Нұрсұлтан Назарбаевқа
Бақты тербеп, зымырап жел өткенде
Тұрады ғой бір-бірін демеп пенде.
Халқың үшін бәйгеге түстің тағы,
Халқыңды жақсы көрген себептен де.
Саған құлақ түреді сабырлы елің,
Тоқтай қалып тыңдайды дауыл, желің.
Сәбилерін сүйдің сен өз балаңдай
Кәрілерін әкеңдей қадірледің.
Шіркін өмір қоңыржай, көк аралы
Қайта-қайта ойыңа оралады.
Елге жаны ашитын ерлер ғана,
Ел сүйетін ел басы бола алады.
Нұрға, гүлге толтырдың мекеніңді
Міндеттісің жасауға екі елуді.
Біледі елің, ол үшін өміріңді
Қиюға да сен әзір екеніңді.
Көзді жұмып көңілге ердің асқақ,
Тау секілді бұлттарды, желді жасқап.
Көріп жүрміз біз оны көптен бері
Барасың сен бақытқа елді бастап.
Өзің келіп көздерін аш тұманың,
Көктем сайын гүлдерін ашты бағың.
Көп нәрсені айтады көрер көзге
Беттегі әжім, көбейген шаштың ағы.
Сол көктемдей жеріңді бөле нұрға,
Көрік біте бастасын көне жырға.
Ел де сенім білдірер деп ойлаймын,
Елдің қамын ертеден жеген ұлға.
Бастай бергін халқыңды биік қырға,
Тола берсін көкірек, көңіл жырға.
Ел бақытын күзеткен сенің көзің
Әрқашан да тұрады толып нұрға.
Елің үшін тағы да түстің бәске,
Өткен өмір күреспен бәрі де есте.
Аламанның алдынан кезіккен бұл
Күтем сені, бауырым, күтем әсте.
Қыран елі, қияшыл бүркіт елі,
Жамандықты жасқайды, үркітеді.
Алатау да күтеді сені туған
Атырау мен Ұлытау бір күтеді.
Алдамайды алыпты арманшы үміт,
Аялаймыз өзіңді орманша ұғып.
Нұрсұлтаным бәйгеден келеді деп
Алтайың да күтеді алдан шығып.
Әрқашан да халқына берері көп
Ерте күннен жанылған ер еді деп.
Ақ Жайығың күтеді, қара Ертісің,
Нұрсұлтаным бәйгеден келеді деп.
Бастайды алға алыпты сенім сері,
Басылмайды қуанып көңіл селі.
Аламанның алдынан келеді деп,
Туған елің күтеді, ерім, сені.
Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ, Қазақстанның халық жазушысы.