Оңтүстік Қазақстан облысындағы жедел жәрдем қызметіне 30 автокөлік табыс етілді, деп хабарлады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
«Бүкіл дүние жүзінде жедел жәрдем қызметі 7 минутқа дейін, ары кеткенде 10 минутқа дейін баруы керек. Өкінішке қарай, кейбір жерлерде бұл шарттар мен талаптар орындалмай жатады. Сондықтан, бүгінгі сыйға тартылған автокөліктер осы қиындықтарды жойып, азайту мақсатында беріліп отыр. Жалпы, облыста жедел жәрдем қызметін көрсететін 261 көлік бар. Оның 20 пайыздан астамы бүгінгі күнге жарамсыз деп айтуға болады. Сол себепті, оларды жыл сайын азайтып, орнын жаңа көліктермен алмастырып отыратын боламыз. Сіздерден талабымыз - төтенше жағдайлар кездерінде облыс тұрғындарының денсаулығын барынша сақтап қалуға тырысып, үйлеріне тез жету, көмектесу, құтқару мәселесінде аянбай қызмет ету», - деді Жансейіт Қансейітұлы жедел жәрдем қызметінің мамандарымен жүздесуде.
Басқосуда әкім жедел жәрдем қызметіндегі мәселелерді шешу үшін өңірде биыл 8 қосымша бригаданың құрылатынын айтып, осы жылдың еншісіне тағы да 22 көліктің тапсырысқа берілгенін хабарлады. Сондай-ақ, ол Шымкент қалалық жедел жәрдем стансасын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы модернизациялау бойынша жұмыстардың жүргізілетін де айтты.
Бүгінгі пайдалануға берілген 30 көліктің 20-ы Шымкент қаласына, 10-ы облыс аудандарына беріліп отыр. Бұл үшін облыстық бюджеттен 418 млн. теңге қаралған. Ал 2017 жылға облыстық бюджет есебінен 535 млн. теңгеге тағы 22 дана автокөлік сатып алу жоспарлануда.
Айта кету керек, ОҚО-да жедел жәрдем көмегі Шымкент пен Түркістан қалаларындағы 2 станция мен 16 емханаға қарасты аудандық, қалалық бөлімшелерде қызмет көрсетеді. Аталған құрылымдарда барлығы 194, оның ішінде, 78 дәрігерлік, 88 фельдшерлік, 28 мамандырылған (кардиореанимация, интенсивті терапия - 17, жан сақтау - 6, психиатриялық - 2) бригадалар жұмыс істейді.