18 Қаңтар, 2017

Ертегіден келген өнер

502 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
IMG_2817Марқакөлдей сұлу өңір­де туып, суретші болмау мүмкін емес-ау. Бірақ, бала Қабды­рахманның балауса қиялын бау­рап, сурет өнеріне еліктіріп жетелеген бір құдірет қазақтың ертегілері мен батырлар жыры болыпты. Ауыл кітапханасы үйінің тап қасында. Жарты кітапхананы бір өзі тауысып оқыған шығар. Ертегі-жырларды басына жастап қойып оқиды. Көзіне елестетіп, кітаптағы суреттерге қарап Қобыланды мен Алпамыстың, Ер Төстік пен Керқұла атты Кен­дебайдың, тазша бала мен мыс­тан кемпірдің суреттерін салады. Тарихымызға деген аңсар құмар­лық, халқымыздың жан дүние­сіне, салт-дәстүріне деген зейін-ынта осылай бастау алған екен. Арман-аңсары Алматы көр­кемсурет училишесіне алып келген. Одан соң Ш.Айманов атын­дағы «Қазақфильм» киностудиясында суретші-муль­типликатор болып істеп, «Қаң­бақ шал», «Дастарқан», «Кіш­кентай өрмекші», тағы басқа мультфильмдерді жасауға қа­тыс­ты. Ал енді осы киностудия жолдама­сымен Мәскеуде ВГИК-тің кино суретшілері факультетінде оқыған жылдар өресін өрлетіп, санасын серпілте түсіп еді. Еліміз тәуелсіздік алған соң тарихи тақырыпқа жол ашылды. Осынау бос кеңістікті толтыруға Қ.Отарбай да құлшына кірісті. Қазақ тарихынан өз та­қырыбын тапты, қылқаламмен өзіндік кесек ойларын кестелей білді. Тарих қойнауынан, халық өмірінен маржан терген Қабдырахман картиналарының бояулары шыншыл да сыршыл, терең ойлы, жарқын мұңды болып келеді. Бүгінде аға буын суретшілер қатарындағы Қабдырахман Отар­бай туындыларының негізгі тақы­рыбы қазақ тарихымен үнде­сіп, сол тұма бұлақ көзінен суырт­пақтап сыр тартуымен тар­тымды. Мұны, әсіресе, оның «Тобылғы», «Түркі», «Қазақ хан­дығының шаңырақ көтеруі», «Ақбоз атты бұғалықтау» сияқты картиналарынан көріп, көзайым боларымыз анық. Ал суретші Қабдырахманның жазушылығы бөлек әңгіме. Жай жазушы емес, сатирик. Яғни, көзмергендігіне қоса, сөзмерген. «Замандасым Азанбек» карти­насының тағдырлы кейіпкерінің көзіндегі от осынау талант иесі­нің болмыс-сипатын танытып тұрғандай. Өнер зерттеуші Қабыл Халықұлы: «Суретші еңбек­терінде бояу, мағына, пішін және пластикалық ерекшеліктер бірегей шешім тапқан», десе, әділ баға осы. Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан» Керей хан мен Жәнібек ханның Қазақ хандығының шаңырағын көтеруі. 1465 ж. кен.май бояу. 165 х 190 см. (2)-1 натюрморт 2006 ж кен.м.бояу 60 х 70 см