Алматының алдында қысқы Универсиада ойындарын Словакия елі қабылдағаны белгілі. Ал Алматыдағы жарыстарға келетін бұл елдің спорттық делегациясының құрамында 63 адам бар.
Словакия да студенттік сайыстағы кіл мықтыларын анықтау үшін қысқы спорт түрлерінен талай жарыс өткізген. Әдетте Словакия спортшылары хоккей, мәнерлеп сырғанау, биатлон, сноуборд, тау-шаңғысы спорты және шаңғы жарыстарынан мықты болып келеді. Елдегі спорттық инфрақұрылымның жақсы дамуы да бұған үлкен ықпал жасап отыр. Сонымен Словакия спортшылары тау шаңғысы спорты мен хоккейден жүлде алудан дәмелі.
Еске сала кетсек, Словакия 2015 жылғы 27-ші қысқы Универсиаданы өз жерінде қабылдаған болатын. Сол кезде FISU (Халықаралық студенттік спорт федерациясы) шешімі бойынша солтүстік бағдарлама және биатлон бойынша жарыстар Словакияның Штрбске-Плесо және Осрблье қалаларындағы қысқы спорт түрлеріне арналған орталықтарда өткізілді.
Словакия спортшылары хоккей және тау шаңғысы спортында жүлделі орындар үшін күресуді көздеп отыр. Осы елдің делегациясы фавориттер қатарында шаңғышы Матей Фалатаның есімін атайды. Матей Фалата 2015 жылғы қысқы Универсиаданың қола жүлдегері.
Сондай-ақ, Қазақстан жанкүйерлеріне Словакия құрамасының хоккейшісі Михаил Пихнарчиктің есімі де жақсы таныс. Қазіргі таңда ол Павлодардың «Ертіс» хоккей клубының қорғаушысы ретінде өнер көрсетіп жүр. Алда келе жатқан Универсиадада ол Словакия құрамасының сапында ойнайтын болады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ