26 Наурыз, 2011

Саяси науқандағы халықаралық міндеттемелер

637 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сайлауға қатысты бірқатар құжаттарды қа­был­даған. Қазақстан Республикасы адам құқықтарына, оның ішінде сай­лау құқықтарына байланысты халықаралық келісімдер мен кон­венцияларға қосылған. Біз және атал­ған халықаралық ұйымның өзі басшылыққа алатын ең басты және негізгі құжат – 1990 жылғы 29 мау­сымдағы ЕҚЫК (ЕҚЫҰ) Адамзат­тық өлшем жөніндегі конфе­рен­циясының Копенгаген құжаты. Осы Копенгаген құжатының ере­желері Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сы­ның халықаралық электораттық міндеттемелері болып табылады. Біз оларды сайлау науқандарын өт­кізу барысында, соның ішінде ал­дағы уақытта болатын Қазақстан Рес­публикасының кезектен тыс президенттік сайлауы кезеңінде, яғ­ни 2011 жылғы 3 сәуірде бо­ла­тын дауыс беру кезінде де сақтауға тиіспіз. Сонымен бірге, бұл құжат ха­лық­аралық заңдық құжаттан гөрі ха­лықаралық саяси құжат болып та­былатынын есте сақтау қажет. ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекеттің бар­лығы осы Копенгаген құжа­ты­ның ережелерін сақтау туралы шарт жасасты. Копенгаген құжатының 5.1-па­ра­графына сай ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер әділеттілік элемент­тері­нің қатарына сайлаушылардың өз өкілдерін сайлау кезінде пікірін еркін білдіруін іс жүзінде қам­та­масыз ететін жағдайларда, жа­сы­рын дауыс беру немесе оған барабар еркін дауыс беру рәсімі арқылы санаға сыйымды уақыт аралы­ғын­да өткізілетін еркін сайлау жата­ты­нын салтанатты түрде мәлімдейді. Бұдан әрі Копенгаген құжатының 7.1-параграфында «Халық еркі үкі­мет билігінің негізі қызметін ат­қаруы үшін қатысушы мемлекеттер еркін сайлауды, заңда белгіленгендей, санаға сыйымды кезеңділікте өткізеді» деп нақтыланған. Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ-ға қатысушы өзге мемлекеттермен қатар, өзіне еркін және мерзімді ұйымдастырылатын сайлау өткізу жө­нінде халықаралық міндеттеме қа­былдай отырып, өзінің 1995 жыл­ғы 30 тамыздағы Конституциясында: «Қазақстан Республикасының Пре­зи­дентiн Конституциялық заңға сәй­кес жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде респуб­ли­каның кәмелетке толған азаматтары жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзiмге сайлайды» деп бекітті (41-баптың 1-тармағы). Бес жыл­дық мерзім сайлаудың мерзімділігін көрсетіп тұр, ал президентті жал­пыға бірдей қағидаттардың, аза­маттардың (сайлаушылардың) тең­дігі негізінде сайлау еркін демо­кра­тиялық сайлау ұғымын аша түседі. Конституцияға сүйене отырып, «Қазақстан Республикасындағы сай­лау туралы» Қазақстан Республика­сы­ның Конституциялық заңының 2-бабымен «Республикадағы сайлау республика азаматының сайлау жә­не сайлану құқығын еркiн жүзеге асыруына негiзделетінін» айқын­да­ды. Конституциялық заңның 8-бабы жасырын дауыс берудің де­мо­кра­тиялық қағидатын былайша аша түс­кен: «Республика прези­дентiн сай­лауда жасырын дауыс берiледi әрi сайлаушылардың еркiн бiлдi­руi­не қандай да болсын бақы­лау жасау мүмкiндiгiне жол берiлмейдi». Копенгаген құжатының 7.3-па­ра­графы қатысушы елдерді, оның ішінде Қазақстан Республикасын осы параграфтың ережелерін орын­дауға міндеттейді, оның мазмұны төмендегіше баяндалған: «Халық еркі үкімет билігінің негізгі қыз­метін атқаруы үшін қатысушы мем­лекеттер жасы ересек аза­мат­тарға жалпыға бірдей және тең сайлау құқығы кепілдігін береді». 1995 жылғы 28 қыркүйектегі «Сайлау туралы» Конституциялық заң­ның 4-бабының 1-тармағымен Қа­зақстан Республикасының осы халықаралық міндеттемесінің іске асырылғанын көрсетеді. Онда «Жал­пыға бiрдей белсендi сайлау құқығы – республиканың он сегiз жасқа жеткен азаматтарының сайлауда дауыс беруге қатысу құқығы» айқындал­ған. Еліміздің осы халықаралық міндеттемесі «Сайлау туралы» Конс­ти­туциялық заңның 4-бабында неғұр­лым егжей-тегжейлі бекітілген. Яғ­ни, «Жалпыға бiрдей белсендi сайлау құқығы – республиканың он се­гiз жасқа жеткен азаматтарының те­гiне, әлеуметтiк, лауазымдық жә­не мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiни көз­қа­ра­сына, нанымына, тұрғылықты же­рi­не немесе кез келген өзге жағ­даят­тарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге қатысу құқығы көрсетілген. Жалпыұлттық сайлаушылар тізіміне сай 9 миллион 100 мың 967 сайлаушы 2011 жылғы 3 сәуірде елі­міздің президентін сайлауда дауыс беруге қатысуға құқылы. Басқаша айтқанда, сайлауға республиканың бар­лық ересек азаматтары қатысады. Осылайша, қазақстандық сайлау құ­қы­ғында жалпыға бірдейлілік қағи­даты іске асырылуда, бұл Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ алдындағы халықаралық міндеттемесінің іске асырылғанын білдіреді. Ал Копенгаген құжатының 7.4-па­­раграфында халық еркі үкімет билі­гінің негізгі қызметін атқаруы үшін қатысушы мемлекеттер дауыс беру­дің жасырын өткізілуін немесе оған барабар еркін дауыс беру рә­сі­мінің қолданылуын және дауыс­тар­ды санау мен ол туралы хабардың адал болуын, ал ресми нәти­же­лер­дің жариялануын қамтамасыз ету қажеттігі нақтыланған. Осы міндеттеме «Сайлау туралы» Консти­ту­циялық заңның 42-бабында «Дауыс берушiлер сайлау бюллетеньдерiн жасырын дауыс беруге арналған кабиналарда толтырады» деп көрініс тауып отыр. Бұл халықаралық міндеттемені орындау үшін осы заң­ның 43-бабында: «Сайлау кезiнде (соның ішінде президенттi) барлық сайлау учаскелерiнде дауыстарды санау, егер сол учаскеде сайлау ту­ра­лы Конституциялық заңда бел­гі­ленген тәртiппен дауыс беру уа­қы­ты өзгертiлмеген болса, жергiлiктi уақытпен сағат жиырмада бас­та­ла­ды. Дауыстарды санауды сайлау комиссиясының мүшелерi дауыс беру қорытындысы анықталғанға де­йiн үзіліссiз жүргiзедi, қоры­тын­дылар «Сайлау туралы» Консти­ту­циялық заңға сәйкес дауыстарды санау кезiнде қатысатын адамдар­дың назарына жеткiзiлуге тиiс. Сай­лау учаскесiнде дауыстарды санау уақыты санау басталған кезден бастап он екi сағаттан аспауға тиiс» деп бекітілген. Копенгаген құжатының 7.5-пара­графы бойынша «азаматтардың жеке өзінің немесе саяси партиялардың немесе ұйымдардың өкілдері ретінде саяси немесе мемлекеттік лауа­зым­дарға еш кемсітушіліксіз қол жет­кізу құқығын құрметтеуге» ша­қырады. Ел Конституциясының 33-ба­бы (2-тар­­мақ) әрбір азаматқа мем­ле­кеттiк ор­ган­дарға, соның ішінде президент бо­лып сайлану құқығын береді. Және осы құқығын іске асы­руға ту­мысынан Қазақстан Рес­публи­касы­ның азаматы болып та­бы­латын, қы­рық жасқа толған, мем­лекеттiк тiлдi еркiн меңгерген әрi Қазақстанда соң­ғы он бес жыл бойы тұратын Қазақ­стан Респуб­ли­касының 22 азаматы ниет білдірді. Бірақ бәрі бірдей мемлекеттік (қазақ) тілді еркін меңгер­ген­дігін анықтау рәсімінен өте ал­мады, бәрі бірдей сайлаушылардың жалпы са­ны­ның кемінде 1 пайы­зының өзін қолдаған қолдарын (бұл – 91 010 қол) жинай алмады. Осыған бай­ла­нысты Орталық сайлау комис­сия­сы Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат ретінде 4 адам­ды: Қазақстан Коммунистік ха­лықтық партиясынан – Жамбыл Ахметбековті, өзін өзі ұсынған Мэлс Елеусізовті, Қазақстан Пат­риот­тары пар­тиясынан – Ғани Қа­сымовты жә­не «Нұр Отан» партия­сынан Нұр­сұл­тан Назарбаевты ресми тіркеді. Мемлекеттік тілдің әліпбиіне сәйкес, сайлау бюллетеніндегі кандидаттардың тектері де дәл осындай ретте орна­лас­ты. Президенттікке кандидат­тар­ды ұсыну мен тіркеу үдерісі канди­дат­тарға қа­тысты еш кемсітушіліктің бол­мағанын көрсетті. Копенгаген кеңесі құжатының 7.6-параграфында қамтылған Қа­зақ­станның, сондай-ақ басқа қаты­сушы мемлекеттердің халықаралық міндеттемесі қазақстандық құқық­тың ішкі нормаларына айналды. Осыған орай бұл міндеттемені еліміздегі барлық мемлекеттік органдар мүлтіксіз сақтауға тиіс. Бұл Конституцияның 23-бабы 1-тар­ма­ғының мазмұнынан да көрінеді. Онда «Қазақстан Республикасы аза­маттарының бірлесу бостанды­ғы­на, соның ішінде саяси пар­тия­ларды құруға да құқығы бар екендігі айтылған. Қазіргі уақытта біз сайлау алдындағы үгіт кезеңінде тұр­­мыз және кандидаттардың Қа­зақ­стан Республикасының сайлау және өзге де заңнамасының шең­берінде өзара сайысын байқап отырмыз. Копенгаген құжатының 8-пара­графында: «Халық еркі үкімет билі­гінің негізгі қызметін атқаруы үшін қатысушы мемлекеттер сайлау үде­рі­сіне қатысуға ниет білдірген барлық саяси топтар мен жекелеген адам­дар­дың бұқаралық ақпарат құрал­дарына кемсітушіліксіз негізде кедергісіз қол жеткізуі үшін қандай да бір заңи немесе әкімшілік тос­қауыл­дардың белгіленбеуін қамта­ма­сыз етеді» деп атап көрсетілген. Осыған байланысты президенттікке кандидаттардың сайлау алдын­дағы үгітті жүргізу үшін бұқара­лық ақпарат құралдарына тең қол жеткізуіне қажетті жағдайлар жасалуда. Кандидаттарға өз бағдар­ла­маларымен бұқаралық ақпарат құ­ралдарына шығуы үшiн бiрдей қа­ра­жат бөлiнуіне кепiлдiк берілген. Әрбiр кандидаттың телеарналардан он бес минуттық сөз сөйлеуiне, радиодан он минуттық сөз сөйлеуіне, сондай-ақ баспа басылымдарында 0,1 баспа табақтан аспайтын кө­лем­де екi мақала жариялауына қаражат беріліп отыр. ЕҚЫҰ Копенгаген құжатына сәй­кес сайлаулардың барлық түр­ле­рін, сондай-ақ президенттік сайлау­ды байқауды жүзеге асырудағы ха­лықаралық байқаушылардың мәр­те­бесі мен қызметінің негізі ретінде көрсетіледі. Оның ережелері аталған халықаралық ұйымға мүше барлық мемлекеттердің, сондай-ақ Қазақ­стан Республикасының міндеттемесі де болып табылады. Бұл халық­ара­лық міндеттемеде «Қаты­су­шы мемлекеттер шетелдік, соны­мен қатар ұлт­тық байқаушылардың қатысуы сай­лау өткізілетін мемлекеттер үшін сайлау процесінің беделділігін арт­тыруы мүмкін деп есептейді. Сон­дық­тан да олар ЕҚЫҰ-ға қатысушы кез келген басқа мемлекеттерден және ниет білдірген кез келген тиісті жеке мекемелер мен ұйымдардан заң­да рұқсат етілген көлемде өздер­інің ұлттық сайлауы­ның барысын байқауға шақырады. Олар сондай-ақ жалпыұлттық дең­гей­ден неғұрлым төмен деңгейде өткізілетін сайлау процестеріне де осылай қол жеткізуге жәрдем­десу­ге талпынатын бола­ды. Мұндай байқаушылар өздеріне сайлау процесіне араласпау міндеттемесін ала­тын болады» делінген. Бү­гінде сайлау науқаны барысында Қазақстан осы қағидаттарды толық сақтап келеді. Марат СӘРСЕМБАЕВ, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі.