18 Қаңтар, 2017

Үш жылда 3-орынға қол жеткізді

357 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Маңғыстауда көкпар ойынын дамытудың қолға алынғаны­на көп болған жоқ. Небары 3 жылдан астам уақыт ішінде өңір көкпаршылары жақсы жетістіктерге қол жеткізіп үлгерді, олар ел чемпионатында үздік үштікке енді. Олардың арасынан 4 көкпаршы ЭКСПО-2017 көрмесінде өтетін халықаралық турнирге қатысып, ұлттық өнерді әлем елдері алдында таныту үшін қызу дайындық үстінде. Маңғыстауда осыдан 3 жыл бұрын құрылған облыстық ұлттық спорт түрлері клубында көкпардан басқа бәйге, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, қыз қуу, құсбегілік, саятшылық секілді ұлттық спорт түрлерін дамыту қолға алынған. Ауыл балаларын спортқа баулу және ұлттық спорт түрлерін көтеру мақсатында құрылған клуб­қа тартылған 240 балаға 14 жат­тық­тырушы тәлім береді. Мұнда балалар атқа мініп үйреніп, ат баптаудың қыр-сырына қанығады. ЭКСПО-2017 көрмесінен соң Маңғыстауда ұлттық спорт клубының аясы кеңейтіліп, барлық ұлттық спорт түрлерін қамтитын орталық ашу жобасы жасалуда. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы