24 наурызда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Еуропалық Одақтың Орталық Азия елдері және Грузия бойынша арнайы өкілі Пьер Морельді қабылдады.
Тараптар Қазақстан – Орталық Азия – Еуропалық Одақ пішініндегі қарым-қатынастың қазіргі күйі мен перспективаларын, ағымдағы жылдағы Қазақстан – Еуропалық Одақ саяси үнқатысуының басымдығы мен мақсаттарын, еліміздің «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасының және Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы стратегиясының іске асырылуын, энергетика мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы мәселелерін талқылады. Ерекше назар Қазақстанның 2010 жылғы ЕҚЫҰ-ға төрағалығының қорытындысына және Қазақстан – ЕО арасындағы жаңа негіздемелік келісімді жасасу мәселесіне аударылды.
Қ. Саудабаев атап көрсеткендей, қазіргі таңда Қазақстан алда өтетін кезектен тыс президенттік сайлауды халықаралық стандарттарға сай өткізуге үлкен көңіл бөлуде.
Тараптар сондай-ақ өзекті аймақтық және халықаралық мәселелер бойынша кең ауқымды пікір алмасты, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.