С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасында санаулы күндерден кейін Алматыда жалауын желбірететін Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға байланысты арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрме Алатау баурайындағы аламан аяқталғанша жалғасады.
Кітапхананың кітап қорын сақтау бөлімінің басшысы Марина Гончарованың айтуынша, көрмеге Универсиада бағдарламасына енген қысқы спорттың 12 түріне арналған 200-ден астам кітап қойылған. Сондай-ақ, қазақ спорты жайлы қалам тербеген Несіп Жүнісбайұлы, Рысбек Қыдырбек, Анатөлі Құлназаров, Темірхан Досмұхамбетов секілді авторлардың кітаптары көпшілік назарына ұсынылды. Мұнда қазақ спортының тарихымен, жетістіктерімен танысуға болады.
– Көрмені 2017 жылдың басты спорттық бәсекелерінің бірі – қысқы Универсиадаға орай арнайы ұйымдастырдық. Бәлкім, бұл көрме оны тамашалай келген оқушылар мен студенттердің қысқы спорт түрлеріне деген қызығушылығын арттыратын шығар. Бастысы, олар Универсиада, қазақ спорты жайлы мол мағлұмат ала алады. Біздің мақсат – өз жерімізде өтетін жаһандық жарыстың насихатталуына үнқосу, – дейді М.Гончарова.
Көрменің ашылу салтанатына мектеп оқушылары мен студенттер, кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты.
– Алматыда өтетін қысқы Универсиада Қазақстанды әлемге жаңа қырынан танытады. Сондықтан, ауқымды спорттық шараға атсалысу – баршаға ортақ міндет. Біз студенттер ойынында ел намысын қорғайтын отандастарымызға жанкүйер болып, қолдау көрсететін боламыз. Біздің спортшылар жоғары нәтижеге қол жеткізеді деген сенімдеміз, – дейді Павлодар қаласындағы №7 орта мектептің 9-сынып оқушысы Тоғжан Байдүйсен.
Естеріңізге сала кетейік, Алматыдағы қысқы Универсиадаға Павлодар облысынан 10 спортшы қатысады. Олар спорттың үш түрі бойынша сынға түседі.
Фархат ӘМІРЕНОВ
ПАВЛОДАР