25 Наурыз, 2011

Мәскеу көктем мерекесін тойлады

524 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақстан елшілігінің Мәс­кеу­дің «Мир» концерт залында Наурыз мейрамына орай өт­кіз­ген қабылдау кешіне  ТМД ел­де­рінің елшілері, белгілі саясаткерлер мен мемлекет қайрат­кер­лері, екі елдің ғылым, мәде­ниет және өнер қайраткерлері, қазақ диаспорасының, сондай-ақ ресейлік жетекші БАҚ өкілдері қатысты. Жиналғандар алдында сөз сөйлеген елші Зауытбек Тұ­рысбеков әз Наурыздың біріктіруші  күші  бүгінде   барша ұлт­тар­дың ынтымағы мен  өркен­деуі­не жол ашып,  қоғам игілігіне айналғанына жұртшылық на­за­рын аударды.  Елші еліміздің тәуелсіздігін алған 20 жыл ішінде тұрақтылықты, ұлтаралық та­тулық пен келісімді ту еткен, экономикалық жағынан дамы­ған, демократиялық мемлекет бо­лып орныққанын атап  көр­сетті. Мәскеудегі Наурыз мерекесіне Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің және Т.Жүр­генов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясының шы­ғар­машылық ұжымдары келді. Олар  әуелі Зеленоград қала­сын­дағы Мәдениет сарайында, одан кейін  «Мир» концерт залында  жұртшылыққа өнер көрсетті. Ресей астанасының жоғары оқу орындарында білім алып жүрген қазақстандық студенттер мен   әскери курсанттардың Қазақстан елшісімен дәстүрлі  кездесуі де Наурыз  мейрамына арналған  іс-шаралар аясында ұйымдастырылды. Бұл дәстүрлі кездесуде елші студент жастарға биылғы Жолдаудың негізгі ережелерін тереңдете түсіндіріп, аталған құжаттың қазір еліміз үшін әлеуметтік мемлекет құру­дың стратегиялық бағдарлама­сы­на айналып отырғанын жеткізді. Наурыз мейрамын атап өтуді бұдан кейін Мәскеу қаласын­дағы   «Қазақ тілі», «Мұрагер» қоғам­да­ры, қазақ жастарының «Жас қа­нат» ұйымы, әйелдердің түркі тілдес халықтардың дәс­түрлерін сақ­тауға жәрдемдесетін өңірара­лық қоғамдық ұйымы әр күні өзіндік бағдарламаларымен жалғастырды. Серікқали БАЙМЕНШЕ, «Егемен Қазақстан» – Мәскеуден.