26 Наурыз, 2011

Таң Шығыстан атады

448 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өр Алтайдың төрінде орналасқан Шығыс Қазақстан облысында жұмыс сапарымен болды. Ежелден еліміздің өндірісті, өнеркәсіпті өңірі саналатын бұл облыс қазір де осы салалардың көшбасшысы болып отыр. Бір жылдың ішінде заманауи үлгіде салын­ған 898 үйлі үш ауыл салған да бірден-бір облыс осы. Соның ішінде Тарбағатай ауданының Жәнтікей және Көк­жыра ауыл­дары жарты жылда қалпына келтірілсе, Өскемен қа­ласында «Нұр­лы көш» бағдар­ла­масы шең­берінде жаңа ауыл тұрғызылды. Нұрсұлтан Әбішұлының Шы­ғысқа жасаған жұмыс сапары да осы ауылдың тұрғындарымен кездесуден басталды. Бұл ауыл құрылысының бірінші кезеңіне 2010 жылы республикалық бюд­жеттен 3,9 млрд. теңге қаражат бөлінген екен. Қаздың бала­сын­дай жасыл төбелі біркелкі үйлер анадайдан көз тартады. Осы ауылға қоса жалпы саны 363 тұр­ғын үй, 600 орынды мектеп пен 280 орынды балабақша құрылысы да бірге жүріп жатыр. Бүгінгі таңда құрылысы то­лық аяқталған 30-дан астам үйде жаңа тұрғындар тұрып жатыр. Соның бірі Нұрбақыт Атан­ұлы­ның отбасы екен. 2007 жылы Қы­тайдан атамекенге оралған оның отбасында бұрын төрт қыз болған көрінеді. Бәрі де бақуат, аман-есен ержеткен. Енді туған елдің түтіні жағып, 2008 жылы отбасы көптен күткен үлкен қуа­нышқа кенеліп, ұлды болыпты. Нұрбақыттың өзі осы ауылдың әкімі болып тағайындалып, қуа­ныштары қуанышқа қосылуда екен. Мамандығы заңгер ол Қытайда да осындай қызмет ат­қарыпты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы шаңырақта бо­лып, олардың қуаныштарына құт­ты болсын айтты. Кішкентай Есіл де талпынып, Президент атасына қазақша қол беріп жат­ты.

Еліміз тәуелсіздік алған жыл­дары Шығыс Қазақстанға жалпы саны 49 мыңдай оралман келген екен, соның 68 пайызы Қытай­дан, 24 пайызы Моңғолиядан оралғандар көрінеді. Елбасының сапары Наурыз тойы күндерінде болғанын пайдаланған олар орал­мандар ауылын мерекедегідей безендіріп, ән мен күйге бөлеп жіберді. Соның ішінде Моң­ғолиядан келген оралман Нұр­тай Тілеужан Елбасына ақ домбырамен ақ жүректен шық­қан арнауын айтты. Осыдан кейін Президенттің кортежі «Шығыс-сүт» зауытына бет алды. Бұл жерде Елбасын корпорацияның басшысы Сейілжан Сайлаубаев қарсы алып, ат­қарып жатқан істерімен таныс­тырды. Осыдан 11 жыл бұрын іскер азамат Васильевка ауылын­дағы шағын зауытты сатып алған. Ол кезде сүт өнімдерінің үш түрін ғана шығаратын. Арада үш жылдан кейін С.Сайлаубаев Ұлан ауданындағы Украинка ауылындағы сүт зауытына қар­жы салып, оның технологиясын жаңарта бастады. Одан кейін Үлкен Нарындағы, Зырян қала­сын­дағы сүт зауыттарына да жан бітірген азамат қазір еліміздегі ең ірі сүт өндіретін зауытқа қол жеткізіп, өнімдерін Алматы облысы, Семей және Өскемен қалаларына, Ресейдің Алтай өлкесіне жөнелтуде. – Өздеріңіз мал өсіріп, ша­бын­дық пен жайылымдыққа ие шы­ғарсыздар? – деп сұрады Нұр­сұлтан Әбішұлы. – Қазір бізге қарасты қожа­лық­тарда 5380 ірі қара, екі мың­ға тарта сауын сиыр, 16 мың гектардан асатын жайылымдық, 17 мың гектар егістігіміз бар. Мал­ға қажетті жем-шөпті ешкімге қол жаймай өзіміз дайындап ала­мыз, – деп жауап қатты С.Сайлаубаев. Бұдан кейін Елбасы сүт кластерін құру жөнінде қандай істер тындырылып жатыр деген сауал қойды. Сүт кластерін құру кә­сіп­орынның екінші тынысын аш­қан сыңайлы. Асыл тұқымды сиырларды өсіру, сүттің сапасы мен одан жасалған сүт тағам­дарының сауда орындарында жа­тып қалмауы үшін корпорация жаңа бағытта жұмыс істеп жа­тыр. Қазір бір Өскеменнің өзінде 1200 дүкен «Шығыс-сүттің» та­ғам­дарын сатып алса, Семейдің 500 дүкені осы кәсіпорынның өнімдерін тұрғындарға сатуда. Сүт зауытының кең фойесінде Шығыс өңірінің әлеуметтік-экономикалық ахуалы, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аяқ алы­сы туралы деректер экраннан көрсетілді. Елбасы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың жұмы­сы­на ризалығын атап өтті. Бұдан кейін Елбасы құс фаб­ри­касы, Бұқтырма цемент зауы­ты, «Азия авто» акционерлік қо­ғамының жұмыстарымен та­ныс­ты. «Азия авто» АҚ президенті Ержан Мандиев қазір кәсіп­орын­да көліктердің оннан астам түрінің шығып жатқанын тілге тиек етті. Басқасын былай қой­ғанда, Оңтүстік Кореяның KIA маркалы көлігінің дәл қазір жеті түрі шығарылып жатыр. – Қазақстанның өз автокөлігі сапалы болуы тиіс, болашақта тетіктен бастап қорабына дейін өзімізде құрастырсақ ұтамыз, – деді Елбасы. – Аманшылық болса, құрас­ты­ру цехының құрылысы баста­лады. Жыл аяғына дейін көлік­тер­дің тағы бірнеше түрін шы­ғарсақ деген ой бар, – деді Ержан Мандиев. – Биыл еліміз үшін елеулі оқиға, Тәуелсіздіктің 20 жылды­ғын атап өтеміз. Әр облыс өз мүм­кіндіктеріне қарай талпы­ныс жасауда. Мәселен, Шығыста көп істер атқарылып жатқанын білеміз. Өткен жылы Тарба­ға­тай­дағы табиғат апаты кезінде он миллиард теңге қаржы бөл­дік. Халық тұрғын үймен қам­тамасыз етілді. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығын дамыту, мал тұқымын асылдандыру бас­ты міндет. Міне, бүгін жаңа сүт зауытының ашылуына қатыс­тық. Ет пен сүтті қашанғы шетелдерден тасимыз. Демек, мал ба­сын көбейтіп қана қоймай кластерді дамыту қажет, – деді Ел­басы шаруа қожалықтары өкіл­дерімен кездесуінде. Қожалық иесі Мұхитжан Тұ­мабаев көрсетіп отырған қам­қор­лығы үшін Елбасына алғы­сын айтты. Олар мемлекеттен арзан несие алып, қондыр­ғы­ларды орната бастаған. – Қазір біздің қожалықта 5700 ірі қара бар, оның 1700-і сиыр. «Симменталь» тұқымды сиырдың орнында сүтті мол беретін Американың «Айшира» асыл тұқымды сауын сиырын өсі­ріп жатырмыз. Оның әрқай­сысы жылына 6200 литрден сүт береді. Асыл тұқымды бұзау­лар­ды басқа қожалықтарға сатып жатырмыз, – деді Шемонайха ауданындағы «Қамысты» шаруа қожалығының төрағасы Владимир Акулов. Елбасы Н.Назарбаевтың Шы­ғыс Қазақстан облысына жаса­ған жұмыс сапары Қазақстан халқы кіші Ассамблеясының өкілдері­мен спорт сарайында бол­ған кездесумен қорытынды­лан­ды. Мұнда ұлт­тық мәдени орта­лықтар жа­нын­дағы шығарма­шы­лық ұжым­дар үлкен концерттік бағдарлама дайында­ған екен. Олардың ара­сын­да кәсіби өнерпаздар да өзде­рі­нің шеберліктерін көрсетіп жатты. Мерекедегідей безендірілген, көркем кең сарайда Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаев сөз сөйлеп, жи­налғандарды Наурыз мерекесімен құттықтады. Асқақ Алтай­дың тоңын жібіткен Ұлыстың ұлы күні ежелден елдік пен бір­ліктің мейрамы саналған. Күн мен түн теңелген, еліміз ырыз­дыққа кенелген бұл күн барша ізгіліктің бастауы, жақсы­лық­тың жаршысы. Сондықтан адам­затты дін мен ұлтқа бөлмейтін Наурыз елдік мерекеге, барша­мызға ортақ құндылыққа айнал­ды. Бүгінгі салтанатты шара со­ның айқын айғағы, деді Елбасы. Президент өзінің сөзін: «Біздің тағдырымыз ұқсас, тарихымыз ортақ, Отанымыз жал­ғыз, болашағымыз бір. Біз жарқын болашаққа бірге бара­мыз, жаңа дәуірдің іргесін бірге қалаймыз. Ендеше, жасампаздық жаршысы Наурыз мейрамы құтты болсын, Жаңа жыл жақ­сы­лығымен келсін», деп аяқ­тады. Жақсыбай САМРАТ, Оңдасын ЕЛУБАЙ, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.