Кеше Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Италияның Қазақстандағы елшілігі және «LATTANZIO Group» консалтингтік компаниясы бірлесіп, «II Buon Governo» (Тиімді үкімет) грантын алу үшін Қазақстан жастары арасында елімізде жүргізіліп жатқан қазіргі реформаларға арналған үздік зерттеу жұмыстарын жазуға конкурс өткізілетіндігін жария етті.
Аталған грант жастардың ізденісін ынталандырып, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге мұрындық болмақ. Әсіресе, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 1 және 5-қадамдарын іс жүзіне асыруға мүмкіндік беретіні аталды. Бас грант: айына 800 еуро төленетін 6 айлық зерттеу жұмыстары, соның ішінде бір айын Италияның үздік сараптамалық-талдау орталығында өткізу көзделсе, оның қаржыландырылуын «LATTANZIO Group» компаниясы өз мойнына алады. Ұсынылған жұмыстар арасынан 6 үздік деп танылғандары ғана таңдалып алынатындығын айта кеткен жөн.
Президент жанындағы Рақымшылық мәселелері жөніндегі комиссияның төрайымы Зинаида Федотова өз сөзінде мемлекеттік қызметке жаңа талантты жастарды тарту мәселесі өткір тұрғандығын сөз ете келіп, жеке секторларда және шет елдердегі ұйымдарда жұмыс істейтін еліміздің жас азаматтарын кеңінен тарту керектігіне назар аудартты. Кейбір қызметтерге шетелдік менеджерлер тартылуы мүмкіндігі де аталмай қалған жоқ. Сондықтан да жас ғалымдарға қазіргі мемлекеттік басқару жүйесіндегі тиімділікті зерттеуде көптеген бағыттар барлығы да қаперге салынды.
Академияның оқу жұмысы және ақпараттық технологиялар жөніндегі вице-ректоры Альтаир Ахметов қазақстандық жастарды аталған жобаға белсенді қатысуға шақырды. Бұл мемлекеттік аппаратты жетілдіріп, соның арқасында елімізді дамытуда айрықша маңызды екендігін алға тартты.
Осындай байқаулардың соңғы жылдары Италияда өткізіліп келе жатқандығын тілге тиек ете кеткен «LATTANZIO Group» компаниясының басшысы Базилио Буффони Қазақстанда грантқа конкурс өткізу бірінші рет екендігін және келесі жылдарда оны жалғастыруға мүмкіндік барын жеткізді. Тағы бір белгілісі, әлемнің көптеген елдерімен және халықаралық ұйымдармен тығыз байланыстар орнатқан компания Орталық Азия елдерімен ынтымақтастыққа ынталы екендіктерін аңғартып отыр. Сондықтан да Қазақстанда өз офистерін ашуды көздейді.
Вице-ректор Альтаир Ахметов сөз реті келгенде шешім қабылдауға азаматтарды кеңінен жұмылдыру жағын айта келіп, білім ордасының сараптамалық-талдау орталығы ретінде ізденуші жастардың жаңа идеяларын жүзеге асыру және грант беру жолымен жас ғалымдардың әлеуетін арттыру арқылы мемлекеттік органдарды жаңа бастамалармен, ұсыныстармен және ғылыми жобалармен жабдықтап отыру көзделгендігін алға тартты. Италияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Стефано Раваньян да өз еліндегі осыдан жиырма жыл бұрын өткізілген реформалардың барысынан хабардар ете кетті. Ұсынылған жұмыстар арасынан 6 үздік жұмыс таңдалып алынады деп күтілуде.
Таңдап алынатын жұмыстар үстіміздегі жылдың 20 наурызында өтетін салтанатты рәсім кезінде таныстырылатын болады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»