Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Ақмола облыстық мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Берген Беспалинов «Б» корпусының 3224 өкілі кешенді аттестаттаудан өтетінін хабарлады.
– Қазақстанда «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бағытталған кең көлемді жұмыстар жүргізілуде, – деді департамент басшысы. – Бес институттық реформаның 15-қадамы заманауи мемлекеттік аппаратты қалыптастыруды көздейді. Осыған байланысты әкімшілік мемлекеттік қызметтің сапасын бағалау мен аталған қызметтің түпкі нәтижесінің тиімділігін айқындайтын кешенді аттестаттау өткізіледі. Мақсат – «Б» корпусы өкілдерінің кәсіби даярлығы мен атқарып отырған лауазымына сәйкестігін анықтау.
Брифинг барысында бүгінгі күні облыстағы 706 мемлекеттік органда 5961 адам қызмет атқаратыны белгілі болды. Өкілетті орган белгілеген кестеге сай, жекелеген санаттарды қоспағанда, 3224 мемлекеттік қызметкер аттестаттаудан өткізілуге жатады.
Аттестаттаудың маңыздылығы мен өткізілу тәртібін түсіндіре келе, Б.Беспалинов былай деп атап көрсетті: «Аттестаттау мемлекеттік қызметкердің кәсіби, этикалық әлеуетін жан-жақты айқындайды. Сондықтан, аталған шараны өткізу барысында аттестаттау комиссиясынан тиісті шешім қабылдауда объективтілік пен өз жұмысының ашықтығы талап етіледі».
Бақберген АМАЛБЕК,
журналист
Ақмола облысы