17 Қаңтар, 2017

Орал қаласының халқы 300 мыңға жуықтады

441 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Орал қаласының халқы 291 мыңға жетті, бұл алдыңғы жылғыдан 2,3 пайызға көп. Бұл туралы бүгін қоғамдық кеңес мүшелері алдында есеп берген қала әкімі Нариман Төреғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, қазіргі таңда қала халқы облыс тұрғындарының 46 пайызын құрайды. Соңғы бес жылда шаһар тұрғындары 31 мың адамға өсті. Ол негізінен ішкі көші-қонның және дүниеге келген нәрестелердің есебінен көбеюде. Мысалы, 2016 жылы 8388 сәбидің өмір есігін ашқаны тіркелді. Бұл 2015 жылғыдан (7582) 11 пайызға артық. Ал халықтың табиғи өсімі 5505 адамға көбейді. Бұл алдыңғы жылғыдан (4780) 16 пайызға артқан. Облыс орталығында әр салада ілгерілеушілік бар. Мысалы, 2016 жылы 115 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді, өсім - 15 пайыз. Осының 67 пайызы (76,5 млрд теңге) өңдеу өнеркәсібіне (өсім - 4 пайыз) тиесілі. Негізгі қаржыға қосылған инвестиция көлемі 43 млрд теңгеге жуықтап, алдыңғы жылғыдан 19 пайызға төмендегенімен, бұл республикалық бюджет трансферттерінің азаюына байланысты болып отыр. Есесіне жергілікті бюджет есебінен құйылған қаржы 15 пайызға ұлғайып, 5,3 млрд. теңгені құрады. Сол секілді банк несиелері мен басқа да қаражат есебінен келген инвестиция көлемі 2015 жылғы 3,4 млрд. теңгеден өткен жылы 4 млрд. теңгеге (өсім - 18 пайыз) жетті. Жеке инвестиция есебінен құны 4 млрд. астам теңге болатын 40 нысан іске қосылды. Әр саладағы табыс-жетістіктерге тоқталған шаһар басшысы Нариман Төреғалиев Елбасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына сәйкес құрылған қоғамдық кеңес мүшелерімен, жалпы қала тұрғындарымен бірлесе отырып, облыс орталығын одан әрі дамытудың маңыздылығын атап көрсетті. Жиында сондай-ақ Орал қалалық мәслихаты хатшысының, қоғамдық кеңес төрағасының және жергілікті полиция қызметі басшысының есептері де тыңдалып, тиісті қарар қабылданды.