Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның Қазақстан Республикасындағы президенттік сайлауды байқау жөніндегі миссиясының басшысы, елші Даан Эвертсті қабылдады. Кездесу барысында алдағы Қазақстанда болатын президенттік сайлаудың мәселелері талқыланды, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.
Сенат басшысы «Қазақстан билігі президенттік сайлау халықаралық стандарттарға сай адал және әділетті өтуі үшін барлық мүмкіндікті жасайтын болады», – деп атап өтті.
Сенат Төрағасы алдағы сайлауға ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы тарапынан байқалған елеулі ықыласқа жүздесушінің назарын аударды. 70 адамнан тұратын ЕҚЫҰ ПА байқаушылар миссиясын Хорватия Парламентінің депутаты, белгілі саяси және қоғам қайраткері Тонино Пицула басқарады.
Елші сайлауалды жағдай туралы миссияның аралық есебін ұсынды. Қ.Тоқаевтың пікірінше, бұл құжат біздің еліміздегі сайлау науқанын шынайы көрсетеді.