18 Қаңтар, 2017

Бір жарым ғасыр тарихы бар

453 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
самовар-1Тайынша ауданының тұр­ғыны Анатолий Габченко бүгінгі ұрпаққа таңсық жәдігер болып көрінетін көне бұйымдар мен заттарды жинаумен жарты ғасырға жуық айналысып келеді. Ауласы мен гаражы осындай қымбат дүниелерге лық толы. Оның мұрағатынан әр кезеңде шығарылған әртүрлі маркалы көліктерді де кездестіруге болады. Олардың соңғысы 1974 жылы Шортанды қаласынан сатып алыныпты. Ең көнесі – 1944 жылы құрастырылған «Москвич». Ұсақ монеталар, тұрмыстық құрал-жабдықтар арасында 1872 жылғы самауыр өзіндік бітімімен ерекше көз тартады. Қария коллекция жинаумен ғана шектелмейді. Жарамсыз болып қалғандарын жөндеп алатын ісмерлігі де бар. – 6 автомобиль мен 2 мото­циклді қалпына келтірдім. Қазір соғыс кезінде мінілген «Газ-678» көлігін құрастырумен айналысып жатырмын. Біраз бөлшегі өзімде бар болатын. Қаңқасын Степняк қаласынан әкелдім. Бала кезімнен бергі қызығушылығым ғана емес, өмірімнің бір бөлшегі секілді. Лақтырып тастауға қимаймын. Басқаларға берейін десең, қадірін білмейтін сияқты, – дейді ол. Жыл сайын Жеңіс күні көне көліктердің шағын шеруін ұйым­дастыру – А.Габченконың бұл­жымас әдеті. Қарт коллек­ционердің арманы – көзі тірісінде ашық аспан астындағы мұражай заттарын мектеп секілді сенімді қолға тапсыру. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы