Биылғы Жолдаудың тақырыбы-ақ баршаға тың міндеттер жүктегендей. Тіпті, халықтың қоғамдағы белсенділігіне жол ашып, қажыр-қайратын еселеді. «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» деп халыққа сенім артқан құнды құжаттан қоғамдағы тұрақтылық пен дамудың негізі ел ішіндегі берекелі тірлікке көз жеткіземіз. Демек, тәуелсіздігіміздің өткен жылдардағы жетістіктері мен өркенді істерде көпұлтты қазақстандықтардың өзіндік қолтаңбасы бар екені анық.
Елімізді дамытудағы маңызды міндеттер қатарында бәсекеге қабілетті экономиканы дамыту мен жұмыссыздықты болдырмау міндеттері тұр. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы негізінде мемлекеттік қолдауға ие болған тиімді жобалар қолға алынып, өз кәсібін ашқандар болашаққа нақты қадам жасап отыр.
Мұндай ортасынан озғандар Жетісу жерінде де бар. Тек, Қарасай ауданында 1943 заңды және 6714 жеке кәсіпкерлік саласында 55 мыңнан астам адам еңбек етеді. Өткен жылы аталған салада 23,2 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, әлеуметтік салада тұтынушыларға мінсіз қызмет көрсетілген. Нәтижесінде, бюджет қоржынына 2,1 млрд. теңге салық түсіпті. Жыл өткен сайын халыққа қызмет көрсетудің сапасы жақсарғаны, өнім өндіру көлемі артқаны осыған дәлел.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен Жаңа Шамалған елді мекенінде «АзияАгроФуд» ЖШС 500 адамды жұмыспен қамтып, ұн өнімдерін өндірумен қатар басқа да тұтынушыларға қажетті азық-түлік шығаруда. Ал, «Юнилюкс» серіктестігі құрылыстағы жылу жүйесіне қажетті қазандық шығарса, «RG-Brands» кәсіпорны мемлекеттен 2 миллиардтан астам теңге субсидия алып, алкогольсіз сусындар өндіру бағытындағы жұмысты жүйелеген. Қазіргі кезде кәсіпорында жүздеген адам жұмыспен қамтылып, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайы уақыт өткен сайын жақсарып келеді.
Жолдауға байланысты қарасайлықтардың болашақ игілігіне айналатын тың жоба «Тулаев» жеке кәсіпорны қонақүй кешенін салуды қолға алды. Жаңа бизнес бастама қолдауға ие болып, «БТА банк» АҚ-тан 338 млн. теңгеге қаржыландыру үшін «Даму» қоры облыс бойынша алғаш рет несиенің тең жартысына кепілдік берді. Бірінші бағыт бойынша «Даму» қорының кепілдігі және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында кешен құрылысына 169 млн. теңге субсидия бөлінетін болды. Негізінен өндірісті кеңейту мен қайта жарақтандыруға, жаңаларын дамытуға бағытталған тың жобаларды қаржыландыру тәртібімен 14 пайызбен несие алғандар сыйақы мөлшерлемесінің жартысын төлейді. Ал, кәсіпкер қалған 7 пайызды өзі өтейтінін жеңілдік ретінде қабылдаған ұжым білек сыбана жұмысын бастап отыр.
Қонақүй кешені тұтынушылардың бүгінгі жоғары талғамына сай қажеттіліктермен жабдықталмақшы. Отыз үш нөмірге арналған қонақүйдегі әр бөлме адам қауіпсіздігін қамтамыз ету деңгейінің жоғарылығы және қосалқы тұрмыстық қызметтердің көптеген түрлерін ұсынбақшы. Мәселен, нөмірлер интернетке қосылса, қоғамдық тамақтандыру, конференциялар ұйымдастыруға арналған орындар, саламатты өмір салтын қалыптастыратын спорттық жүйелермен толықтырылатын болады.
Индустрияландыру бағытымен ауданда қолға алынған 2,8 млрд. теңгені құрайтын жобалар толық жүзеге асқанда «Трапеза Трейд», «Жетісу», «AS Group LTD» 300-ге жуық жұмыс орны ашылады. Ел ертеңінің кепілі аймақтағы кәсіпкерліктің дамуы мен ондағы өнім мен қызметтің бәсекеге қабілеттілігіне тікелей қатыстылығын ескерген іскер азаматтар нақты қадамдарға барған.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы, Қарасай ауданы.