2011 жылғы 5 қаңтар Астана қаласы
Наркологиялық ұйымдар (ауруханалар, диспансерлер) жөніндегі ережені бекіту туралы
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі кодексінің 7 және 32-баптарына сәйкес және Қазақстан Республикасындағы наркологиялық ұйымдардың мәртебесі мен өкілеттігін анықтау мақсатында бұйырамын:
1. Қоса беріліп отырған Наркологиялық ұйымдар (ауруханалар, диспансерлер) жөніндегі ереже бекітілсін.
2. «Денсаулық сақтау ұйымдарының үлгі штаттары мен штат нормативтерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2010 жылғы 7 сәуірдегі № 238 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6173 тіркелген, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілер Бюллетенінде 2010 жылғы маусымда № 6 жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
Көрсетілген бұйрықпен бекітілген денсаулық сақтау ұйымдарының үлгі штаттары мен штат нормативтерінде:
5-тарауда:
Мынадай мазмұндағы 335-1 тармақпен толықтырылсын:
«335-1. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарының нарколог-дәрігерлерінің лауазымдары:
Нарколог-дәрігерлердің 1 тәуліктік посты – уақытша бейімдеу және детоксикация орталығының 20 төсегіне.
Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығының меңгерушісі лауазымы әрбір орталыққа белгіленеді»;
339-тармақтың 3 абзацындағы «жасөспірімдер» деген сөз «балалар» деген сөзбен ауыстырылсын;
345-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«345. Сот-наркологиялық сараптама жүргізу үшін әрбір наркологиялық ұйымға сот-наркологиялық сарапшы дәрігердің екі лауазымы. Егер жылына сот-наркологиялық сараптаманың саны 1000-нан асатын болса, онда сот-наркологиялық сараптамашы дәрігердің бір лауазымы қосымша енгізіледі»;
349-1 тармақ мынадай мазмұндағы баяндаумен толықтырылсын:
«349-1. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарының медициналық бике лауазымдары нарколог-дәрігерлер лауазымдарына сәйкес бекітіледі.
Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарының фельдшерлер лауазымдары нарколог-дәрігерлер лауазымдарына сәйкес бекітіледі.
Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарының аға медициналық бике лауазымы әр орталыққа бекітіледі»;
355-1 тармақ мынадай мазмұндағы баяндаумен толықтырылсын:
«355-1.Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарының санитар, санитар-жуындырушы және бақылау бойынша санитар лауазымдары нарколог-дәрігерлер лауазымдарына сәйкес бекітіледі.
Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарының шаруашылық-бикесі лауазымы әр орталыққа бекітіледі»;
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті (Төлеғалиева А.Ғ.) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өтуін қамтамасыз етсін.
4. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Әкімшілік-құқықтық жұмыстар жөніндегі департаменті (Бисмильдин Ф.Б.) аталған бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін заңнамада бекітілген тәртіппен бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
5. Аталған бұйрықтың орындалуына бақылау жүргізу Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Е.Ә. Байжүнісовке жүктелсін.
6. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министрдің міндетін атқарушы Б.САДЫҚОВ.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрдің м.а. 2011 жылғы 5 қаңтар №2 бұйрығымен бекітілген
Наркологиялық ұйымдар (ауруханалар, диспансерлер) туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1. Наркологиялық ұйымдар (ауруханалар, диспансерлер) (бұдан әрі – наркологиялық ұйымдар) профилактикалық жұмысты жүзеге асыратын және мамандандырылған медициналық көмек көрсететін, сондай-ақ алкоголь және (немесе) психоактивті заттарды (есірткі, психотропты заттар, психостимуляторлар, галлюциногендер, ұшпа ерітінділер, темекі) (бұдан әрі – ПАЗ) зиянды салдарымен тұтынатын әрі алкогольге және (немесе) психоактивті заттарға тәуелді науқастарға медициналық-әлеуметтік оңалтуды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары болып табылады.
2. Наркологиялық ұйымдар дөңгелек мөрі мен өзінің толық атауы белгіленген мөртабаны бар заңды тұлға болып табылады.
3. Наркологиялық ұйымдардың штаттары денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен үлгі штаттарға және штат нормативтеріне сәйкес белгіленеді.
4. Наркологиялық ұйымдар өзінің қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін және осы Ережені басшылыққа алады.
2. Наркологиялық ұйымдардың негізгі міндеттері мен функциялары
5. Наркологиялық ұйымдардың негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
1) алкогольді және (немесе) басқа да ПАЗ-ды зиянды салдарымен тұтынатын әрі алкогольге және (немесе) басқа да ПАЗ-ға тәуелді науқастарға сапалы наркологиялық көмек көрсету;
2) республика халқының арасында алкогольге және (немесе) басқа да ПАЗ-дың зиянды салдарымен тұтынатын әрі алкогольге және (немесе) басқа да ПАЗ-ға тәуелді науқастардың таралу үрдісінің дамуын тиімді тежеу және бетін қайтару;
3) ұзақ және тұрақты оңалуға қол жеткізе отырып, алкогольге және (немесе) басқа да ПАЗ-ға тәуелділерді медициналық-әлеуметтік оңалту;
4) алкогольден орташа деңгейдегі мас болу жағдайындағы (уыттанған) пациенттерді уақытша бейімдеу және детоксикациялау;
5) алкогольді және (немесе) басқа да ПАЗ-ды зиянды салдарымен тұтынатын әрі алкогольге және (немесе) басқа да ПАЗ-ға тәуелді науқастарды есепке алу, профилактикалық бақылау.
6. Қойылған міндеттерге сәйкес наркологиялық ұйымдар мынадай қызметтерді жүзеге асырады:
1) алкогольді және (немесе) басқа да ПАЗ-ды зиянды салдарымен тұтынатын әрі алкогольге және (немесе) басқа да ПАЗ-ға тәуелді науқастар сұраныстарына сәйкес наркологиялық көмек көрсетуді (ұсынылатын қызметтердің қауіпсіздігі, қол жетімділігі, көлемі мен сапалық сипаттамалары бойынша) қамтамасыз ету;
2) халықтың әртүрлі топтарының арасында алкогольге және (немесе) ПАЗ-ға тәуелділікке құмартушылықтың тиімді түрдегі алғашқы профилактикасы (алкогольге және (немесе) басқа да ПАЗ-ға құмарлықтың қауіптілігі жоғары топтарына диагностика және қауіптілігі асқынған түріне тиімді түзету жасауды бірге қоса);
3) халықтың әртүрлі топтарының арасында алкогольді және (немесе) басқа да ПАЗ-ды зиянды салдарымен тұтынатын әрі алкогольге және (немесе) басқа да ПАЗ-ға тәуелді науқастар ауруларының алғашқы білінуі мен кең таралған клиникалық сипатына диагностика жүргізу, наркологиялық көмек бағдарламасына қатысуға уәждемелеу;
4) алкогольді және (немесе) басқа да ПАЗ-ды зиянды салдарымен тұтынатын әрі алкогольге және (немесе) басқа да ПАЗ-ға тәуелді науқастарды медициналық-әлеуметтік оңалту уәждемесімен қоса, алғашқы наркологиялық көмек бағдарламаларымен толыққанды қамтуға қол жеткізу;
5) ішкі істер органдары қызметкерлері тарапынан жеткізілген пациенттерді емдеуге жатқызу қажеттігі немесе жатқызуға қарсылық білдіру мәселесін шешу мақсатында алкоголь және (немесе) басқа да ПАЗ-дан мас болу (уыттану) деңгейіне диагностика жасау;
6) ұзақ әрі тұрақты ремиссияға және рецидивке қарсы әрі қолдаушы терапия уәждемесіне қол жеткізе отырып, амбулаториялық және стационарлық жағдайда алкогольді және (немесе) басқа да ПАЗ-ды зиянды салдарымен тұтынатын әрі алкогольге және (немесе) басқа да ПАЗ-ға тәуелді науқастарды тиімді түрде емдеу және медициналық-әлеуметтік оңалту;
7) наркологиялық көмектің соңғы кезеңіндегі ремиссия жағдайында тұрған алкогольге және (немесе) ПАЗ-ға тәуелді науқастар арасында рецидивтердің тиімді профилактикасы (рецидивке қарсы және қолдаушы терапия);
8) алкогольді және (немесе) ПАЗ-ды үнемі пайдаланудың мейлінше ауыр асқынулары мен салдарын тиімді профилактикалау (медициналық – коморбидті патологияның дамуы, АИТВ-ны қоса алғанда, мерзімінен бұрын мүгедектену, өлім-жітімділік, әлеуметтік тәртіп нысандарына қарсы әлеуметтік тәртіп үлгісі, қылмыстық белсенділік, күшпен басып алулар, аутоагрессиялар);
9) наркологиялық ұйымның қызмет көрсету аумағындағы алкогольді және (немесе) басқа да ПАЗ-ды зиянды салдарымен тұтынатын әрі алкогольге және (немесе) басқа да ПАЗ-ға тәуелді науқастарға наркологиялық көмек көрсету жағдайына талдау жүргізу және медициналық көмек сапасының индикаторларына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен бекітілген есептік және өзге де құжаттардың статистикалық өңделуінің негізінде баға беру;
10) наркологиялық көмекті ұйымдастыру мәселесі бойынша консультациялық және ұйымдастырушылық- әдістемелік көмек көрсету.
3. Наркологиялық ұйымдардың құрылымы
7. Өзіне жүктелген қызметтерге байланысты наркологиялық ұйымдардың құрылымында мыналар ұйымдастырылуы мүмкін:
1) диспансерлік (емханалық) наркологиялық бөлімше;
2) балаларға арналған наркологиялық бөлімше (кабинет);
3) жасырын емдеу жөніндегі наркологиялық бөлімше (кабинет);
4) алкогольге және (немесе) ПАЗ-ға тәуелді науқастардың жіті және жітілеу абстинентті жағдайларын дәрі-дәрмек арқылы емдеуге және уәждемелі терапия жүргізуге арналған стационарлы наркологиялық бөлімшелер, оның ішінде алкогольге және (немесе) ПАЗ-ға тәуелді науқастарды мәжбүрлі түрде тексеруге және емдеуге арналған бөлімшелер;
5) медициналық және әлеуметтік оңалту бөлімшесі (психотерапия және оңалту бөлімшесі, әлеуметтік оңалту бөлімшесі);
6) уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы;
7) күндізгі наркологиялық стационар;
8) ұйымдастыру-әдістемелік бөлімі;
8. Аудандық немесе қалалық емханаларда наркологиялық кабинеттер жұмыс істей алады.
§ 1. Диспансерлік (емханалық) наркологиялық бөлімше
9. Диспансерлік (емханалық) наркологиялық бөлімше алкогольді және (немесе) басқа да ПАЗ-ды зиянды салдарымен тұтынатын әрі алкогольге және (немесе) басқа да ПАЗ-ға тәуелді науқастарға наркологиялық көмек көрсету хаттамаларына сәйкес мамандандырылған медициналық көмек көрсетуші, наркологиялық ұйымның құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
10. Диспансерлік (емханалық) наркологиялық бөлімшенің медицина қызметкерлері мыналарды жүзеге асырады:
1) алкогольге және (немесе) басқа да ПАЗ-ға тәуелді науқастарды анықтау, есепке алу және диспансерлік бақылау;
2) алкогольді және (немесе) басқа да ПАЗ-ды зиянды салдарымен тұтынатын науқастарды анықтау, есеп жүргізу (көрсеткіштер бойынша);
3) алкогольді және (немесе) басқа да ПАЗ-ды зиянды салдарымен тұтынатын әрі алкогольге және (немесе) басқа да ПАЗ-ға тәуелді науқастарға амбулаториялық-емханалық көмек;
4) алкогольді және (немесе) басқа да ПАЗ-ды зиянды салдарымен тұтынатын әрі алкогольге және (немесе) басқа да ПАЗ-ға тәуелді науқастарды емдеудегі сабақтастықты қамтамасыз ету;
5) зиянды өндірістік факторлары бар жұмысқа кіруге, көлік құралдарын басқаруға, суық және оқ-дәрімен атылатын қару-жарақ және басқаларды иеленуге және пайдалануға рұқсат беру туралы қорытынды шығару;
6) науқастардың еңбекке уақытша жарамсыздығын сараптау;
7) көрсетілген наркологиялық көмектің тиімділігіне талдау жүргізу.
11.Наркологиялық көмек көрсету үшін диспансерлік (емханалық) наркологиялық бөлімше мыналарға ие болады:
1) учаскелік нарколог дәрігерлердің кабинеттері;
2) оңалту бағдарламасы мен психодиагностика бойынша арнайы жеке және топтық психотерапиялық жұмыстар жүргізу үшін психологтар мен психотерапевтерге арналған кабинеттер;
3) бөлімше меңгерушілері мен аға мейірбикелерге арналған кабинеттер;
4) жасырын емдеу кабинеті;
5) сот-наркологиялық сараптама жүргізу кабинеті;
6) алкогольге және есірткіге қарсы үгіт-насихат жүргізу кабинеті;
7) консультация беруші дәрігерлердің (терапевт, невропатолог дәрігер және басқалар) кабинеттері;
8) қосалқы бөлімшелер: клиникалық-диагностикалық зертхана, функциялық диагностика кабинеті, сәуле арқылы диагностика жүргізу кабинеті, физиотерапиялық кабинет және т.б.
9) тіркеу орны;
10) мастыққа сараптама жасау кабинеті;
11) ем-шара кабинеті.
12. Диспансерлік (емханалық) наркологиялық бөлімшенің наркологиялық кабинеттеріндегі нарколог дәрігерлердің, нарколог фельдшерлердің және медбикелердің жұмысы аумақтық принцип бойынша жүргізіледі.
§ 2. Балаларға арналған наркологиялық бөлімше (кабинет)
13. Балаларға арналған наркологиялық бөлімше (кабинет) балалар арасындағы наркологиялық аурулардың алдын алу бойынша профилактикалық жұмысты жүзеге асыратын, алкогольді және (немесе) басқа да ПАЗ-ды зиянды салдарымен тұтынатын әрі алкогольге және (немесе) басқа да ПАЗ-ға тәуелді науқас балаларға наркологиялық көмек көрсету хаттамаларына сәйкес мамандандырылған медициналық көмек көрсетуші, наркологиялық ұйымның құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
Балаларға арналған наркологиялық бөлімше (кабинет) құрылымында стационарлы төсектер болмаған жағдайда, диспансерлік (емханалық) наркологиялық бөлімшенің шағын бөлімшесі бола алады.
14. Балаларға арналған наркологиялық бөлімшенің медицина қызметкерлері мыналарды жүзеге асырады:
1) балалар арасында алкогольге және (немесе) ПАЗ-ға тәуелді болу қаупінің өрісі тараған наркологиялық жағдайға және алғашқы профилактикалық ем жүргізу бейіні бойынша қарсы әсер етуге күш салу тиімділігіне мониторинг жүргізу;
2) балалардың ұйымдастырылған топтарында алкогольге және (немесе) ПАЗ-ға тәуелді болу бейіні бойынша шектен тыс жоғарғы қауіпті топтарды құру және кең ауқымды диагностика жүргізу;
3) балалардың ұйымдастырылған топтарында алкогольге және (немесе) ПАЗ-ға тәуелділікке бейімділігінің аса қауіптілерін тиімді түрде түзету;
4) балалар арасында алкогольге және (немесе) ПАЗ-ға тәуелді болу мен еліктіру белгілерін белсенді түрде анықтау, қолайлылық диапазонын есепке ала отырып, наркологиялық көмек көрсету бағдарламаларына қатысушы контингент құрамына уәждеме жасау;
5) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты уәждемелі ақпараттандырудың стандарттық алғашқы профилактикалық технологияларын жүзеге асыру;
6) алкогольді және (немесе) ПАЗ-ды зиянды салдарымен тұтынуға бейім әрі алкогольге және (немесе) ПАЗ-ға тәуелді балаларға диспансерлік және алғашқы прафилактикалық бақылау жүргізу;
7) алкогольді және (немесе) басқа да ПАЗ-ды зиянды салдарымен тұтынатын әрі алкогольге және (немесе) ПАЗ-ға тәуелді науқас балаларды емдеудегі сабақтастықты қамтамасыз ету;
8) алкогольді және (немесе) басқа да ПАЗ-ды зиянды салдарымен тұтынатын әрі алкогольге және (немесе) ПАЗ-ға тәуелді балаларға амбулаториялық-емханалық, стационарлық наркологиялық көмек көрсету;
9) көрсетілген наркологиялық көмектің тиімділігіне талдау жүргізу;
15. Балаларға арналған наркологиялық көмек олардың заңды өкілдерінің жазбаша келісімдері арқылы жасалынады.
16. Балаларға наркологиялық көмек жасау үшін наркологиялық бөлімше (кабинет) мыналарға ие болады:
1) науқастарға арналған палата;
2) бөлімше меңгерушісі мен аға мейірбикеге арналған кабинеттер;
3) балалардың участкелік нарколог дәрігерлері кабинеті;
4) оңалту бағдарламасы мен психодиагностика бойынша арнайы жеке және топтық психотерапиялық жұмыстар жүргізу үшін психотерапевт және психолог дәрігерлерге арналған кабинеттер;
5) ем-шара кабинеті;
6) төсек-орын жабдықтары, шаруашылыққа қажетті бұйымдарды сақтайтын орын-жай.
17. Балаларға арналған наркологиялық бөлімше ересек наркологиялық науқастарды емдеуге арналған наркологиялық бөлімшелерден жекелеген кіру есігімен оқшау жайғастырылады немесе жекелеген ғимаратта орналастырылады.
§ 3. Жасырын емдеу бойынша наркологиялық бөлімше (кабинет)
18. Жасырын емдеу бойынша наркологиялық бөлімше (кабинет) алкогольді және (немесе) басқа да ПАЗ-ды зиянды салдарымен тұтынатын әрі алкогольге және (немесе) ПАЗ-ға тәуелді науқастарға наркологиялық көмек көрсету хаттамаларына сәйкес мамандандырылған медициналық көмек көрсетуші, наркологиялық ұйымның құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
19. Жасырын емдеу бойынша наркологиялық бөлімшенің (кабинеттің) медицина қызметкерлері мыналарды жүзеге асырады:
1) өз еркімен емделгісі келетін алкогольді және (немесе) басқа да ПАЗ-ды зиянды салдарымен тұтынатын әрі алкогольге және (немесе) ПАЗ-ға тәуелді науқастарға амбулаториялық-емханалық және стационарлық көмек көрсету;
2) жасырын емдеу бойынша наркологиялық бөлімшелерде емделуден өткен аурулардың рецидивке қарсы әрі қолдаушы терапиялық емделуін бақылау;
3) көрсетілген наркологиялық көмектің тиімділігіне талдау жүргізу;
20. Емдеу шараларын жүргізуді қамтамасыз ету үшін жасырын емдеу наркологиялық бөлімшесі (кабинет) мыналарға ие болады:
1) бөлімше меңгерушісі мен нарколог дәрігердің кабинеті;
2) оңалту бағдарламасы мен психодиагностика бойынша арнайы жеке және топтық психотерапиялық жұмыстар жүргізу үшін психотерапевт және психолог дәрігерлерге арналған кабинеттер;
3) ем-шара кабинеті;
4) науқастарға арналған палата;
5) төсек орын-жабдықтары, шаруашылыққа қажетті бұйымдарды сақтайтын орын-жай.
21. Жасырын емдеу бойынша наркологиялық бөлімше (кабинет) басқа наркологиялық науқастарды емдеуге арналған наркологиялық бөлімшелерден оқшауланған болуы тиіс, осы мақсатта оның жекелеген кіру есігі немесе жекелеген ғимаратта орналасуы тиіс.
§ 4. Жіті және жітілеу абстинентті жағдайларды дәрі-дәрмек арқылы емдеуге, алкогольге және (немесе) ПАЗ-ға тәуелді науқастарға уәждемелі терапия жүргізуге арналған стационарлық наркологиялық бөлімшелер, оның ішінде алкогольге және (немесе) ПАЗ-ға тәуелді науқастарды мәжбүрлі түрде тексеруге және емдеуге арналған бөлімшелер
22. Жіті және жітілеу абстинентті жағдайларды дәрі-дәрмек арқылы емдеуге, алкогольге және (немесе) ПАЗ-ға тәуелді науқастарға уәждемелі терапия жүргізуге арналған стационарлық наркологиялық бөлімшелер, оның ішінде алкогольге және (немесе) ПАЗ-ға тәуелді науқастарды мәжбүрлі түрде тексеруге және емдеуге арналған бөлімшелер, оған қоса абстинентті жағдайларды дәрі-дәрмек арқылы емдеуге арналған, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен наркологиялық көмек көрсету хаттамаларына сәйкес мамандандырылған медициналық көмек көрсетуші, наркологиялық ұйымның құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
23. Наркологиялық ұйымдардың жіті және жітілеу абстинентті жағдайларды дәрі-дәрмек арқылы емдеуге арналған алкогольге және (немесе) ПАЗ-ға тәуелді науқастарға уәждемелі терапия жүргізуге, сондай-ақ науқастарды мәжбүрлі түрде тексеруге және емдеуге арналған стационарлық бөлімшесінің медицина қызметкерлер құрамы мыналарды жүзеге асырады:
1) алкогольді және (немесе) ПАЗ-ды тұтыну нәтижесінде психикалық және мінез-құлықтық ауытқуларға диагностика жүргізу және емдеу;
2) наркологиялық қызметтің амбулаториялық және стационарлық буындары аралығындағы, сондай-ақ емдеуге арналған түрлі бөлімшелерде науқастарға емделу сабақтастығын қамтамасыз ету бойынша шаралар;
3) профилактика, диагностика мен наркологиялық ауытқуларды емдеу мәселелері бойынша медициналық ұйымдарға консультациялық көмектер беру;
4) науқастың уақытша еңбекке жарамсыздығын сараптау;
5) көрсетілген наркологиялық көмектің тиімділігіне талдау жүргізу;
24. Жіті және жітілеу абстинентті жағдайларды дәрі-дәрмек арқылы түзету мен алкогольге және (немесе) ПАЗ-ға тәуелді науқастарға уәждемелі терапия жүргізетін наркологиялық көмек көрсетуге арналған стационарлық наркологиялық бөлімдер, оның ішінде алкогольге және (немесе) ПАЗ-ға тәуелді науқастарды мәжбүрлі түрде тексеруге және емдеуге арналған бөлімшелер мыналарға ие болады:
1) науқастарды қабылдау бөлмесі;
2) науқастарға арналған палаталар;
3) ем-шара кабинеті;
4) оңалту бағдарламалары мен психодиагностика бойынша арнайы жеке және топтық психотерапиялық жұмыстарды жүргізу үшін психотерапевтер мен психолог дәрігерлерге арналған кабинеттер;
5) бөлімше меңгерушісі мен аға медбикеге арналған кабинеттер;
6) дәрігерлерге арналған кабинет;
7) кезекші медицина қызметкеріне арналған кабинет;
8) физиотерапия кабинеті мен функциялық диагностика кабинеті;
9) төсек орын-жабдықтары, шаруашылыққа қажетті бұйымдарды сақтайтын орын-жай.
10) асхана.
25. Қажет болған жағдайда, алкогольге және (немесе) басқа да ПАЗ-ға тәуелді науқастардың жіті және жітілеу абстинентті жағдайларын дәрі-дәрмек арқылы түзету және уәждемелі терапия жүргізу үшін стационарлық наркологиялық бөлімдерде, соның ішінде алкогольге және (немесе) басқа да ПАЗ-ға тәуелді науқастарды мәжбүрлі түрде тексеруге арналған бөлімдерде тәулік бойы бақылау жүргізілетін қосыны бар белсенді бақылау және интенсивті терапия палатасы бөлінеді.
26. Алкогольге және (немесе) басқа да ПАЗ-ға тәуелді науқастарды емдеу жұмыстарын ұйымдастыру кезінде бірінші рет келіп түскен емделушілер мен мәжбүрлі тексерілуге және диагнозын анықтау мен емделуші тұлғаларды, сондай-ақ қайта емделуге келіп түскен емделушілерді әртүрлі палаталарда ұстау мүмкіндігін қарастыру қажет.
§ 5. Медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімшесі (психотерапия және оңалту бөлімшесі, әлеуметтік оңалту бөлімшесі)
27. Медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімшесі (психотерапия және оңалту бөлімшесі, әлеуметтік оңалту бөлімшесі) науқастарды медициналық-әлеуметтік оңалтуға арналған, наркологиялық көмек көрсету хаттамаларына сәйкес мамандандырылған медициналық көмек көрсетуші, наркологиялық ұйымның құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
28. Медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімшесі (психотерапия және оңалту бөлімшесі, әлеуметтік оңалту бөлімшесі) алкогольге және (немесе) басқа да ПАЗ-ға тәуелді науқастарды емдеуге арналған оңалту мен психикалық түзету бағдарламасын жүзеге асырушы наркологиялық стационар ретінде тәулік бойғы күн тәртібімен жұмыс істейді.
29. Медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімшесі (психотерапия және оңалту бөлімшесі, әлеуметтік оңалту бөлімшесі) медицина қызметкерлері мыналарды жүзеге асырады:
1) дәрі-дәрмекпен түзету кезеңінен ойдағыдай өткен алкогольге және (немесе) басқа да ПАЗ-ға тәуелді науқастарда алкогольге және (немесе) басқа да ПАЗ-ға тәуелділіктен алкоголь және (немесе) есірткіге қарсы тұрақтылықты қалыптастыру;
2) алкогольге және (немесе) басқа да ПАЗ-ға тәуелді науқастарда белгілі-бір өмірлік ұстанымдарды қалыптастыру арқылы медициналық-әлеуметтік тұрғыдан қолдау және дау-дамай мен қатты күйзеліс кедергілерін жеңіп шығу, төзу әдістеріне үйрету;
3) саламатты өмір салты дағдыларын қалыптастыру, алкоголь және (немесе) басқа да ПАЗ-ды қолданудан бас тарту, күнделікті тұрмыс барысында өз-өзіне қызмет жасау, коммуникация, өзара қарым-қатынас, еңбекке араласу және бос уақытты ұтымды пайдалану сияқты жағдайларға жаттығу;
4) медициналық-әлеуметтік оңалтудан өткен алкогольге және (немесе) басқа да ПАЗ-ға тәуелділіктің қайталануын болдырмау мақсатында және күйзелісті жағдайда уақтылы кірісіп, сондай-ақ оларды медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімшесінде (психотерапия және оңалту бөлімшесі, әлеуметтік оңалту бөлімшесі) ұйымдастырылатын оңалту бағдарламаларына тарту арқылы профилактикалық шараларды өткізу;
5) емделушілерді, мамандарды, қоғамдық ұйымдарды және тұрғындарды оңалту бағдарламаларына қатысуға тарту мақсатында, сондай-ақ тәуелді болу дертіне қатысты тұрғындарға ағартушылық шараларын жүзеге асыру мақсатында медициналық-әлеуметтік оңалту жұмыстары жөнінде жұртшылықты ақпараттандыру;
6) науқастың уақытша еңбекке жарамсыздығын сараптау;
7) медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімінде (психотерапия және оңалту бөлімшесі, әлеуметтік оңалту бөлімшесі) емделу кезінде және емделіп шыққаннан соң да көрсетілген наркологиялық көмектің тиімділігіне талдау жүргізу;
30. Медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімі (психотерапия және оңалту бөлімшесі, әлеуметтік оңалту бөлімшесі) наркологиялық көмек көрсету үшін мыналарға ие болады:
1) емделушілерге арналған палаталар;
2) ем-шара кабинеті;
3) бөлім меңгерушісі мен аға медбикеге арналған кабинеттер;
4) оңалту бағдарламалары және психодиагностика бойынша арнайы жеке және топтық психотерапиялық жұмыстарды жүргізуге арналған психологтар мен психотерапевтер бөлмелері;
5) науқастар және олардың отбасы мүшелерімен жеке әңгімелер жүргізуге арналған әлеуметтік қызметкер кабинеті;
6) дәрігерлердің кабинеті;
7) кезекші медицина қызметкеріне арналған кабинет;
8) төсек-орын жабдықтары, шаруашылыққа қажетті бұйымдарды сақтайтын орын-жай;
9) кітапхана;
10) терапевттік қоғамдастық жиналыстарын жүргізуге арналған орын;
11) спорт залы, спорт алаңы:
12) физиотерапия кабинеті мен функциональды диагностика кабинеті;
13) асхана.
31. Медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімдерінің құрамында, сондай-ақ емдеу-еңбекке баулу шеберханалары, оқу сыныптары, студиялар, спорт секциялары, қосалқы шаруашылықтар құрылуы мүмкін.
§ 6. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы
32. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы алкогольден мас болған (уыттанған) пациенттерді емдеуге арналған, наркологиялық көмек көрсету хаттамаларына сәйкес мамандандырылған медициналық көмек көрсетуші, наркологиялық ұйымның құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
33. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы ішкі істер органдары қызметкерлері немесе азаматтар алып келген наркологиялық көмекті қажет ететін пациенттер үшін наркологиялық стационар ретінде тәулік бойғы күн тәртібімен жұмыс істейді.
34. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығының медициналық қызметкерлері мыналарды жүзеге асырады:
1) алкогольден мас болудың (уыттану) деңгейіне диагностика жүргізу;
2) уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы жағдайында емдеуге жатқызу қажеттілігін немесе емдеуге жатқызудан бас тарту жөнінде шешім қабылдау;
3) алкогольден мас болудың (уыттану) орташа деңгейіндегі пациенттерге наркологиялық көмек жасау;
4) наркологиялық көмек көрсету барысында алкогольге тәуелділік қалыптасқандығы диагнозы қойылған пациенттерге медициналық-әлеуметтік оңалту бағдарламасын өтуге уәждеме жасау;
5) наркологиялық көмек көрсетудің сабақтастылығын ұйымдастыру;
6) көрсетілген наркологиялық көмектің тиімділігіне талдау жүргізу;
35. Азаматтарға олардың келісімінсіз наркологиялық көмек «Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексіне сәйкес көрсетіледі.
36. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы наркологиялық көмек көрсету үшін мыналарға ие болады:
1) пациенттерді қабылдауға арналған кабинет;
2) ем-шара кабинеті;
3) пациенттерге арналған палаталар;
4) оқшаулау бөлмесі;
5) орталық меңгерушісі мен аға медбике кабинеті;
6) дәрігерлерге арналған кабинет;
7) кезекші медицина қызметкері кабинеті;
8) төсек-орын жабдықтары, шаруашылыққа қажетті бұйымдарды сақтайтын орын-жай;
9) ішкі істер органдары қызметкерлері алып келген пациенттердің құжаттары мен жеке заттарын сақтауға арналған бөлме.
§ 7. Күндізгі наркологиялық стационар
37. Күндізгі наркологиялық стационар алкогольді және (немесе) басқа да ПАЗ-ды зиянды салдарымен тұтынатын әрі алкогольге және (немесе) басқа да ПАЗ-ға тәуелді науқастарға наркологиялық көмек көрсету хаттамаларына сәйкес мамандандырылған медициналық көмек көрсетуші, наркологиялық ұйымның құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
38. Күндізгі наркологиялық стационар қызметкерлері келесі қызметтерді жүзеге асырады:
1) медициналық ұстанымдар бойынша науқастарды отбасынан және оларды орнықты шағын-әлеуметтік орындарынан айырып емдеудің мақсатсыздығы жағдайында наркологиялық көмек көрсету;
2) науқастарды күнделікті тұрмыстық жағдайға үнемі бейімдеуге бағытталған шаралар;
3) көрсетілген наркологиялық көмектің тиімділігіне талдау жүргізу;
39. Наркологиялық көмек көрсету үшін күндізгі наркологиялық стационар мыналарға ие болады:
1) науқастарды қабылдау бөлмесі;
2) медбикелер кабинеті;
3) науқастарға арналған палаталар;
4) ем-шара кабинеті;
5) оңалту бағдарламасы мен психодиагностика бойынша арнайы жеке және топтық психотерапиялық жұмыс жүргізу үшін психотерапевт және психолог дәрігерлерге арналған кабинеттер;
6) шығармашылық қызметпен шұғылдануға (сурет салу, көркем және сол сияқты бұйымдарды дайындау) арналған бөлме;
7) төсек-орын жабдықтары, шаруашылыққа қажетті бұйымдарды сақтайтын орын-жай.
40. Алкогольді және (немесе) басқа да ПАЗ-ды зиянды салдарымен тұтынатын әрі алкогольге және (немесе) басқа да ПАЗ-ға тәуелді науқастар наркологиялық ұйымдардың негізінде құрылған емдеу-еңбек шеберханаларында өндірістік процестермен айналыса алады.
§ 8 Ұйымдастыру-әдістемелік бөлім
41.Ұйымдастыру-әдістемелік бөлім наркологиялық ұйымның ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстарын жүргізуші құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
42. Ұйымдастыру-әдістемелік бөлімнің қызметкерлері мынадай қызметтерді жүзеге асырады:
1) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен наркологиялық көмек көрсетудің талдаулар мен уәждемелер өткізу стандарттары талаптарын орындау;
2) наркологиялық мекемелердің наркологиялық көмек көрсетудегі озық тәжірибелерін, еңбекті ғылыми ұйымдастыру және басқарудың, ғылым мен техника жетістіктерін, инновациялық технологияларды практикалық қызметте оқып-үйрену, қолдану және енгізу;
3) есепке алу құжаттарын, статистикалық есеп беру және талдау, жалпылама есептерді жедел түрде жүргізу;
4) тұрғындарға наркологиялық көмек көрсету бойынша негізгі ұйымдастыру шараларының жылдық және перспективалық кешенді жоспарларын дайындау;
5) профилактика, диагностика, наркология бейініндегі ауруларды емдеу мәселелері бойынша актив жиындарын, кеңестерді, конференцияларды дайындау және өткізуге қатысу.
43.Ұйымдастыру-әдістемелік бөлім наркологиялық ұйымның ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстарын жүргізу үшін мыналарға ие болады:
1) бөлім меңгерушісі кабинеті;
2) статист дәрігерлер кабинеті;
3) медициналық статистика кабинеті.
§ 9 Аудандық немесе қалалық емханалардағы немесе наркологиялық кабинет
44. Аудандық немесе қалалық емханалардағы наркологиялық кабинет алкогольді және (немесе) басқа да ПАЗ-ды зиянды салдарымен тұтынатын әрі алкогольге және (немесе) басқа да ПАЗ-ға тәуелді науқастарға наркологиялық көмек көрсету хаттамаларына сәйкес мамандандырылған медициналық көмек көрсетуші, тұрғындарға қол жетімді медициналық көмек көрсету мақсатындағы, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымның құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
45. Наркологиялық кабинеттің медициналық қызметкері мыналарды жүзеге асырады:
1) алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуші медициналық ұйымға бекітілген аумақта алкогольге және (немесе) басқа да ПАЗ-ға тәуелді науқастарды анықтау, есепке алу әрі оларға диспансерлік және профилактикалық бақылау жүргізу;
2) алкогольді және (немесе) басқа да ПАЗ-ды зиянды салдарымен тұтынатын науқастарды анықтау және есепке алу (көрсеткіштер бойынша);
3) алкогольді және (немесе) басқа да ПАЗ-ды зиянды салдарымен тұтынатын әрі алкогольге және (немесе) басқа да ПАЗ-ға тәуелді науқастарға амбулаториялық-емханалық көмек көрсету;
4) наркологиялық көмек көрсету стандарттарына сәйкес алкогольді және (немесе) басқа да ПАЗ-ды зиянды салдарымен тұтынатын әрі алкогольге және (немесе) басқа да ПАЗ-ға тәуелді науқастарды емдеудегі сабақтастықты қамтамасыз ету;
5) наркологиялық көмектің тиімділігін талдау.
46. Наркологиялық көмекті жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін аудандық немесе қалалық емханалардағы наркологиялық кабинет мыналарға ие болады:
1) динамикалық диспансерлік бақылау жүргізу картотекасы бар науқастарды қабылдауға арналған дәрігердің кабинеті;
2) ем-шара кабинеті.
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2011 жылғы 18 қаңтарда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №6744 болып енгізілді.