Кеше Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауын бақылау жөніндегі Республикалық қоғамдық комиссияның аралық есебі таныстырылды. Басқосуға «Айт-Парк» пікірсайыс клубының төрағасы Нұрлан Ерімбетов, мәдениеттанушы-ғалым Мұрат Әуезов, қоғам қайраткері Досмұхамет Нұр-Ахмет, жазушы Смағұл Елубай, режиссер Игорь Вовнянко, «Абай-ақпарат» қазақ интернет кеңістігін дамыту қорының» вице-президенті Айдос Сарым, Қарағанды облыстық жазушылар одағының төрағасы Серік Ақсұңқарұлы, «Астана-Бәйтерек» әйелдер клубының президенті Тамара Лавриненко және т.б. белгілі азаматтар қатысты.
Жиын барысында Қазақстанда тіркелген әлемдік байқаушылар институты, отандық және шетелдік БАҚ өкілдері Қоғамдық комиссия қызметінің наурыз айының 1-і мен 25-і аралығындағы аралық қорытындыларымен танысуға мүмкіндік алды.
Басқосуды ашқан «Айт-Парк» пікірсайыс клубының төрағасы Нұрлан Ерімбетов қоғамдық комиссия жүргізіп отырған жұмыс барысын баяндап өтті. «Біздің байқағанымыз, бүгінде президенттіктен үміткерлер мен олардың үгіт-насихат шарасы жөнінде БАҚ-тарда тең деңгейде жарияланып келеді. Бұл жақсы көрсеткіш», – деді Н. Ерімбетов.
Бұдан кейінгі сөз алған жазушы Смағұл Елубай өзінің саяси науқанды бақылау жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде Қызылорда қаласы мен қалаға жақын жерлердегі учаскелерде болғандығын тілге тиек етті. «Біз бұрын сайлау барысы және оның ішкі жұмыстарынан хабарсыз болатынбыз. Бұл саяси науқанға бақылаушы ретінде араласып отырғаннан кейін көптеген нәрсені тұңғыш рет естіп, тұңғыш рет көргендей болдық. Біздің мақсатымыздың өзі сол еді. Тәуелсіз бақылаушы болғаннан кейін міндет осынау сайлау үдерісінің бүге-шігесімен танысуды көздедік. Қызылорда облыстық сайлау комиссиясы 40-қа жуық қоғамдық ұйым мен партиялардың өкілдерін жинады. Солармен комиссияның жұмысы жөнінде сұхбат болды. Бұдан кейін қалаға жақын ауылдағы екі бірдей учаскені аралап көрдік. Бір атап өтерлігі, Қызылорда қаласында сайлауға дайындық жақсы деңгейде екен», деді жазушы өзінің сөзінде.
Ал қоғамдық комиссия мүшесі Мұрат Әуезов өзі барған Талдықорған облысына сапары жөнінде әңгімелеп берді. Оның айтуынша, 21-22 наурыз күндері Талдықорғанда сайлау науқанына дайындық жақсы әсер қалдырған. «Әрине, бұл жерде президенттіктен үміткер Нұрсұлтан Назарбаевқа деген оң көзқарас айқын байқалып тұрды. Қалған кандидаттар штабтарының жұмысы соншалықты байқалмайды. Мәселен, Мэлс Елеусізовке арналған бір билбордты көзіміз шалды. Бұдан байқағанымыз, біздің қоғам әлі де азаматтық қоғамға айналмаған. Еліміздің кейбір әлеуметтік тобы ғана сайлау науқанына қатысуда, халықтың белсенділігі төмен деңгейде. Сондықтан, халық бұл үдерістен сырт қала алмайтынын, елде демократиялық қоғам қалыптасуы керектігін түсінуі керек. Жалпы алғанда, біздің сапардан алған әсеріміз жаман емес», деді М.Әуезов.
Өз сөздерінде Досмұхамет Нұр-Ахмет қоғамдық комиссияның ішкі тыныс-тіршілігін әңгіме өзегіне айналдырса, Айдос Сарым саяси науқанға дайындықтың жалпы көрінісі көңіл көншітерліктей болғанымен, кандидаттар штабтары белсенділігінің төмендігін атап өтті.
Сонымен қатар, бұл күнгі аралық есепте Қоғамдық комиссияның өңірлерде филиалдары (16 өңірлік қоғамдық комиссия) құрылып, олардың бүгінгі таңда белсенді жұмыс жүргізіп отырғандығы айтылды. Қоғамдық комиссия студент жастардан, зейнеткерлерден, белсенді азаматтардан құралған ерікті-байқаушылар тобын қалыптастырып жатыр екен.
Бұған қоса, қоғамдық комиссия мүшелері бірқатар жұмыстардың басын қайырған көрінеді. Мәселен, кезектен тыс президенттік сайлауды бақылауға комиссияның ерікті-байқаушы дайындау жөніндегі республикалық орталығының тәжірибелі мамандары дайындаған 6 мыңға жуық байқаушы қатысады деп көзделіп отыр. Сондай-ақ, кезектен тыс сайлауды бақылауды жүзеге асырудың негізгі тетіктері мен қағидалары және әдіс-тәсілдері, байқаушылардың құқықтары мен міндеттері түсінікті тілде берілген «Байқаушының жұмыс дәптері», «Байқаушыға көмек үшін» атты байқаушыларды оқыту модулі, сондай-ақ әдістемелік құралы шығарылыпты.
Бұл күні, сонымен қатар, қоғамдық комиссия ұйымдастырған «Сайлау үрдісіндегі саяси технология: тәжірибе, сараптама және бақылау» атты «дөңгелек үстелдің» тәжірибелігі айтылып, сайлау үрдісінің барлық кезеңінде сайлау заңының бұзылмаушылығын қадағалау мақсатында 17 наурызда бекіген «Әділ сайлау үшін» атты меморандумның оңды тұстары көлденең тартылды.
Аралық есепте Қазақстанда қоғамдық байқаушылар институттарының рөлі артып келе жатқандығына да назар аударылды. Мәселен, комиссия мүшелерінің пікірінше, 2005 жылғы президенттік сайлау кезінде қоғамдық комитеттер құрылу кезеңін бастан өткізсе, қазіргі таңда «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның (2007 ж. 19 маусымындағы) либерализациялануына сәйкес олардың сайлауға қатысуы нақты белгіленгендіктен, бұл үрдіс еліміздің қоғамдық-саяси өмірінің өзгеруі мен қазақстандық азаматтық қоғамның дамуына сәйкес жүріп келеді.
Сонымен қатар, аралық есепте сайлау учаскелерінің құрылуы мен шекарасының белгіленуі заң шеңберінде жүзеге асырылғандығы атап көрсетілді. Бүгінде олардың құрамына саяси партиялар мен қоғамдық
қозғалыстардың өкілдері енген, оның ішінде сайлауға қатыспайтын Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Азат» Жалпыұлттық әлеуметтік-демократиялық партиясы, «Руханият» партиясы, Қазақстанның Коммунистік партиясы, «Қазақстан жастарының демократиялық одағы» РҚБ, «Қазақстанның іскер әйелдер ассоциациясы» ҚБ, «Өндірісшілер және кәсіпкерлер одағы» ҚБ бар екен.
Комиссия үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстары (Ж. Ахметбеков, Ғ.Қасымов және М.Елеусізов) негізінен Алматы және Астана қалаларына бағытталғандығын атап айтты. Бұған қоса, Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан облыстарында үміткерлердің сенім білдірілген адамдары мен қоғамдық штабтарының белсенділігі кемшін түсіп жатқан көрінеді. Қоғамдық комиссияның өңірлерге барып келген мүшелері Қостанай, Қызылорда және Жамбыл облыстарының жекелеген қалалары мен ауылдарында сайлау комиссиялары әлсіз жарақтандырылған деп есептейтіндігін мәлімдеді. «Ал бұл сайлауға қатысуға кері әсерін тигізуі мүмкін», – дейді қоғамдық комиссия өкілдері. Бұған қоса, сайлаушылар тізімдері дұрыс жолға қойылмағандықтан, өңірлердегі сайлаушы азаматтардың нақты санын білу қиындық тудырып отырғандығы, сондай-ақ, штабтар мен сайлаушылар белсенділігінің төмендігі де көлденең тартылды.
Басқосуға қатысушылардың ой-пайымдары: «Сайлау үдерістеріне жаңаша өзгерістер енгізіп, жұмыстар жүргізуіміз қажет. Сайлау – демократиялық қоғамның кемшіліктерін көрсетіп берді. Ол үшін бүгінгі заңнамаларға да өзгерістер енгізілуі тиіс», деген ортақ пікірге сайды.
Жиын соңында студент жастардың бастамасымен Қоғамдық комиссияның (bakylau.kz) сайты құрылғандығы, бүгінде бұл сайт белсенді жұмыс режіміне көшкендігі айтылды. Мұндай сайттар Ақтөбе және Қарағанды облыстарындағы филиалдарда да ашылыпты.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.