3 наурызда «Белгіленген әскери қызмет мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2011 жылдың сәуір-маусымында және қазан-желтоқсанында кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы шыққан еді.
Осыған байланысты Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде өткен екі күндік оқу-әдістемелік жиынында былтырғы жылғы жастарды күзгі әскерге шақыру кезеңі қорытындыланып, талдау жасалды.
Шараға қатысушыларға ҚР ҚМ ШБК ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы, полковник Қайрат Мыңжанов биылғы жылғы кезекті шақырылымға тапсырма беріп, әскери міндеттілердің құжаттарын жасау және оқу жиындарын ұйымдастырудың негізгі талаптарын жеткізді.
– Жастарды Қарулы Күштер қатарына сапалы түрде іріктеу Қазақстан армиясының жауынгерлік әзірлігін жоғары деңгейге көтеруге ықпал етеді, – деп атап өтті полковник Қайрат Мыңжанов. – Өткен жылдардағы әскерге шақыру науқанының нәтижесі көрсетіп отырғандай, сапалы өткізілген әскерге шақыру науқаны жауынгерлік әзірліктің де қарқынды өсуіне әрі тиімділігіне қол жеткізіп отыр.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі әскерге шақырушылардың білім деңгейінің өскендігін бірнеше рет атап өткен болатын. Өткен жылы әскерге шақырылғандардың көп бөлігі жоғары білімі бар жастардан құралды.
Жиынға қатысушылар әскери басқару органдары мен жергілікті атқару органдары арасындағы өзара іс-қимылды, дәрігерлік комиссияларды қажетті медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуді, сондай-ақ 2011 жылы әскери міндеттілермен оқу жиындарын өткізу мәселелерін талқылады.
Дастан КЕНЖАЛИН.