18 Қаңтар, 2017

Жаңа аурухана жұмысын бастады

464 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
IMG_3003Жаңа жылдың ақ таңы еліміздің батыс қақпасының тұрғындарына өз жақсылығы мен қуанышын ала келді. Яғни, биылғы қаңтар айының алғашқы күндерінде Оралда көп бейінді қалалық аурухана өз қызметін бастады. Осы арқылы Ақжайық аймағында тұрғындарға медициналық қызмет көрсету ісі жаңа сапалық деңгейге көтерілді деуге толық негіз бар. Сонымен бірге, қалалық мәртебені иеленген жаңа емдеу орнының ашылуы облыстық ауруханаға түсіп келген жүктемені әжептәуір азайтқаны да басы ашық ақиқат. Соңғы жылдары өңірде ден­саулық сақтау мекемелері кеңейе түсуде. Дегенмен, «бұл ән бұрыңғы әннен өзгерек» дегендей, жаңа көп бейінді аурухананың орны мүлдем бөлек десек артық айтқандық болмайды. Республикалық бюд­жеттің есебінен бой көтерген сәнді де сәулетті аурухананың пайдалануға берілуі Елбасы саясатының басым бағыттарының бірі – ұлт денсаулығына қамқор­лықтың басты бір көрінісі. Оның құрылысына және қазіргі заманғы медициналық құрал-жабдықтар  орнатуға 8 миллиард 300 миллион теңге қара­жат жұмсалған. Аталған меди­циналық қондырғылар Ресей­­дің және Германия мен Жапо­нияның жетекші фирмаларынан жеткі­зілген. Сыңғырлаған су жаңа ауруханада жүйке-инсульт орталығы, жалпы терапия, травматология, гинекология, кардиология, ота жасау және жан сақтау бөлімдері бар. Сонымен бірге, пульмонология, сәулелі диагностика және рентген кабинеттеріне де ең озық заманауи қондырғылар қойылған. Кірсе шыққысыз ғимарат сегіз негізгі және бес көмекші корпустардан тұрады. Көп бейінді қалалық ауруханаға бір мезгілде 300 адам орналасып, ем қабылдай алады. Мұндағы қызмет орындарының бәрі автоматты жүйеге қосылған. Жаңа клиника ұжымы толық жасақталған. Мұнда штат кестесі бойынша 140 дәрігер және 300-ден астам орта деңгейдегі медицина қызметкерлері өз қызмет­теріне кірісті. Тұтастай алғанда, бүгінде елімізде денсаулық сақтау саласындағы басты проб­ле­маларының бірі – дәрігер кадрлардың жетіспеуі десек қателеспейміз. Осындай кезде еліміздің батыс өңіріндегі жа­ңа қалалық ауруханада бұл мәселенің толық шешімін тапқа­ны тағы бір мерей. Мұнда өз қызметтерін бастаған дәрігерлердің денін шет­елдерде және респуб­лика­мыздың ең үздік клиникалары мен жоғары медициналық оқу орындарында тәжірибеден өткендер құрайды. Олардың арасында «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелдерде білім алған жас мамандар да бар деді газет тілшісіне Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Хами­долла Ирменов. Орал өңіріндегі көп бейінді қалалық аурухана мыңға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» ОРАЛ