19 Қаңтар, 2017

"Самұрық-Қазынаға" тиесілі компаниялар алдағы 3-5 жылда жекешелендіріледі

329 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Астана» халықаралық қаржылық орталығының (АХҚО) басқарушысы Қайрат Келімбетов бастап барған делегация Гонконгте өткен оныншы Азия қаржы форумына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазақстан «Бір белдеу - бір жол» транзиттік-көліктік жүйені дамыту аясында тәжірибе жүзінде шараларды бірінші болып бастады. Бір жағынан алып қарағанда, біз Орталық Азияның бөлігі болып табыламыз, ал екінші жағынан - Еуразиялық экономикалық одақтың құрамындамыз. (...)  Еліміз «Бір белдеу-бір жол» бағдарламасында негізгі серіктес ретінде таңдалды. Атап айтқанда, Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда жаңа тұғырнаманы құру туралы мақсатты жүктеді және оны біз «Астана» халықаралық қаржылық орталығы деп атадық. Ол Дубай халықаралық қаржы орталығына немесе Әбу-Даби жаһандық нарығына өте ұқсас», - деді Келімбетов модератордың сұрағына жауап беру кезінде. Бұдан бөлек, форум алаңында АХҚО басқарушысы Bloomberg агенттігіне сұхбат берді. «Менің ойымша, Қазақстанның Үкіметі мен Ұлттық банкі дұрыс стратегияны таңдады. 2015 жылдың тамызында еліміз ақшалай-несиелік мемлекеттік саясаттың жаңа режіміне көшті. Бұл өз кезегінде бізге кез келген сыртқы қатерлі ықпалдарды еңсеруге мүмкіндік береді. Мұнай бағасының құлдырауы мен Ресейдегі экономикалық рецессияға байланысты Қазақстанға екі есе салмақ түсті. Біз жауапкершілікті фискальді саясатты жүргізе бастадық», - деді ол. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда жұмыс істемейтін займдардың санатына 10 пайыздан төмен көрсеткіш тиесілі. Бұл соңғы бес жылда үлкен жетістік болып табылады. Қазақстан жаңа индустриалдық активтерді, сондай-ақ инфрақұрылым мен қызмет көрсету саласында жаңа экономиканы құруға ерекше мән беріп отыр. «Біз корпоративтік басқаруды жақсартуға көңіл бөліп отырмыз. Ондағы әдістердің бірі - жаппай жекешелендіру. «Самұрық-Қазына» қоры құрамындағы тиісті мемлекеттік компанияларды 3-5 жылда жекешелендіру ескерілген. Мемлекеттік компаниялардың ашық әрі тиімді құрылымы Қазақстан үшін пайдалы болатынын түсініп отырмыз»,-деді ол. Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын ҚазАқпарат агенттігіне берген сұхбатында Келімбетов АХҚО-ны құрудың мақсаты тікелей шетелдік инвестицияларды Қазақстанның және жалпы Орталық Азияның дамуы үшін тартуға негізделгенін атап өткен еді. Екінші мәселе -  бұл АХҚО жаңа биржасының мүмкіншілігі. Көптеген ұйымдар акционер болғылары және болашақта биржада жұмыс істегілері келеді. Қазіргі уақытта Шанхай мен Гонконг қор биржаларымен, Гонконг түсті металдар биржасы және Шанхай алтын биржасымен келіссөздер жүргізілуде.