18 Қаңтар, 2017

Сапа жоғарылап, шағым азаяды

282 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жоғарғы сотта «Заңдылық» атты сот пен прокуратураның ақпараттық-талдамалық жүйесінің жобасы таныстырылды Жоғарғы сот Төрағасы Қайрат Мәми мен Бас прокурор Жақып Асанов «Заңдылық» атты сот пен прокуратураның ақпараттық-талдамалық жүйесі жобасының таныстырылымына қатысты, деп хабарлады  Жоғарғы сот пен Бас прокуратураның баспасөз қызметтері. Кездесуге Қазақстандағы қылмыс­тық сот төрелігін жетілдіру жөніндегі Еуропалық одақ жобасының өкілдері, бейнебайланыс арқылы – өңірлік судьялар мен прокурорлар қатысты. Кездесуді аша келе, Қайрат Мәми сот төрелігін жүзеге асыру процесіне ақ­па­раттық технологияларды енгізу сот қор­ғауына қолжетімділікті айтар­лық­тай жеңілдететінін, бірыңғай сот практикасын қалыптастырып, құқықтық айқындылық қағидатын қамтамасыз етуге ықпал ететінін айта келе, «Жаңа электронды сервистердің арқасында біз азаматтарды «сот сатылары бойынша артық жүруден» құтқардық. Өткен жылы «Сот кабинеті» арқылы соттарға 756 435 электронды құжат келіп түсті. Осы жолы таныстырғалы отырған «Заңдылық» жүйесі қылмыстық процеске «ақыл­ды технологияларды» енгі­зу­­дегі кезекті қадам болып табы­лады. Біз­­дің басты мақсатымыз – тұр­ғын­дар үшін жеңіл әрі ыңғайлы құрал­дар құру», – деді. Кездесуде сөйлеген сөзінде Жақып Аса­нов Бас прокуратураның жаңа инно­ва­циялық әзірленімі – «Заңдылық» ақ­параттық-талдамалық жүйесін таныс­тырды. Ол өз сөзінде бұл жоба бірыңғай сот практикасын қалыптастыруға және қылмыстық процестің ашықтығын арттыруға, судьялар мен прокурорларға – қыл­мыстық заңнама нормаларын қол­данудың дәлдігін тексеруге мүмкіндік беретінін атап өтті. «Біз 50 жыл бойы ғарышқа ұшып жүрміз. Үйлер ұялы телефон арқылы басқарылады. Технологиялар барлық жерде – үйде, көшеде, көлікте, жұ­мыста. Мұның барлығы адамдарға ың­ғай­лы болу үшін жасалған. Ал қылмыс­тық істерді әлі күнге дейін қағазда жүр­гі­земіз, әлі күнге дейін қара  қа­лам­мен ақ қағазға жазып жүрміз деп ай­туға болады. Кибердәуірде азамат­тардың құқықтарын біздің консер­вативті жұмысымызға технологияларды кеңі­нен енгізе отырып қорғаудың уа­қыты жетті. «Заңдылық» ААЖ мұ­ның қолымыздан келетінін көрсетті. Шын мәнінде, бір жағынан, артық қа­ғаз­­бас­­тылықтан арыламыз. Екінші жа­ғы­­нан, адам факторын жоямыз, бұл – өте ма­ңызды деп атап өтті Бас прокурор. «Заңдылық» жобасының мақсаты – сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірың­ғай тізілімі мен сот органдарының «Тө­ре­лік» ақпараттық-талдамалық жүйе­сін интеграциялау есебінен қылмыс­тық процестің сапасын арттыру. Жоба бірқатар ұйымдастырушылық рәсімдер аяқталған соң 2017 жылдың шіл­де­сінде қолданысқа енгізіледі.