22 наурызды бірқатар Шығыс халқымен қоса Қазақ елі де қуана қарсы алып жүр. Ал соның ішінде биылғы көктемнің, яғни жаңа жылдың үш түрлі ерекшелігі бар екенін айтқымыз келеді.
Бірінші ерекшелігі – 60 жылда бір айналып келетін ақ қоян жылының кезегі биылғы көктемнің еншісінде, екінші ерекшелік – елімізде кезектен тыс бас сайлаудың өтуі. Бұл – президентті таңдайтын, яғни елдің келешек тағдырын таңдап, белгіленген ұзақ жылдық бағыт-бағдарымызға қол жеткізетін сайлау. Үшінші ерекшелік – биыл өз тізгінімізді қолға алып, көк туымызды көтергенімізге, торқалы да мерейлі, әр жылы ғасырға татитын тәуелсіздігімізге 20 жыл толғалы отыр.
Жер шарының әр бұрышына көз салсақ, алуан түрлі жағдайды көреміз. Таяу Шығыс пен Араб елдері және Африка құрлығындағы кейбір елдер кезінде бірінен кейін бірі аңсап жүріп әрең қолдары жеткен тәуелсіздіктерін жарты ғасыр өтер-өтпесте толық түсіне алмай, әлекке түсуде. Экономикасын тұрақты дамытуға шамалары келмей, білімін, мәдениетін жоғары деңгейге жеткізуге күштері жетпей, ұлттық табыстың жан басына шаққандағы төменгі сатысынан көтеріле алмай, жоқшылық пен жұмыссыздықтан, қайыршылықтан еңселері түсуде.
Сонымен қатар, дүние жүзіндегі ең халқы көп және өркендеп өскен мемлекеттердің қатарында есептелетін Қытайдың Шэнси провинциясында әлі тауда, жарларда, үңгір үйлерде жүздеген жылдар бойы мыңдаған адамдар тұрып, өмірлерін өткізіп жатыр. Ал Үндістанда үй-жайлары жоқ көп адамдардың қоқыстардың маңында өмір өткізіп жатқан жағдайлары бар, олардың сол қалдықтарды жуып, сатып күнделікті тамағын тауып жүргені жасырын емес. Айта берсек, ғарыштық даму жолына түскен жиырма бірінші ғасырда да ашаршылық, жоқшылық жағдайда өмір сүріп жатқан халықтар көп. Әрине, бұл жерде біз ешкімді табалап отырған жоқпыз, қайта осындай келеңсіз, кесірі үлкен бәледен аулақ болуды әрқашанда ойымыздан шығармауымыз керек.
Осы күнімізге шүкіршілік айта отырып, жиырма жылдың ішінде ұйымшылдықпен, шыдамдылықпен, сабырлылықпен елімізде жүйелі де тиімді өзгерістер жасалғанын білуіміз керек. Бізде заң шығарушы, атқарушы және сот билігі тармақтары қалыптасып, ұлттық қауіпсіздік жүйесі мен ұлттық әскер құрылып, орнықты. Демократиялық жүйеде Президент институты, қос палаталы Парламент, көп партиялық жүйе, Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты бұрын болмаған азаматтық және саяси институттар берік қалыптасты. Көрші елдермен арадағы сыйластық, әріптестік байланыстың арқасында мемлекеттік шекарамызды бекітіп алдық. Соның нәтижесінде біз бүгін әлеуметтік салада да, адам мен адамзаттың құқығы, ұлттық қауіпсіздікті сақтау бағытында да Азия, Африка, Латын Америкасы елдерінен әлдеқайда көш ілгеріміз. Ашаршылық, жоқшылықтан аулақпыз, аманбыз.
Бүгінгі Қазақстанды мойындамайтын, құрметтемейтін ел жоқ десе болады. Осындай деңгейге көтерілуіміздің басты себептері бар. Ол – экономиканың нақты дамуы, индустриялық-инновациялық жолға түскен қоғамның жаңа технологияларды игеріп, жан басына шаққандағы ұлттық табысты жоғары мөлшерге көтере білуі, білім деңгейінің өсуі және т.б.
Біздің еліміздің өзіндік таңдаулы даңғыл жолы бар. Ол жас мемлекеттердің мінезінде сирек кездесетін, айқай-шу шығармай, көрші елдермен әдемі мәміле жағдайында, қарым-қатынасты қиыннан қиыстыра білу деп аталады. Ата-бабаларымыздан мұра болған қанымыздағы тектілік, қырағылық, түсіністікпен қаралған дипломатиялық мәдениеттің де күші бар бойымызда. Қазақ қай мезгілде болса да қызын күң, ұлын құл болудан сақтап, елін-жерін жауға бермеген, ел арасында шыққан дауды данагөй қарияларымыз ақылмен шешіп, жөніне салған. Бүгінгі ұстанымымыз да елдің бірлігі, ынтымағы мен татулығы
Өзімізге белгілі, елдің іргетасы берік нығая беруіне негіз боларлықтай экономикалық жаңғыру, жаңа әлеуметтік саясат – білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік тілді дамыту, жұмыспен қамтудың жаңа жолы, тұрғын үй, сапалы ауыз су, ел табысын арттыру мәселелері және сот, құқық қорғау жүйесіндегі өзгерістер толық қамтылып, алдымызға нақты міндеттер қойып отырмыз. Енді осы құнды құжаттарымыздағы көрсетілген бағыт-бағдардан, атқаратын кешенді жоспарларымыздан ауытқымай, ерінбей еңбектеніп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын арман күніміздің қадірін арттыра берейік.
Құрманғали УӘЛИ, Мәжіліс депутаты.