Ол тәулiк бойы жұмыс iстейтiн болады. Қауiпсiздiктi IIМ, Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлiгiнiң 7 мыңнан астам қызметкерi қамтамасыз етпек.
«Жалпы, өткен жылы iшкi iстер департаментiнiң материалдық-техникалық базасын жарақтандыруға жергiлiктi бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлiндi. Биылғы жылы «ЭКСПО-2017» көрмесiн өткiзуге байланысты IIД бюджетi тағы 25 пайызға артып, 17,3 млрд теңгенi құрайды. Жалпы алғанда, барлық құқық қорғау органдарының өзара ынтымақтастығы жолға қойылды», - дедi Байбек.
Байбек қала тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болу үшiн оқушыларға қосымша демалыс беру шешiмi қабылданғанын жеткiздi. Бұл көшелердi 30 пайыз босатуға және оқушылар мен ата-аналарға Универсиада аясындағы жарыстарды көруге мүмкiндiк бередi. Қала басшысы коммуналдық қызметтердiң толыққанды дайын екенiн де жеткiздi.
Бұдан бөлек, бұл күндерi спорттық шаралармен қатар, 40-тан астам мәдени iс-шаралар да жоспарланған.
Естеріңізге сала кетсек, бүкiләлемдiк қысқы Универсиада Алматы қаласында 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өтедi.