Президенттік сайлауға Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясынан үкілеп қосылған Жамбыл Ахметбеков Оңтүстік Қазақстан облысындағы сапарын қаладағы қарттар үйінен бастады.
Теледидардағы жарнамаларында каратэнің сэнсейі ретінде көрінетін қияқ мұрт, қаршығадай түйілген шамдағай жігіт, расын айту керек, ақсақалдарға ұнады. Оның да өзіндік себебі бар сияқты. Бұл қариялардың дені коммунистік партияның шекпенінен шыққандар әрі қызыл билеттерін көлденең көзден қызғыштай қоритын көнекөздер ғой. Жамбыл Ахметбеков бөлмелерді аралап, жағдайларымен танысқанда да осы жарастық байқалып тұрды.
Кітапхананың залында өткен кездесуде үміткер өзінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Сұрақтарға жауап берді.
– Бір облыстағы кездесуде бір кісілер азық-түліктің күрт қымбаттап кеткенін сайлаумен байланыстырып, “осыған сендер кінәлісіңдер” деп шалғайымыздан алып еді, – деді ол. – Сіздерге разымын. Жеке бастың емес, елдік мәселелерге мән беріп отырсыздар. Мемлекетіміздің жерімен шектесетін елдердің саясаты жөнінде білгілеріңіз келгендігі, жер тұтастығы, ел бірлігі жайлы айтқан пікірлеріңіз сүйсінтеді. “Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең” деген бабаларымыз. Алдымен сіздерге атбасын бұрғанымның мәнісі, сайлауға аз уақыт қалды. Уақыттан ұмтылмау үшін басқа облыстарға да шығып үлгеру керек.
Қазақ – үлкенін сыйлаған халық. Сіздердің үндеріңіз мен жете алмаған жерлерге жетеді. Ел сөздеріңізге имандай сенеді. Сондықтан, менің бағдарламамды сіздер насихаттайды деп сенемін, деді одан әрі үміткер.
Журналистермен сұхбатында да Жамбыл Ахметбеков қариялардан бата сұрай келгенін жасырған жоқ. Ол Оңтүстіктің көңіл бөлетін мәселесі ретінде жұмыс орындарын көптеп ашу керектігін айтты. Халық көп, жұмыс аз. Облыстың өзін өзі жұмыспен қамту мүмкіндігі 50 пайыз. Базарларда біреулерге жалданып жұмыс жасайтындар көп. Халықтың орташа жалақы деңгейі Батыс Қазақстан, Атырау сияқты облыстардан 10-15 пайызға дейін төмен. Сондықтан, осы мәселені шешу мақсатында әлеуметтік саланы жетілдіру жөнінде заң қабылдаса артық болмайды.
Жамбыл Ахметбеков майдангер қарттардың үйіне де бас сұқты. Кеңес Одағының Батыры Тоғамбай Қауымбаев қарияға сәлем берді.
Жанындағы серіктерімен Абай саябағындағы “Даңқ” аллеясына гүл шоқтарын қойған үміткер Түркістанға бағыт түзеді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі ұлы әруақтарға зиярат еткеннен кейін сапарын Қызылорда облысында жалғастыратын болады.
Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.