18 Қаңтар, 2017

Түркиядағы түнгі клубта оқ атқан терроршы кім?

335 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жыл басында Түркияның Ыстанбұл қаласындағы түнгі клубтардың бірінде оқ атып, 69 адамды жарақаттады және 39 бейкүнә адамды өлтірді деген күдікпен Абдулқадыр Машарипов ұсталды.  Бейресми мәліметтерге сүйенсек, күдікті Өзбекстанның тумасы көрінеді. Орыс, қытай, өзбек және араб тілдерін мең­гер­ген ол Түркияға  Иран ар­­қылы өткен сияқты. Әбу Мұхаммед әл-Хорасани лақап аты­мен танымал күдікті бұ­ған дейін Ауғанстанда болып, дайын­дықтан өтіпті. 15 жел­то­қ­сан күні шекарадан өт­кен оның азаматтық некедегі әйелі­нен екі баласы бар екен. Бұл ту­ралы Ыстанбұл әкімі Васип Шахин мәлімдеді. Васип Шахиннің айтуынша, күдікті қазір өзінің қанқұйлы әрекетін толық мойындаған. Қаланың Есенжұрт ауданы­н­дағы үйлердің бірінде жа­сырынған оның қасында тағы бір Ирак азаматы (кей деректерде Қырғызстан тумасы) мен үш әйел адам болған. Олар Сенегал, Мысыр және Сомали тумалары болып шықты. Үшеуі Түркияға «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымына мүше болу үшін келген. Ұйымдағы бұлардың міндеті лаңкестерге керек-жарақты дүкеннен сатып алып, тиісті жерге беріп жіберу болған екен. Бұлардан бөлек, жалпы, осы қылмысқа қатысты 50 шақты адам ұсталғаны ертеректе хабарланған еді. Қанды қырғынды бір­ден «Ис­лам мемлекеті» террор­лық ұйымы өз мойнына ал­­ды. Террорлық ұйым мұн­дай қадамға Сириядағы саяси тұ­рақ­сыздық үшін барып отыр­ға­нын мәлімдеді. Тәртіп сақшыларының 16 күн бойы іздеген күдіктілерді ұстауда көшедегі бақылау ка­мераларының септігі көп ти­ген көрінеді. Ыстанбұл қа­лалық тәртіп сақшылары өкіл­дерінің мәліметіне сүй­енсек, түнгі клубта оқ ат­қан­нан кейін қашып шыққан күдікті Есенжұрт ауданында алдын-ала дайындалған пәтерге барып тығылу үшін  сегіз такси ауыстырып мінген. Күдіктінің қолынан қа­за тап­­қандардың арасында Израиль, Франция, Тунис, Ливия, Үндістан, Бельгия, Иордания, Канада, Ирак пен Сауд Арабиясының азаматтары болған. Жалпы, түнгі клубта оқ ату кезінде 700 адам болса, көбі шетелдіктер көрінеді. Қаладағы ең қымбат деген түнгі клубтардың бірі саналатын «Рейна» клубы негізінен шет­елдіктердің келетін орны саналады. Оқи­ға­дан сәл ертерек, өткен жыл­дың 10 жел­тоқ­санында Ыстанбұлдың Водафон аренасын­да 44 адам­­­ның өмірін қиған те­р­рор­­­лық әре­кеттен кейін Рей­на клу­бының әкімшілігі фейс­буктегі парақшасында қаза тап­қан азаматтардың жа­қын­да­рына көңіл айтқан жазба қалдырған екен. 31 желтоқсан күні болған террорлық әрекеттен кейін түнгі клубтың иесі Мехмет Коджарсланның тәртіп сақ­шылары тарапынан жауап­қа тартылмағанына наразы болған көпшілік оны да жауап­қа тартуды талап еткен болатын. Өйткені, 10 жел­тоқ­­сандағы оқиғадан кейін қаладағы көп­ші­лік орындар қауіпсіздікті кү­шейткен. Ал Рейна түнгі клуб­ының әкім­­шілігі көп уақыт өтпей қайтадан қалыпты жұмыс тәртібіне көшкен. Халықтың талабы бойынша 4 қаңтар күні клуб қожайынын жауапқа тартқан жергілікті полиция кейін оны босатқан көрінеді. Ыстанбұл полициясы қа­зір күдік­ті­ Абдулқадыр Маша­риповке қатысты тергеу ша­раларын жү­р­гізіп жатыр. Бауыржан МҰҚАНОВ, «Егемен Қазақстан»