Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне мемлекет және қоғам қайраткері Бәйкен Әшімовтің құнды құжаттары келіп түсті.
Жеке тұлғалардың, соның ішінде жауапты қызметтерді атқара отырып, Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтардың өмірбаянынсыз мемлекет тарихы толықпайды. Сондықтан Президент Архивінде қорлардың белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің құжаттарымен толығуына ерекше мән беріледі. Қазіргі уақытта Архивте 85 жеке тектік қор бар.
Жеке қорлар кеңестік дәуірдегі және қазіргі заманғы саяси элита өкілдерінің қызметі мен өмір тарихын және олардың Қазақстанның дамуына қосқан үлесін көрсететін теңдессіз жинақ көздері болып табылады. Жақында Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бәйкен Әшімұлы Әшімовтің (1917-2010 ж.ж.) жеке қорымен толықты. Архивке қор құжаттарын оның ұлы Оңдасын Бәйкенұлы Әшімов тапсырды.
Бәйкен Әшімұлы Әшімов (1917-2010 жж.) – Ақмола облысында туған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, 1970 жылдан 1984 жылға дейін Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Бәйкен Әшімұлының келесі тағайындаулары депутаттық қызметпен байланысты: Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы (1984-1985 жж.), КСРО Жоғарғы Кеңесі депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары (1984-1985жж.) болып қызмет етті.
Бәйкен Әшімұлының Ұлы Отан соғысына қатысқан жылдарын атап өткеніміз жөн болар.Ол 1942-1945 жылдары 370-ші атқыштар дивизиясында, 76-шы Қызыл туын атқыштар дивизиясында әскер қатарында әскери борышын өтеді. Сандаған сұрапыл шайқастарды басынан өткерді.
Архивке тапсырылған құжаттардың арасында Ұлы Отан соғысы кезінде Кеңес Одағы Қарулы күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысы
И.Сталиннің атынан берілген алғыс хаттар, Ковель қаласын және Варшава маңындағы Прага бекінісін азат етудегі үздік жауынгерлік қимылдары үшін жауынгерлік наградаға берілген марапаттау кітапшасы құнды болып табылады.
Қабылданған құжаттардың ауқымды бөлігінде Б.Әшімовтің қызметтік өмірін бейнелейтін құжаттар топтамасы жиналған, олардың ішінде баяндамалар, сөйлеген сөздерінің, мақалаларының қолжазбасы, еңбек қызметі, 1977 жылы Социалистік Еңбек ері құрметті атағын беру туралы, құттықтау хаттар және басқалары бар.
Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері туралы өмірбаяндық зерттеулерге арналған дереккөздер базасы жылдан-жылға аса құнды құжаттармен толықтырылып келеді. сонда жинақталған мәліметтер зерттеушілерге мемлекет тарихымен қатар, мемлекет және қоғам қайраткері Бәйкен Әшімұлы Әшімов сияқты белгілі тұлғалардың өмір жолдарымен танысуға мүмкіндік береді.
Шәмсия ТӨЛЕУОВА,
Қазақстан Республикасы
Президенті Архивінің бас сарапшысы
АЛМАТЫ