Ақтөбе облысы мен Астана қаласындағы жұмыс берушілер шетелдік жұмыс күшін тартудың жаңа ережелеріне сай 28 шетел қызметкерін жұмысқа орналастыруға рұқсат алу мақсатында 12,5 млн теңге көлемінде салық төледі, деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі.
Шетелдік мамандар бұрғылау инженері, инженер-технолог, электроника инженері қызметтеріне шақырылды.
Рұқсат беру бойынша мемлекеттік қызмет жергілікті атқару органдары, сонымен бірге, «бір терезе» қағидасы бойынша электрондық үкімет порталы арқылы жүзеге асырылады.
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін тартудың жаңа тәсілдері қолданысқа енгізілді. Аталған ережелерге сай, жұмыс рұқсатнамаларын беру мерзімі қысқартылды. Отандық еңбек нарығында мамандар іздеуді қарастырып жүрген жұмыс берушілерге қойылатын әкімшілік талаптар жойылып, шетелдік мамандарды тартқан жағдайда олар үшін кепілдік жарнасы төленетін болады. Жоғарыдағы талаптардың орнына жұмыс берушілер салық төлеуге міндетті.