18 Қаңтар, 2017

Жеткіншектерге арналған 7 таным­дық кітапша шықты

837 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
казынаҚалыңдығы қылыштың қырын­дай жұқа болса да, балалардың таным-түсі­нігін арттыруға таптырмайтын бір дүние қолымызға түсті. Жуырда «Ана тілім – алтын қазынам» жоба­сының аясында жеткіншектерге арналған таным­дық жеті кітапша жарыққа шықты. Жұқа болса да, жүгі жеңіл демес едік. Ортақ бір қаптамаға салынған жеті кітапшада жеті түрлі тақырыпқа қатысты сан қилы атаулар топтастырылған. Сөздік қоры шетелдік «мультиктер» арқылы «байып» жатқан балдырғандарға ұлттық таным-түсінігімізге қатысты түрлі атаулар ұсынылып, әрбір атауға қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қысқа-нұсқа анықтама берілген. Әр атау тілге жеңіл тақпақтармен, жаңылтпаш, жұм­бақтар арқылы суреттеліп, түрлі-түсті әсем фотосуреттермен безен­діріліпті. «Қазына» баспасының балдыр­ғандарға ұсынған қазынасына топтастырылған кітапшалар «Жануар­лар», «Құстар», «Балық­тар», «Жәндіктер», «Ағаштар», «Туыстар», «Менің денем» деп аталады. Әрқайсысында балалар түгілі, ересектердің өзі біле бер­мейтін деректер жетерлік. Мәселен, өзіміз түлкіні білсек те, оның төлі жаутаң екенін, ана­лығы жәутік деп аталатынын осы кітап­шаны парақтап отырып білдік. Елікке қатысты мәлімет: Қалқиған қос құлақты, Теңбіл түрі көрікті. Мекен жері бұлақты, Білемісің... (Елікті), – деген шағын тақпақ әрі жұмбақпен берілген. «Туыстар» деген кітапшадан ең қажетті деген қырыққа тарта туыстық атауларды түгендеп шықтық. Еліміздің түкпір-түк­пірінде өсетін ағаштардың түр-түрі тағы бір кітапшаға топтас­тырылған. Ерекше берік болады, Еменнен болса босағаң. Елімізде бар емес – Бір мың жылдай жасаған, – деген қарапайым төрт жолда да тәрбиелік мән жатқандай. Сөрелерде балаларға арналған кітаптар болғанымен, көбісіне көңіл толмайды. Орыс немесе ағылшын тілінен аударылған тақ­пақтар, ертегілер. Соңғы жыл­дары осы олқылықтың орнын толтыруға қадам жасалып, балғын оқырмандардың танымын кеңей­тетін, талғамын арттыратын дүние­лердің көбейіп келе жатқаны көңіл қуантады. «Қазынаның» балаларға арналған базарлығы да осындай пайдалы дүние болады деп үміттенеміз. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»