17 Қаңтар, 2017

Астанада жарықтандырудың «ақылды» жүйесі іске қосылады

288 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Астана Астанада жарықтандырудың «ақылды» жүйесі іске қосылады, деп хабарлады елорда әкімдігінің баспасөз қызметі. Астана көшелерінің ерекше жобасы "Astana Innovations" АҚ компаниясымен әзірленді. Жоба жарықдиодты шамдар орнату мен көшені жарықтандырудың «ақылды» жүйесіне көшу арқылы энергия үнемдеуді арттырып, оған жұмсалатын шығындарды азайтуды көздейді. Жоба аясында натрий шамдарды заманауи жарықдиодты шамдарға алмастыру жоспарланған. Қуаттылығын реттеуге болатын шамдардың жалпы саны 25 мыңнан кем болмайды. Жобаға 4 млрд теңге көлемінде инвесторлардың қаржысы тартылмақ. Астаналық коммуналдық шаруашылық басқармасы жеке әріптестерді тарту бойынша байқау жариялау үшін қажетті құжаттар әзірлеуде. Жоба авторлары көшелерді жарықтандыруға жұмсалатын электр энергиясын пайдалануды шамамен 50 пайызға азайтып, ақылды жүйенің көмегімен шамдарды қолдануға жұмсалатын қаражатты қысқартады деп отыр. Сондай-ақ көшелерді жарықтандыру бағаналарында «Заттар Интернеті (IoT)» «ақылды» сервисі енгізілмек. Бұл сервисті іске асыру өзге есептегіштерден мәліметтер жинау үшін бірыңғай  сымсыз жүйе, ақпараттық кесте, авариялық көмек түймесі (SOS), фотобейнетіркеу, көлік құралдары ағынын мониторингтеу, қоршаған ортаны мониторингтеу және бақылау, Wi-Fi сынды сервистерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Осылайша, қаланы жарықтандыру мен қосымша сервистер бұл жобаны Smart Astana жалпықалалық жобасының негізгі бағыттарының бірі етері сөзсіз. Astana innovations компаниясының мамандарының айтуынша, жоба биыл іске қосылады. Байқау қорытындысы бойынша инвестормен мемлекеттік – жеке меншік әріптестік жөніндегі келісім-шартқа қол қойылмақ.