18 Қаңтар, 2017

Елге сыйлы асыл азамат

1565 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
20170111_112613Халқымызда «Ел үмітін ер ақтар, ер сенімін ел сақтар» деген қанатты сөз бар. Осы орайда өнегелі ісімен көпшіліктің құрметіне бөленіп жүрген ардақты азамат Клим ҒҰБАШЕВ ағамызбен әңгімелесудің сәті түсті. Еліне елеулі, жұртына қалаулы Клим Бақтығұлұлы бүгінде мерейлі 70 жастың белесіне көтерілейін деп отыр. Ол кісі өмірінің айтулы кезеңінде жеткен жетістіктері туралы былайша сыр шертеді. – Әр елде, әр жерде жалпақ жұрт, қалың қауымның ардақ тұтып, құрмет көрсететін өнегелі ортасы, шыққан тегі болады. Клим аға әңгімені ең алдымен өз әулетіңіздің шежіресінен бастасаңыз? – Иә, дұрыс айтасыз, ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр жеті ата сабақтастығы. Қай елде, қай жерде жүрсек те бұл ғұрып, әрине, сақталады. Қысқаша тоқталар болсам, Ресейдегі Астрахань облысының Володар ауда­­нында Қызылқұрт руының біраз өкілдері тұрады. Солардың Ершіден өрбитіндерінің көбі Сахмаға ХІХ ғасырдың 30-40 жылдары Бөкейліктен, дәлдеп айтсақ, Бесшоқының Жиде­лісінен көшкен екен. Сол қоныс аудару ХХ ғасырдың 20-30 жылдарына дейін жалғасқан. Менің төлқұжатымда туған жерім деп Батыс Қазақстан облысының Азғыр ауданы көрсетілген. Мұның өзі менің өрбіген Жақау атамыздың тармағының да сол Жиделіден өкше көтергендігін дәлелдейді. Ал тұтас рулық жүйемен ататекті тізбелесем, Қызылқұрттан Соба, одан Жарбол, Жарболдан Бекей, Бекей­ден Сасай, Сасайдан Жақау. Жақаудың өзінен төрт ұл өрбиді. Олар – Жиенбай, Ағып, Өтпе, Барлыбай. Осындай аталардың ұрпағымын. Жақау ұрпақтары негізінен Астрахань облысында тамыр жайса керек. Арғы-бергі тегімізге, тарихымызға зер салсақ, ата-бабаларымыз кеңдіктен кем болмапты. Қырық құбылған дүниенің толқыған көлін де, құйын үйірген желін де көріпті. Бірақ, қырмызы қызығы, жияр дәулеті азаймапты. – Енді өзіңіздің туып-өскен жеріңіз бен өмір жолыңыз жайлы айтып өтсеңіз? – Мен 1947 жылдың 28 қаңтарында Астрахань облысының Зеленгі ауда­нындағы (қазіргі Володар) Сахма селосында дүниеге келдім. Сахма аты тарихта халқымыздың даңқты домбырашысы, күйші-композитор Құрманғазы Сағырбайұлының есімімен тығыз байланысты. Себебі, осы ауылда бір кездері Құрманғазының Жиделіден қоныс аударған күйеудегі қарындасы Зылиха тұрған. Елдегі бай-манап, ұрда-жық биліктен бой тасалаған күйші өмірінің соңында Мақаш әкімнің қолдауымен қарындасы, басқа да ағайын-туыс, ауыл­­дастарын сағалап, осы өңірде аз ғана жыл бақуатты өмір сүреді. Бақиға аттанғанда сүйегі ауылдың шығыс бетін­дегі көрінім жер – кейінгі Шайтани төбеге (Алтынжар) қойылады. 1954 жылы Сахмадағы мектеп жабылып, ата-анамның қызмет бабына байланысты осы ауданның Сизой Бугор селосына қоныс аударып, осы жерде мектеп табалдырығын аттадым. Әкем Бақтығұл өмір бойы мектепте математика пәнінен сабақ берген ұлағатты ұстаз, Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Ресей Федерациясының еңбек сіңірген мұғалімі атағына ие болған. 2010 жылы әкем Бақтығұл марқұм­ның туғанына жүз жыл толғанда әке­мізге ғасыр жастығына арнап ас бердік. Сондағы асқа шақыру қағазында да: Өмір жолы саналы бір басына, Бұл күнде жатқанымен қыр басында. Тірі болса жасар ек үлкен тойын, Жүзге келген ғасырдың құрдасына.   Ағайын еске алсын деп, көзін көрген, Біз үшін де келетін кемеңгермен. Нұруақыт, Әнес еді шәкірттері, Соларға әкей марқұм дәріс берген.   Көре қалған әкемізді, уа, халайық, Дұға етейік ұстазға, болсын лайық. Біз білетін келіңдер, ағайындар, Жиналып, сол кісіні еске алайық, деп жазылған еді. Ал анамыз Бадырхаят Закирова болса, ол да сол Батыс Қазақстан облы­сының Казталовка ауданында дүниеге келген, тірісінде ел сыйлап өтті. Бірақ ғұмыры қысқа болды, бар-жоғы 39 жасында өмірден озды. Дүниеге 7 бала әкелген, үшеуі жастай шетінеген. Бұдан әрі әкеміз екінші рет Нағимаш Рахымқызы Қиялиеваға үйленді. Бір ерекшелігі, ол кісі әйгілі күйші Дина Нұрпейісованың Ұлы Отан соғысында қайтыс болған ұлы Қожахметтің бұрынғы жұбайы еді. Ал атамыз Қапан ибни Ғаббас пен әжеміз Зүлфия ұрпақтың алтын қазығы десем артық айтпағаным. Әкесі Біләл бармағынан бал тамған нағыз шебердің өзі болса керек. Әйтеуір бір жұқпалы аурудан тым ерте қайтыс болады да, 15-16 жастағы Құбаш бастаған 6 бала тұлдыр жетім қалады. Бұл хабар сол кездегі губерниядағы басшылар құлағына жетіп, дәрігерлер ұсынысымен Қапанға қарасты бар мал-мүліктің көзін құрту, яғни өртеу және балаларды түгелдей жетімдер үйіне өткізу талабын қояды. Бірақ бұл кезде Қапанның әкесі Бекмағамбет тірі болады. Шамасы көзі ашық, көңілі ояу, ортасында орны бар қария болса керек. Соған сай құзырлы орындармен өзі сөйлесіп, індеттің алдын алатындығын, ем-дом жасайтындығына сендіреді, балаларды еш жаққа жібермей алып қалады, өсіріп, өндіреді. Артынша Құбашқа өздеріне жиен әлдебір жамағайынның қызын алып беріп, шаңырақтың туын жықпайды. Сөйтіп, Қапаннан қалған немерелері Құбаш, Мұхит, Мүлік, Арон, Хайша және Әмірдің қаз тұрып, үлкен өмірдің алтын діңгегін құлатпай, ұстап қалуларына мүмкіндік жасайды. (170)– «Биікке қалықтап қыран да шығады» деген нақыл сөз бар. Клим аға, сіздің өз еңбегіңізбен өрге шығуы­ңыз, өрлеуіңіз, елге елеулі, халыққа қалаулы болуыңыз кейінгі буынға тағы­лымды өнеге. Осы өміріңіздің әр белесі туралы не дейсіз? – Дүние есігін ашқан әр адамның өмір жолы ешкімге ұқсамайды. Сол өзім туып-өскен Астрахань облысының Зеленгі ауданындағы (қазіргі Володар) 1964 жылы Сизой Бугордағы орта мектепті ерекше аттестатпен бітіріп, Харьковтың авиация институтына түстім. Бір қарағанда, оның да жөні бар еді. 1961 жылы Кеңес Одағында бірінші болып ғарыш кеңістігін айналып шыққан Ю.А.Гагариннің ерлігі сол кездегі барлық бала, жасөспірімдерге өнеге болды. Соған сай мектеп бітіруші түлектердің қай-қайсысы да бағын ұшқыштықпен байланыстыруға талаптанды. Бірақ өкінішке орай, ондай оқу орнына түсушілер қатары тіптен аз еді. Өйткені, оқуға қабылдау талабы тіптен жоғары. Осы ретте Харьков авиация институтының қадір-қасиет, беделі тіптен ерекше. Оның үстіне Харьков бір кездегі Украинаның астанасы, 1 миллионнан астам халқы бар. Сол кездің өзінде қалада 22 жоғары оқу орны болды. Осындай себептермен аталған қалада оқудың өзі де зор мәртебе. Аталған оқу орнына құжат тапсыр­ғанда бір орынға 12 үміткерден келіп, жалғыз қазақ болып конкурстан өттім. Міне, осы кезде әкемнен де хат келді. Ол таза қазақ тілінде жазыпты. Әрине, әкем, өзі де Ресей жерінде оқыды. Елі де Ресей, оқыған мектебі, айналасындағы достары, көрші-көлемінің көбі орыс. Соған сай әжептәуір қазақша білге­німмен, орыс тіліне икемдігім басы­мырақ еді. Бірақ әкенің хатын үлкен бір сағыныш, зор мақтанышпен оқып шықтым. Әкем хат соңына «Балам, мен саған хатты өзіңнің ана тіліңде жаздым, түсіне алдың ба? Егер түсінбесең, жаныңа жақындау орыс тілінде жазайын. Саған қолайлысы қайсы?» деген еді. Еш ойланбастан «Тек қана қазақ тілінде жазыңыз, мен соған ризамын» деген ұсыныс білдірдім. 1970 жылы оқу орнын бітірген соң жолдамамен Тбилиси авиация зауытына бардым, 1976 жылға дейін аталған ұжымда еңбек еттім. 1971 жылы грузин қызы Любовь Владимировна Киласониямен тағдыр қосып, шаңырақ көтердік. 1972 жылы алғашқы ұлымыз Владимир дүниеге келді. 1972-1974 жылдары сол Тбилисиге жақын Вазияни қаласында КСРО әскери-әуе күштерінде қызмет етіп, әскери шенім кіші лейтенанттан аға лейтенантқа дейін өсті. Әскери қызмет және тікелей әуе күштері болғаннан соң тәртіп өте қатал және жауапкершіліктің аса жоғары болатыны белгілі. 1973 жылы әскери кезекшілікте тұрғанымда кезекті дабылға сай капитан Геннадий Елисеевті арнаулы ұшақпен аспанға көтеріп, америкалық Ғ17 ұшағын жойғаны әлі есімде. Ұшқышқа осы ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Бұл ерлік мен үшін де екі түрлі мәнімен ерекше болатын. Біріншісі – оқиғаның менің кезекшілігімде болуы, екіншісі – аталған дыбыстан да жоғары жылдамдықтағы ұшақтың сызбасын сызуға және оны жасауға қатысқандығым. Бұл оқиғаны ешуақытта ұмытпаймын және әрдайым есте ұстаймын. 1976 жылы КСРО Авиация өнеркәсібі министрлігінің жолдамасымен Гурьевте ашылғалы жатқан Башқұртстанның Көміртау тікұшақ зауытының филиалына цех бастығы болып тағайындалдым. Артынан өндіріс бастығы, төрт жылдан соң зауыттың бас инженері қызметтерін атқардым. Осында 14 жыл еңбек еткен соң партиялық қызметке ауысып, облыстық әкімдікте алғашында бас маман, одан соң өндірістік-эконо­микалық басқарманың отын-энергетика кешенінің бөлім бастығы қызметтерінде болдым. 1989-1999 жылдар аралығында әкім­дікте қызмет атқардым. 1993-1999 жыл­дары Атырау облысының әкімі Равиль Шырдабаев деген азамат болды. Нағыз мықты халықтың қалау­лысы болған білікті басшы еді. 1992-1994 жылдары облыстық халық шаруа­шы­лығы жедел басқару жөніндегі депар­тамент директоры қызметін де атқардым. Сайып келгенде, бұл тәуелсіз Қазақстан үшін аса бір қиын жылдар еді. Шаруашылықтар қожырады, өндіріс шатқаяқтап, халықтың тұрмысы нашарлады. Қариялар зейнетақысын уақытында ала алмады, жәрдемақы тағы сол. Бұл кезеңде, яғни 1999 жылдың қарашасына дейін облыстағы өндіріс және сауда, кейін құрылыс ресурстары және құрылысты жоспар­лау басқармаларының бастығы қызметтерінде болдым. 1995 жылдан Астрахандағы қазақ тілі мен мәдениетінің «Жолдастық» қоғамы басшылығының ұйғарымымен Атырау­дан Құрманғазы қорын құрып, жиналған 3,5 млн теңге қаражатты Алтынжардағы күйші кесенесін тұрғызуға жұмсап, аталған құрылыстың жүйелі жүруін де қадағаладым. 1999 жылдың қараша айынан бас­тап, «Тенгизнефтестрой» АҚ-та жұмыс істеп, жаңадан басталған «Дина» базары құрылысын жүргізуге де атсалыстым. Осы қоғамды басқарған Төкен Жұмағұлов деген азаматтың атқарған еңбегі елеулі еді. Нысан 2000 жылдың қыркүйегінде пайдалануға берілді. Сол күннен бастап аталған сауда орталы­ғының («Дина» сауда-өндірістік кешені ЖШС-нің) бас директоры болып тағайындалып, 2005 жылға дейін еңбек еттім. Бұдан әрі «Тенгизнефтестрой» АҚ басшылық құрамында (президент, бірінші тете-президент) болып, 2011 жылға дейін жұмыс істедім. Қазір зейнеткермін. Облыс аумағын­дағы қоғамдық жұмыстардан қол үзген емеспін. Әңгімелескен Дидар ОРАЛБЕКҰЛЫ Иә, түйіндеп айтар болсақ еңбек – елдің ынтымағы, халықтың бірлігі, Отанды сүюден басталады. Ұлттың жанашыр азаматтары әрдайым халықтың мерейін асырады. Міне, Клим ағаның еңбек жолы да қарт Каспийдің жағаға соққан толқыны іспеттес, бірін-бірі алмастырып жатыр. Үлкендердің үлгісін, саңлақтардың сабағын алған Клим аға осылайша биіктерге құлаш сермеді. Жүрегінен жылу есіп жүретін, ашық айтып, адал күлетін, ер көңілді, мәрт мінезді Клим Бақтығұлұлы мерейлі жетпіс жасын тойлайын деп отыр.  «Еңбек деген байлық бар, ерінбеген жететін, жоқшылық деген кесірді, жермен-жексен ететін…» деген сөз Клим Ғұбашевтың бүкіл келбетін айшықтап тұрғандай. Оны шын мәнінде бақытын еңбектен тапқан айтулы азамат деп айтуға әбден болады. Ұрпағының бәрін де оқытты, бәрі де бүгінде жоғары білімді мамандар, елімізді өркендетуге зор үлес қосып жүр.