Халықтың өз таңдауын жасауына мүмкіндік беретін сайлау өтетін күн де жақындап келеді. Президенттіктен үміткерлер жұртшылықпен кездесіп, өз тұғырнамаларымен таныстыруда. Солардың қатарында Қазақстан патриоттар партиясынан ұсынылған Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Ғани Қасымовтың сенім білдірілген адамы, Жетісу өңірі бойынша штаб жетекшісі Серік Айтқожин 700 сайлау учаскесінде күнтүзбе, кандидаттың бағдарламасы, рұқсат берілген жерлерге үміткердің өмірбаяны ілініп, шақыру қағаздары таратылғанын жеткізді.
Үміткер Ғ.Қасымов өзінің саяси тұғырнамасы бойынша саяси жүйені жаңарту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен халықтың әлеуметтік, рухани өмірлерінің дамуына байланысты тың ойларын ортаға салып, үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізгенін айтып өтті.
Өңірдегі Талғар, Қапшағай, Есік, Жаркент қалаларында құрылған штабтар сайлаушылар арасындағы жұмысты мейлінше ұйымшылдықпен өткізіп отыр. Жақын күндері Талғар қаласындағы ірі құрылыс компаниясы жұмысшыларымен кездесуі жоспарланған. Сондай-ақ қаладағы балалар үйіндегі тәрбиеленушілерге қайырымдылық көмек көрсету де алға қойылыпты.
Қазақстан Патриоттар партиясынан ұсынылған үміткер Ғ.Қасымов сайлауалды үгіт-насихат жұмысын осылайша тиімді жалғастырып келеді.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.