Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Одақтың Орталық Азия елдері және Грузия бойынша Арнайы өкілі Пьер Морельді қабылдады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері бойынша пікір алмасылды.
«Еуропалық Одақ Қазақстанның маңызды әріптесі болып табылады», – деді Төраға және ол Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақтың екіжақты ынтымақтастықты экономикалық және саяси жаңа деңгейге шығару үшін нақты мүмкіндіктері бар екенін атап өтті.
Алдағы президенттік сайлауға қатысты Төраға «Бұл сайлау тәуелсіз 20 жылдағы жақсы, халықаралық стандарттарға толық сәйкес өтеді», деді.
П.Морельдің айтуынша, маңызды саяси оқиғаны өткізу үшін Қазақстанда барлық қажетті жағдай жасалған. «Президенттік сайлау сіздің еліңіздің институттық және саяси өмірінде жаңа кезеңді ашады», – деді мейман.
Кездесу барысында халықаралық және аймақтық саясаттың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасылды.