29 Наурыз, 2011

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – мемлекеттік саясаттың басым бағыты

10830 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Сыбайлас жемқорлықпен кү­рес мәселелері кез келген мемлекет үшін өзекті пробле­малар­дың бірі. Барлық елдерде оның транс­ұлттық сипаты танылып, оғ­­ан қарсы экономикалық, құ­қық­тық және басқа да шаралар қолда­ны­луда. Қазақстан Республикасында тәу­елсіздік алған мезеттен бастап бұл аса ауыр қылмыстарға қа­тысты қатаң мемлекеттік саясат қалыптасты. Еліміз ТМД мем­лекеттерінің арасында бірінші болып 1998 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тура­лы» арнайы заңын қабылдады. Кейіннен бұл саладағы ұлттық заң­наманы жетілдіру барысында Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйы­мының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы, Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенция­ла­рын және басқа да жалпы жұрт та­ны­ған халықаралық актілерді ратификациялап, сыбайлас жем­қор­лық­қа қарсы бүкіләлемдік қо­ғам­дастықтың тең мүшесіне айналды. Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы бүкіләлемдік кеңістіктегі Қа­зақстанның көрсеткіштері жыл сайын жоғарылап келеді. Бұл про­блемамен жан-жақты айна­лы­сып жүрген беделді халық­ара­лық ұйым – Транспаренси Интернешнл қорының деректеріне сүйенсек, сыбайлас жемқорлық­ты қабылдау индексі бойынша Қазақстан 2008 жылы 170-тен астам елдің ішінде 145 орында болса, 2009 жылы 120 орынға, ал былтырғы жылы 105 орынға дейін көтерілді. Бұл индекс кә­сіпкерлердің, сарапшылар мен зерттеу ұйымдарының мәлімет­те­­рін қорытындылай отырып, жыл сайын шығарылып отырады. Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күрестің тиімділігін арттыру мақсатында өз ұсыныстарымды назарларыңызға салсам. Елімізде жүргізіліп жатқан жұ­мыстың тиімділігін арттыру үшін бізде сыбайлас жемқор­лық­тың ауқымы жайлы толық мә­лі­мет болуы керек. Ол үшін бірінші кезекте бұл қылмыстардың қатары нақты анықталуы тиіс. Бұл мәселеде ұлттық заңнамада бір олқылықтар бар сияқты. Мы­салы, Қазақстан Республикасы ратификациялаған 2003 жылғы 31 қазандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы конвенциясының 21-ба­бына сәйкес, әрбір оған қа­тысушы мемлекет экономи­ка­лық, қаржы немесе ком­мер­ция­лық қызметтің барысында жаса­латын мынадай әрекеттерді қыл­мыс деп тануы қажет: а) жеке сектор ұйымында он­ың жұмысына басшылық ететін немесе кез келген салада осын­дай ұйымда жұмыс істейтін кез-келген адамға өзі немесе делдалдар арқылы қандай да бір заңсыз басымдылыққа уәде беру, оны ұсыну немесе беру; b) жеке сектор ұйымында бас­шылық ететін немесе кез келген салада осындай ұйымда жұ­мыс істейтін адам, өзі немесе басқа адам үшін, өзінің міндеттерін бұза отырып, қандай да бір әрекет немесе әрекетсіздік жаса­уы мақсатында тікелей өзі немесе делдалдар арқылы қандай да бір заңсыз басымдылықты қор­қы­тып алу немесе қабылдау. Қысқаша айтқанда, бұл нормаларда жеке сектор ұйымда­рын­да пара беру және пара алу қылмыстары көзделген. Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы ұлттық заңнаманы алып қа­расақ, Конвенцияда бекітілген қылмыстар сыбайлас жемқорлық қылмыстар болып табылмайды. Өйткені, жеке секторда пара алумен күресу үшін қабылданған Қылмыстық кодекстің 224 - «Заң­сыз сыйақы алу» және 231 - «Коммерциялық сатып алу» бап­тары сыбайлас жемқорлық қыл­мыстардың қатарында жоқ (307-бап ескертулерінің 5-тармағы). Осы қылмыстар санатын анық­таған Қазақстан Республикасы Әділет министрі мен Бас про­ку­рорының 1998 жылғы 16 қазан­дағы № 110 «Сыбайлас жемқор­лық қылмыстар туралы» Бірлескен бұйрығында 224-бап, ал 2000 жылғы 5 маусымдағы № 27 осындай бұйрығында 224, 231- бап­тар бар еді. Бірақ соңынан Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 484-ІІ «Қазақстан Республикасының кей­бiр заң актiлерiне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәсе­лелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заңымен сыбайлас жемқорлық қыл­мыстардың тізімі Қылмыс­тық кодексте беріліп, оған 224, 231-баптар енбеді. Сондықтан қа­зіргі таңда жоғарыда көрсе­тіл­ген Конвенцияның талаптары­мен ұлттық заңнаманы сәйкес­тендіру мақсатында сыбайлас жемқорлық қылмыстардың қата­рын қайта қарау керек. Әрине, бұл қылмыстармен кү­ресте қылмыстық-құқықтық ша­ралардың маңызы ерекше. Сөйт­се де, оларды болдырмауда, ал орын алған жағдайда, жасаған адамдарды жазалауда тәртіптік, әкімшілік және азаматтық жа­уап­тылық шараларын да кеңінен қолданған жөн. Айталық, Қазақстан Респуб­ликасы Салық кодексінің және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының талап­та­рына сәйкес, кез келген мемлекеттік лауазым атқаратын адам және оның жұбайы (зайыбы) жыл сайын салық заңнамасында белгіленген тәртіппен тұрғы­лы­қ­ты жері бойынша салық орга­ны­на са­лық салу объектісі болып табы­латын және Қазақстан Рес­пуб­ли­касының аумағындағы, од­ан тыс жерлердегі табыстары мен мүлкі туралы декларациялар тапсырып отыруы тиіс. Тәжіри­беде көпте­ген мемлекеттік қыз­мет­шілер бұл міндетке атүсті қа­райды. Олар­дың ойынша, 31 наурызға дейін декларацияны үс­тірт толтырып, салық органы­на тапсырса бол­ға­ны. Бұл мерзімнен кешігіп келе­тіндердің де саны аз емес. Қолданыстағы заңнамада мұн­дай заң бұзушылықтар үшін қа­таң шаралар көзделген. «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 27-бабына сәйкес, мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң өз та­бысы мен мүлкi туралы көрiнеу жалған мәлiмет беруi олардың мемлекеттiк қызметiн тоқтатуы үшiн негіз болып табылады. «Сы­байлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 9-бабы 5-тармағына сәйкес, аталған адам­дардың көрсетiлген мәлiмдеме­лер мен мәлiметтердi табыс ет­пеуi немесе толық, дұрыс табыс етпеуi, егер жасалған әрекетте қылмыстық жазаланатын әрекет­тiң белгiлерi болмаса, оларды жұмыстан босатуға немесе мем­ле­кеттiк және оған теңестiрiлген мiндеттердi атқарудан заңмен көзделген тәртiппен өзгедей бо­са­туға әкеп соғады. Болашақта мемлекеттік қыз­мет­керлер тек өздерінің табыс­та­ры ғана емес, үлкен шығыстары туралы декларация тапсыру әб­ден мүмкін. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев 2008 жылы өткен «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Сыбайлас жемқ­ор­лыққа қарсы форумында шенеуніктер табысының қайнар көзде­ріне тиімді бақылау орнату және біртіндеп жалпыға бірдей та­быстарды декларациялауды енгізу қажеттігін атап өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы конвенциясында «Заңсыз баю» деп аталатын 20-бап қы­зық­тырады. Соған сәйкес, заң­сыз баю, яғни жария лауазымды адамның активтерінің оның заң­ды табыстарынан елеулі түрде артып кетуді, егер ол ақылға қо­нымды ретпен оны негіздей ал­маса, қылмыс ретінде танылады. Кейбір елдерде мұндай қыл­мыстар бар. Аргентина Қылмыс­тық кодексінің 268/2-бабында заң­­сыз баю әрекеттерінің қыл­мыс­тылығы белгіленген: заң­да қойылған талапқа жауап ретінде өзінің көлемі елеулі түрде артып кеткен мүліктік баюының шығу тегіне түсінік бермеген адам, егер бұл әрекеттер мемлекеттік лауа­зымда болған кезде не одан кеткен соң екі жыл ара­сындағы уа­қытта жасалған болса, қылмыс­тық жауаптылыққа тартылады. Расында да, күнделікті өмір­де сондай жоғары жалақы ал­май­тын кейбір шенеуніктер қата­рынан өздерінің табыстарының көлемімен үйлеспейтін шығыс­тар жасау фактілері аз емес. Әрине, бұл мемлекеттік қызмет­шілерге қымбат автокөліктер алу­ға және басқа да үлкен са­тып алуларды жасауға мүлдем тый­ым салынған дегенді білдірмейді. Ең негізгісі – олардың табыс көздерінің заңды болуына қол жеткізу керек. Бұл жерде са­лық органдары мемлекеттік ор­ган­дардың кадр мәселелеріне жа­уапты бөлімдерімен және Мем­лекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің басқармаларымен ты­­ғыз жұмыс жасауы қажет. Талғат НАЗАРБЕКОВ, Астана қаласы Сарыарқа ауданы бойынша салық басқармасы мәжбүрлеп өндіріп алу бөлімінің бас маманы.