18 Қаңтар, 2017

Абай орталығы қамқорлықсыз қалды

458 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Көзінің тірісінде «мыңмен жалғыз алысқан» Абайдың рухы бүгінде миллиондармен шарпысып әлек. Тарқатып айтсақ, алты жыл бұрын Алмахан Мұхаметқалиқызы Арқаның төсіндегі Астана қаласынан Абайтану орталығын ашқан. Сүйіншілі хабарды жарыса жазғанымыз көп оқырманның есінде. Қазақстан-Ресей университетінің ішінен ірге қалаған музей жұмысы ә дегеннен жанданып сала берді. Абайға жанашыр, ұлттың ертеңін ойлаған әр өңірдегі азаматтар қолдарындағы барымен бөлісті, экспонаттарын ұсынды, кітаптарын тарту етті. Аз уақыттың ішінде қос бөлмелі музей үш мыңға жуық құнды дүниелермен, тарихи жәдігерлермен, деректі фильмдер таспаларымен толықты.  

Ел мен жерді танытқан экспедиция

Алмахан байыппен бастаған ісін мұнымен шектеген жоқ. Өзге әріптестерімен ынтымақтастықта жұмыс істеп, іргелі шаруалар атқар­ды. «Абай нұры» атты дарын­ды жастардың клубын ашып, оқушы­лар мен студенттерді өнер­ге бау­лыды. Әсіресе, Абайтану ғылы­ми-танымдық орталығы ұйым­дас­тыр­ған «Ұлылар мекеніне сая­хат» экспедициясы елордалық және өзге өңірлік екі жүзге тарта зия­лы қауымды, тіл жанашырларын, қоғам белсенділерін, өнерлі жас­тар­ды керемет құндылық­тарға қанық­тырды. Бас шаһардан шы­ғыс­қа бет түзеген автобус Ер­тіс­­тің жағасындағы Кереку елін басып өтіп, Семейге табан тірей­тін. Алашшылдардың қала­сын­да ат шалдырған олар ары қарай Жидел­іге жол тартатын еді. Шың­ғыс­тау­дың бөктерін жағалай, Абай­дың қыстағына қонақ болса, сәл ілгерідегі Мұхтарды дүниеге әкел­ген Бөрілі топырағына тәу ете­тін. Бұл сапардан Еңлік пен Кебек­тің махаббатына куә болған, қос мұң­лықтың көз жасы сіңген сай да, «Қорғансыздың күні» оқиғасындағы Ғазизаның зарлы үнін жұтқан қайран дала да тыс қалмады. Абай мен Әйгерімді табыстырған орта шоқы да жол-жөне­кей көкірекке әлдебір сағы­ныш­ты құя салатын... Абайтану орталығының дирек­­торы республикалық «Астана ақшамы» газетінен «Абай нұры» ай­дарын ашып, ақы­н­ға қатысты көп­теген дерек­терді ұсын­ғанын көп­ші­лік біледі. Орта­лық­та өткен дөң­гелек үстел отырыс­тары, мәжі­ліс­тер, семи­нарлар ел аға­ларының аузы­­­нан руханияттағы талай түйт­­кіл­ді айт­қызса, ұстаздарға «Абай­тану» пәнінен дәріс оқуға рұқсат беретін сертификаттар табыс­тады. «Абай биігі – ұлт биігі», «Әнді сүйсең, менше сүй» бағдар­ла­ма­лары қолға алынды. Бұл жұмыс­тар­дың барлығы ешқандай тапсы­рыс­­сыз, тек ұлт абызына деген жана­­шыр­лықпен іске асқанын еске саламыз.  

Төрт жылмен шектелген тарих

Сәл кейінге шегінейікші, шын­дығында Абай орталығын ашу заңғар жазушы Мұхтар Әуезов­тің арманы еді. Оның ұйым­дас­тыруымен 1942 жылы ақынның әдеби мұрасын зерттеу басталды. Тәп-тәуір жолға қойылған жұмыс әлдекімдерге ұнамаса керек, Қазақстан компартиясы орта­лық комитетінің 1947 жылғы идео­логиялық қаулысынан кейін, орта­лық есігіне қара құлып салынды. Одан кейін, 1987-1998 жылдары Абайтану ғылымы өрісін еркін кеңейтуге мүмкіндік алған. Сол тұста М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры болған білікті ғалым Шериаздан Елеукенов ұлы ақын мұрасын зерттеу ісіне баса назар аударып, қазақ әдебиетінің тарихы бөлімін Абайтану және қазақ әдебиеті тари­хы бөлімі деп қайта ашқан. Өнімді еңбек ете бастаған ұжымның зерттеу жұмыстары қарқын алғаны сол еді, төрт жылдың шамасында қаржы мәселесіне байланысты тоқырап тынды. Алмахан ашқан Астанадағы Абайтану орталығы да төрт аяғын тең басар шағында – төрт жыл ғана ғұмыр кешіп, тоқтады да қалды. Соңғы өкініштің себебі көп. Бастысы, орталық пана тапқан Қазақстан-Ресей университеті жабылды. Ал қарашаңырақтың қасиетін арқалап қалған Алмахан Мұхаметқалиқызы осы жылдар ішінде жинаған аса құнды жәді­герлерін қоярға жер таппай табанынан тозып жүр. Жоғарыдағы үш оқиға Абайды тануға арналған жобаның жекелеген мекемелердің меншігінде емес, мемлекеттің қанатының астында болу керектігін айқын аңғартты.  

Ақыннан ештеңе аямасақ еді...

Өзгені жарылқауға шеберміз. Астанадағы белді оқу орны саналатын Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ішінде Конфуций институты бар екен. Жеке кітапханасы мен киноклубы жұмыс істейді. Қызметтерінің бірсыпырасына ғана көз жүгіртіп көріңіз: қытай тілінің түрлі курстарын ашу, қытай тілі мұғалімдерін дайындауға көмек көрсету, қытай тілі мен мәдениетіне байланысты әр түрлі жарыстар мен ғылыми жұмыстар, мәдениетіне қатысты шаралар ұйымдастыру. Қытай ғұламасы біздің насихатымызға зәру ме? Өкініштісі, өзгеге құштарлығымыз мұнымен шектелмейді. Ал Абайға келгенде, жүрегіміз жібімейді. Белсенділері мен зиялылары көп елімізде «Абайтану орталығына жөні түзу баспана керек» деп сабы­лып жүрген азаматтар санау­лы-ақ. Күні кеше ақын мұраларын зерттеп жүрген ғалым Мекемтас Мырзахметұлымен әңгімемізде осы мәселе кеңінен сөз болды. Оның айтуынша, орталыққа арналған мекеме тұрғызу үшін әу баста Астанадан жер бөлінген. Алайда, істің арты сиырқұйымшақтанып бара жатқан көрінеді. Басқасын жарытпасақ та, Абайдан ештеңе аямасақ еді. Амал нешік?.. Қазақтың бас шаһарында қазақ­тың бас ақынын насихаттай­тын бір институттың болмауы, расын­да арымызға сын, ұлттығы­мыздан ұят. Ұлы ақынның шы­ғар­ма­­лары әлемнің 116 тілі­не ауда­рыл­ды, кітап болып басылды. Түр­кия, Гер­мания, Ресей, Қытай, Корея сын­ды мемлекет­терде Абай атын­да­ғы көшелер, орта­лық­тар және ескерт­кіштер бар. Мақта­намыз-ау! Ен­деше, неге өз астана­мыз­дан ұлт­арақ­тай жер бөлмеске?! Еңселі ғима­рат­ты тұрғызып, іргелі істерді жасай­тын­дар ел ішінен-ақ табылар еді. Айтпақшы, биыл елордада өтетін ЭКСПО-2017 халықара­лық көрмесі өтеді. Бес миллион қонақ келетін маңызы биік шара­да қазақтың бары мен нарын ұсынбақпыз. Сонда алып Абайы­мыздың тас мүсінінен басқасы – құны өлшеусіз мұралары тасада қалмақ па? Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»