17 қаңтарда әлем бойынша Өнертапқыш балалар ашқан жаңалықтар күні аталып өтіледі. Бұл туралы Bnews.kz жазады. Осы ретте қазақстандық жас өнертапқыштардың ашқан жаңалықтарын назарларыңызға ұсынамыз.
1. Диагностикаға арналған медициналық аппарат
2013 жылы Алматы қаласындағы дарынды балаларға арналған №10 мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы Хәкім Садуақас «ЛАМАБАТЭЛ» атты мобильді аппарат ойлап тапты. Медициналық құрылғы диагностика мен терапияда төрт түрлі қызмет атқарады: лазеротерапия, магнитотерапия, биологиялық белсенді нүктелерді табу мен электромассаж. Құрылғы электр қуатымен де, аккумулятормен де, қарапайым батареямен де жұмыс істейді.
2. Айды зерттеуге арналған зертхана
2013 жылы Қостанай облысы Новотроицк ауылының кішкентай тұрғыны Олег Лило "Ай" атты зертхана жасады. Сегіз жасар ғалымның айтуынша, Айдың бетіндегі жағдайды анық көруге болады. Құрылғының камерасы, лазері бар.
Олегтің жаңалығы Астанада өткен ғылыми-техникалық форумда "Аэроғарыштық техника, авиация және ғарыш ісі" номинациясы бойынша бірінші орын алды.
3. Зағиптарға арналған робот
Семей қаласындағы жетінші сынып оқушысы Виктор Хегай зағип адамдардың қозғалуына көмектесетін робот ойлап тапты. Роботтағы сенсор алдынан кедергі кездескенде иесіне белгілі бір дыбыс береді. Салмағы 200 граммдық бұл құрылғы киімге немесе бас киімнің алдына тағылады.
4. Электр қуатынсыз қуаттағыш
Қарағандылық оқушы Алдияр Божбанов тек қана бұлшық ет көмегімен жұмыс істейтін қуаттағыш құрылғы ойлап тапты.
5. Жасанды бал
Астаналық оныншы сынып оқушысы Темірлан Нәби жасанды бал ойлап тапты. Жасанды бал тұмауға қарсы ем және аллергия шығармайды. Оның құрамына су, қант, лимон қышқылы мен аздаған эфир майы кіреді. Ал дәмі жағынан ментолға ұқсайды.
6. "Ақылды" киіз үй
Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Қазбек Тоқтаров өзінің еңбегін ЭКСПО-2017 көрмесіне шығарады. "Ақылды" киіз үй күн батареясымен жұмыс істейді.