17 Қаңтар, 2017

Рұқсат рәсімдеуден облыс бюджетіне 151 млн теңге түсті

313 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жылдың 12 айында Көші-қон полициясы құрылымдарының қызметкерлерімен облыс аумағына келуші шетел азаматтарына бақылау жасау, көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктерді анықтау және оларды әкімшілік жауапкершіліктерге тарту бағытында біршама жұмыстар атқарылды.

Бұл туралы ҚазАқпарат ХАА тілшісі облыстық ІІД сілтеме жасап хабарлады.

Жалпы жыл басынан Қызылорда облысы аумағына түрлі мақсаттармен келген 31 528 шетел азаматтары уақытша тіркеуге алынды, оның  1 266 алыс шетелдерден, ал 30 262 ТМД елдерінен келгендер.

Облыс көлемінде заңсыз көші-қонға қарсы күресу мақсатында арнайы рейдтік іс-шаралар жүргізілді. Нәтижесінде көші-қон заңнамасын бұзған 5426 шетелдік анықталып, олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 160 ТМД елдерінің азаматтары республика аумағынан аластатылды.

Өзбекстан Республикасының 21 азаматына және Қытай халық республикасының бір азаматына қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 393-бабы бойынша, 2 азаматына Қылмыстық кодекстің 392-бабы бойынша, 8 ҚР азаматына Қылмыстық кодекстің 394-бабы бойынша қылмыстық істер қозғалды. Азаматтық процессуалдық кодексінің 382-бабы бойынша Өзбекстан Республикасының 21 азаматы анықталып, оның 7-еуі республика аумағынан шығарылды.

2016 жылдың 12 айында көші-қон полициясы бөліністерімен 15 млн. 681 мың 205,5 теңге айыппұл салынып, оның 15 млн. 060 мың 805,5 теңгесі өндірілді.

Бүгінгі таңда, облысқа көшіп келушілердің еңбегін заңдастыру және мемлекет пайдасына салық өндіруді арттыру мақсатында Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлескен жұмыстар атқарылуда.

Нәтижесінде өткен жылдың 12 айында 13 700 рұқсат беріліп, жергілікті бюджетке салық төлемі ретінде 151 млн 471 мың 816 теңге құйылды.