19 Наурыз, 2011

Бір кісідей қолдауға шақырды

351 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Кәсіподақтар мен еңбекшілер Нұрсұлтан Назарбаевты қолдайды!» ұранымен форум өтті. Оған елдің барлық аймағынан экономиканың түрлі бағыттары мен әлеуметтік сала жұмысшылары атынан 300 делегат қатысты. Оларға алдымен президенттіктен үміткер Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек жолын кестелеген бейне-фильм көрсетілді. Онда кандидаттың елді экономикалық тығырықтан шығарып, халықтар достығын нығайтып, мемлекетті өсу мен өркендеу жолына түсіргені туралы шынайы ақпараттар берілген. Бұдан кейін форумды ашқан Қазақстан Кәсіподақтары феде­ра­циясының төрағасы Сиязбек Мұқашев Н.Назарбаевтың кә­сіп­одақ қозғалысын үнемі қол­дай­тынын атап өтті. Ол еліміз егемендік алғалы бері әлем мемлекеттерімен иық теңестіруге ұм­ты­лып, тұтастықты сақтап, іргелі ел болуымыз жолында ең­бектеніп келеді, деді. Осының бәрі ынтымақтастықтың, сарабдал саясаттың нәтижесі, сүттей ұйыған ел бірлігінің арқасы. Мем­лекетіміздің 20 жылдық та­рихында Нұрсұлтан Назарбаев отанының, халқының алдын­да­ғы қарызы мен парызын өтеудің жанқиярлық үлгісін көрсеткен біртуар азамат, ұлы көштің бас­тау­шысы, тұғыры биік тұлға. Кан­дидаттың бүгінгі күш-жі­гері, дербес мемлекет құрып, оны басқарудағы тәжірибесі жеткілікті. С.Мұқашев одан әрі Қазақ­стан еңбекшілері мемлекетті әрі қарай саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңғырту бойынша Нұрсұлтан Әбішұлының бағдар­ламалық мақсаттарын, оның 2020 жылға дейінгі кезеңге ар­нал­ған елді дамытудың стра­тегиялық жоспарын қолдайды, «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан хал­қына Жолдауын қуаттайды, құп­тайды, сонымен қатар, тұрғын үй, денсаулық сақтау, білім беру, т.б. негізгі құндылықтар еңбек ұжымдары мен кәсіподақ қыз­метінің әрі қарай дамуының қа­ғи­датты бағыттары болып табы­лады, деді. Форумда кен-металлургия, кө­мір өнеркәсібі, білім беру, денсаулық сақтау, темір жол, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ, қысқасы, ел экономикасының барлық салаларының өкілдері сөз сөйледі. Олар президенттікке кандидаттың әлеуметтік мемлекет құруға бағытталған елді дамытудағы стратегиясын қол­дайтынын білдірді. Қазақстан еңбекшілерінің форумы республика еңбекшілеріне, кәсіптік одақ мүшелеріне үндеу қабыл­дады. Сөйтіп, форум кәсіп­одақ­тардың барлық мүшелерін, ел еңбекшілерін алдағы сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтың канди­датурасын бір кісідей қолдауға шақырды. Александр ТАСБОЛАТОВ. Астана.