Реактор корпусы зақымданған
Жапонияның атом және өнеркәсіп қауіпсіздігі жөніндегі агенттігі жақында тіркелген радиацияның жоғары деңгейіне «Фукусима-1» стансасындағы реактор корпусының зақымдануы себеп болуы мүмкін деп мәлімдеген.
Соның алдында апатты жоюға қатысушы 17 адам 100 миллизиверттен асатын радиация дозасын алып, терілеріне зақым келген екеуі ауруханаға жатқызылған болатын. Кеше сондай-ақ «Фукусима-1» АЭС-тегі радиациялық фонның қатты күшейіп кетуі салдарынан стансаның бірінші және екінші энергоблоктарындағы жұмыстарды тоқтатуға тура келгені белгілі болып отыр.
Шабуылдарды НАТО басқармақ
АҚШ Ливияда жүргізіліп жатқан соғыс операцияларына басшылық жасауды НАТО-ға мүмкіндігінше тезірек бергісі келіп отыр, деп хабарлайды РИА Новости агенттігі.
Дипломатиялық көздерден алынған ақпарат бойынша, НАТО алдағы аптаның басында Ливиядағы коалициялық операцияларға басшылық жасауды өз қолына алмақ. Бір апта бойы дерлік коалициялық операциялардың басында кімнің тұруы керектігі жөнінде НАТО-ға мүше елдер ортақ келісімге келе алмаған еді. Операцияға басшылық жасауды альянсқа тапсыруға Франция қарсы шыққан болатын. Ал АҚШ-тың бас тартуына келер болсақ, бірқатар сарапшылар Америка екі бірдей мұсылман мемлекетіне басқыншылық жасады, енді үшінші елді басып алуға барғысы келмей отыр деген пікір білдіруде.
Мьянмада жер сілкінді
Мьянмада 24 наурыз күні кешкілік болған жер сілкінуден 60-тан астам адам қаза тапты, деп хабарлайды ВВС агенттігі.
6,8 магнитудаға жеткен зілзала Тайланд пен Лаостың да шекаралас аудандарында білінген. Мьянма өкіметі үйінділерді аршып алған сайын қаза тапқандар саны арта түсуде, құрбандар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін деп мәлімдеген. Жарақат алғандар қатары қазірдің өзінде 100 адамнан асып отыр. Жер сілкінісінің эпицентрінде 300-дей үй қирап, жолдар бүлінген. Сарапшылар өңірдегі сейсмологиялық ахуалға Жапониядағы зілзаланың әсері болды деген пікір айтуда. Өкімет халықты үрейге берілмей, эвакуацияға дайын болуға шақыруда.
ГФР өз азаматтарын Йеменнен кетуге шақыруда
Йемендегі күрделі саяси ахуалға байланысты Германия Санадағы өз елшілігі қызметкерлерінің санын барынша қысқартты, деп хабарлайды France-Presse агенттігі.
Наурыз айының басында-ақ Германия сыртқы істер министрлігі Йемендегі немістердің бәріне осынау араб елінен кету керектігі жөнінде кеңес берген болатын. 24 наурыздағы мәлімет бойынша, Йеменде осыған дейін тұрып келген 250 ГФР азаматтарының 36-сы ғана қалған. Санадағы неміс елшілігінің сайтына Йеменде қалған немістердің бәріне алдағы демалыс күндеріне дейін елден кету керектігі туралы үндеу орналастырылған көрінеді.
АҚШ армиясы тағы масқара болды
Таяу уақыттарда 20-дан астам америкалық әскери қызметшілерге Ауғанстанда түрмеде отырғандарды азаптады деген айып тағылмақ.
Азаптаудың сыртында әскери базаның 26 қызметкеріне қатысты абайсызда адам өлтірді, билікті асыра пайдаланды және қылмыстарды жасырды деген де күдік бар. «Негізгі жоспар адамдарды өлтіру болып табылды» деп мойындаған капрал Морлок судья Квази Хоукстің қойған сұрағына жауап бере отырып. Ол өздерінің бейбіт ауғандарды өлтіру жөніндегі ойға 2009 жылдың соңында келгендерін айтқан. Өздерінің адам өлтіргендерін ақтап алу үшін олар өлі мүрделердің үстіне қару-жарақ тастап кетпек болған. Немістің «Шпигель» журналы өздері өлтірген ауғандардың мүрделеріне күле қарап тұрған америкалық солдаттардың суреттерін де жариялаған. Журналистер одан Морлокті жазбай таныған көрінеді.
Наразылық тыйылар емес
Президенттің саяси жүйені реформалау жөнінде уәде бергеніне қарамастан Дераа қаласында мыңдаған сириялықтар тағы да ереуілге шықты, деп хабарлайды Рейтер агенттігі.
Сириядағы үкіметке қарсы ереуілдер 15 наурызда басталған болатын. Ереуілшілерді қуу барысында адамдардың қаза табуы Дераа қаласындағы ахуалды одан бетер ушықтыра түсті. Наразылық акциясына қатысушылар демократиялық реформалар жүргізіп, коррупцияға қарсы ықпалды шаралар қабылдауды талап еткен.
Иерусалимде жарылыс болды
Жарылғыш құрылғы автобустар тұрған жерге жақын тұстағы телефон будкасында іске қосылған көрінеді.
Террорлық акті салдарынан екі адам қаза тауып, 38 адам түрлі дене жарақаттарын алған. Таяу Шығыста орын тепкен бірқатар террорлық ұйымдар аталған қылмыстық әрекетке қолдау көрсеткенімен, олардың бір де бірі жарылыс үшін жауапкершілікті өз мойындарына алмаған көрінеді. Орын алған оқиғаға қарамастан Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың Ресейге жұмыс сапарын кейінге қалдырмайтыны да белгілі болып отыр.
Еуроодақ АЭС-тер қауіпсіздігін тексермек
Еуроодақтың ядролық энергетика саласындағы саясаты түбірлі өзгерістерге ұшырауы тиіс, деп мәлімдеген ГФР канцлері Ангела Меркель 25 наурыз күні Еуроодақ саммитінде.
Біз ештеңе болмағандай кейіп таныта алмаймыз, біз жапон атом электр стансаларындағы апаттан сабақ алуға міндеттіміз, деп атап көрсеткен ол. Саммит жұмысының екінші күні ЕО басшылары Еуроодақ елдерінде жұмыс істеп тұрған бүкіл 143 АЭС-тердің қауіпсіздігіне мұқият тексеру жүргізу жөнінде шешім қабылдайтын болады деп күтілуде.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.