31 Наурыз, 2011

Кестесі келісті кітапхана

826 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Кез келген қалаңыздың кестесі келісті кереметтері болады. Бәл­кім, бірінде азырақ, екіншісінде, көбі­рек кездесер. Кейінгі бір-екі жыл­дан бермен қарата Қызыл­ор­даңыз­дың Жібек жолы көшесімен өтіп жү­ріп, кітапхана ғимаратына қайы­рылуға қаншама құлшын­ға­ны­мыз­бен, сәті түспейтін. Қызыға қарай­тын­быз. Жал­пы, Жібек жо­лы көше­сі­нің бойы – қаланың кө­рік­ті бөлігі. Бұл көшеде осы жаңа кітапхана үйі бар. Қорқыт ата атындағы қара ша­ңы­рақ – университет бар. Есеп және қаржы колледжі бар. Заң колледжі бар. Тағы да басқа елең еткізерліктей ескілі-жаңалы ерекшеліктері аз емес. Міне, алыстан көз тартып, кө­ңіл баурайтын кітапханаңызға кір­­мектің орайы оралғандай. Бұл биік ғимарат кейбір шаһар­лар­да­ғы­дай жиекжолға еміне мініп, дем қиын­датып, тыныс тарылтып тұрған жоқ. Кең көшеден бұры­лып, рахаттана адымдап, айна­ла-төңірекке ер­кін қарап, әуендете ыңылдап ба­рып кірмекке мүм­кін­дік мол. Кең-байтақ, көркемниетті қазақ елінің қай қаласында да ең бірінші орын­да кітапхана тұрма­ғы ләзім-дүр. Қызылордада солай. Елбасы екі-үш жыл бұрын аш­қан­да ше, қатты қуанып, заманауи, заңғар шаңы­рақ­ты, әсіресе, жас ұрпақтың сү­йік­ті мәдени-рухани мекені ету керектігін айрықшалай айтқан-ды. «Адамның ең адал досы, әділ жолдасы – кітап» деген екен Шы­ғыс­тың шандоз шайыры, орасан ой­шылы Әлішер Науаи. Әлбетте, Әле­кең бабамыз шын кітапты, шынайы әдебиетті меңзеген. Өкі­ніш­ке қа­рай, біздің бұлағай заманда басым­дана бастаған сатқын достар, жаман жолдастар сияқты кесір-кеса­пат­ты, кекірттенген кітаптар кө­бей­ді ғой. Ол – өз алдына бөлек мәселе. Әбділда Тәжібаев атындағы об­лыстық әмбебап кітапхана өзі­нің та­рихын 1867 жылдан бас­тай­ды. Ал­­ғашқыда Ақмешіт уезінің әс­ке­ри бекінісіндегі халықтық кітапхана бо­лып ашылған. Кейін қа­лалық кітап­ха­наға айналған. 1938 жылы Қы­зыл­орда облыстық кітапханасы ретінде ресімделіп, Максим Горь­кий­дің аты берілген. 1999 жылғы қара­шадан Әбділда Тәжібаев атында. Қызылорда кітапханасының кі­реберісі де кең екен. Ақ сәуле шаш­қан вестибюльдің әдемі әдіптелген мінәйі мүйісінде күлімсіреген қыз отырыпты. Алдында компьютер. Қалаған ақпаратыңызды аласыз. Кітапханаңыздың директоры Нұр­­­жамал Мырзамұратова әлде­бір жи­налысқа, облыс деңгейіндегі ма­ңыз­ды басқосуға бармаққа асы­ғу­лы. Сонда-дағы біраз-біраз жағ­дай­лар­ды мағлұм­дап үлгерді. Кі­тап­­ха­наның ғажайып суретіне қа­рап қо­йып, мерейлене әң­гімелейді. Ғи­марат негізгі-негізгі үш қабат­тан, сондай-ақ түрлі-түрлі тех­ни­­ка­лық қабаттардан тұрады екен. «Цокольді қабат» деп аталатын бөлі­гінде кітап қорларын сақтайтын және қосалқы қызметтер атқаруға арнал­ған бөлмелер орналасқан. Бі­рінші қа­бат негізінен балалар әде­биеті бөлі­мі­не арналған. Балалар або­нементі. Мектепке дейінгі бал­дыр­ғандардың және 1-4-сы­нып оқу­шыларының оқу залы. Сон­­соң 5-9-сынып оқушы­ла­ры­­ның оқу за­лы. Лекция өткізбекке ар­нал­ған 150 орындық зал. Жүз орындық кон­ференц-зал. Екінші қабатта да жүз орын­дық оқу залы бар. Абонемент бө­лі­мі. Ғы­лыми-әдістемелік бөлім. Ақ­па­рат­тық-библиографиялық бө­лім. Мер­зімді басылымдар за­лы. Қазақ­стан Республикасының Тәуелсіздігі залы. Бәрі осында. Үшінші қабаттың да үйлесімі өз­геше. Кітапхана үдерістерін ав­то­маттандыру бөлімі. Ақпарат­тық-сер­виздік қызмет көрсету сек­торы. Өнер әдебиеттері бөлімі. Ауыл ша­руа­шылығы және техникалық әде­биеттер бөлімі. Шетел әдебиеті секторы. Сирек әдебиеттер қоры. «Дөңгелек үстел» мәжілістерін өт­кізуге арналған зал. Мінекиіңіз, осындай-осын­дай­лардан хабардар еткен Нұржамал кешірім өтініп, өзінің орын­ба­са­ры Қалдыгүл Досмағамбетованы ша­қыр­ды. «Ендігі әңгімені осы Қал­ды­гүл қарындасыңыз асықпай ай­та­ды. Барлық бөлімдерді аралап көрсеңіз дұрыс болар еді», деді директорыңыз. Аралай бастадық. Қал­дыгүл­мен бірге балалар әдебиеті бөлі­мі­не кірдік. Кітапханашы Мах­мұ­ра Абдулпаттаева отыз жыл бойы осы салада қызмет істейді. Бал­дырған­дар­дың кітапқа деген ықы­ла­сын арт­тыру, кітап оқуға құмар­лығын ояту, бос уақыттарын тиімді пайда­ла­ну­ға баулу жөнінде нақ-нақ әңгіме өр­бітеді. Бөлім мең­герушісі Айткүл Кәрібаева да отыз жылдан бері об­лыстық кітапханада. Екінші қабат­та­ғы оқу за­лын­да кім-кімнің де ра­хат­танып отырып рухани азық алуы­на мүмкіндік мол. Студент­тер­дің сабақтарға, оқытушы­лар­дың лек­цияларға даярлануына, түрлі ма­мандық иелерінің ізденуіне қа­жет­ті мерзімді басылымдар, сан-алуан әдебиеттер жеткілікті. Ақ­па­рат­тық-библиографиялық бөлімнен қажетті ақпараттарыңызды жылдам таба аласыз. РАБИС бағдарламасы бойынша «Каталогизатор» модулімен газет-журнал мақалаларына биб­лиографиялық сипаттамалар жа­сала­ды. Электронды каталог толық­тыру та­лапқа сай жүргізіледі. «Ізденіс. Тап­сырыс» модулі бойынша оқыр­ман­ның сұранысы ойдағыдай орын­да­лып отырады. Қазақстанда қорғалған кандидаттық және док­тор­лық диссер­тациялардың авто­ре­фераттары да жинақталған. Бөлім меңгерушісі Күл­зада Мамырова да отыз жылдан бері облыстық кітапханада. Абонемент бөлімінің қайнап жататын қызметіне һәм оқыр­ман­дар дән риза. Көркем әдебиет қо­р­ы­­ның құнары да, ғылыми-та­ным­­­дық басылымдардың бай­лы­ғы да бай­қалып тұрыпты. Бөлім мең­герушісі Маржан Айгісінова Шым­кенттегі педагогика мәде­ниет институтын 1993 жылы тә­мам­да­ған. Зәуре Бодықбаева, Нұр­лыгүл Төлегенова үшеуі келушілерді кішіпейілділікпен қарсы алып, ізеттілікпен ілтипат көрсетеді. Ал, Алма Қалмағамбетова мен Татьяна Цой, Лаура Есжанова мен Гүлмира Смағұлова және Лаура Серікқызы үшін оқу залының жұмыстары же­тіп-артылады. Ғылыми-әдісте­ме­лік бө­лім­нің меңгерушісі Шолпан Серекова – Қазақ қыздар пе­да­гоги­ка­лық институтының түлегі. Мерзімді басылымдар бөлі­мі­нен БАҚ-тың 65 түрін табасыз. Өткен ғасырыңыздың отызыншы жылдарының соңында шыққан ба­сылымдар баршылық. Галина Лигай, Салтанат Есентаева және Жан­на Үмбетова осы бөлімде қыз­мет істейді. Шетел әдебиеті сек­то­рының жұмысы қызық-ақ. Гүл­жан Жұма­таева мен Әлина Самұратова солай деседі. Ағылшын, неміс, тү­рік, тағы басқа тілдердегі әде­биет­тер көбей­ген. Қазірдің өзінде бес мыңға жете­қабыл. Студенттер жиі келеді. Қада­лып көп отырады. Сек­тор сенбі са­йын волонтерлермен жүйелі жұмыс жүргізеді. Кітапхана үдерістерін ав­томат­тан­ды­ру бөлімінің мең­геру­шісі Ба­қыт­күл Мырзахметова бүй дейді: «Электрондық оқу залы ой­да­ғы­дай жабдықталған. Талап бар­ған сайын күшейе түсуде. Элек­трон­дық оқулықтарды көбейтіп жа­тыр­мыз». Өнер әдебиеттері бөлі­мі­нің меңгерушісі Баян Үмбетова да Алматыдағы ҚызПИ-ді бітіріпті. Кино мен театр, саз бен сурет жа­ғы­нан пікірталасқа бейіміректігі білінеді. Оны Құралай Исаева қостай жөнелер. Айтпақшы, Қызылорда кітап­ха­на­сының ауыл шаруашылығы және техникалық әдебиеттер бө­лі­мінде 14500 дана кітап қоры бар екен, көбі орыс тілінде. «Орыс тілінде деп оқымай жатқан жоқ, тиісті мамандар тіл таңдай бермейді», – дейді Бибіайша Әлиева мен Әлия Қаражанова. «Бізде осындай мамандар еңбек етеді. Шолпан Серекова, Маржан Айгісінова, Ал­ты­най Махамбетова, Құр­манкүл Сыздықова, Тамара Букина, Гүл­дерайым Қос­назарова сияқты май­талмандары­мыздың шеберліктері мен ізденістері облысқа ғана емес, республи­ка­лық деңгейде жоғары ба­ғаланады», – дейді Қалды­гүл қарын­дасымыз. Әбділда Тәжібаев атындағы әм­бебап кітапханада оқыр­ман­дар­ға қыз­мет көрсететін 11 бөлім жә­не 3 сектор бар. Кітап қоры 450 мың­­ға жуықтап қалған. 250 мың­нан аса оқырманды қамтиды. Оларға кейінгі кезеңдері жылына 146805 кітап беріледі. Орта есеппен алғанда. Кітап қорын мұқият күтіп ұс­тау, сақтау – аса маңызды мәселе. Уа­қыт өте келе кітап та тозады, ескіреді, мүжіледі, сарғаяды. «Кітап та ауырады, сырқаттанады, – дейді Қалдыгүл. – Кітапхана­шы­лар кітап ем­деуде, талапқа сай температурада күтіп ұстауда, баға жетпес бай­лық­тың қадір-қасиетін қастерлеуде жан-жүрек жылулық­тарын аямай­ды. Бізде сирек кітаптар мен қол­жазбаларды қалпына келтіру сек­торы ашылды». Өткен маусым айында «Ұлт­тық мұраларды сақтаудағы кітап­хана­лар­дың рөлі» атты облыстық семинар өткізіліпті. Осы семи­нар­ға ҚР Ұлттық академиялық кі­тапханасы қорды қалпына келтіру және сақтау орталығының маман­дары Назгүл Жұ­ма­діл­ова мен Меруерт Өскен­баева арнайы келіп қатысқан. Ескірген, сарғайған, мұ­қабалары тоз­ған кітаптарды қайта қалпына келтіру жөнінде шеберлік сабақтарын өткізген. Қызылорда облыстық кітап­ха­на­сы оқырмандар қауымымен қызу қарым-қатынаста. «Шабыт», «Кездесу», «Рауан» клубтарының жұ­мыс­тары қызықты, жүйелі жү­ріп жа­ты­п­ты. «Кітаппен бірге – өр­ке­ниетке», «Кітапхана – ғы­лым, білім және мә­де­ниет орт­а­лы­ғы» сияқты жобалар қол­ға алын­ған. Интеллек­туал­ды шоулар, брек-рингтер, оқыр­мандар конфе­рен­циялары жиі ұйым­дастырылады. Қорқыт ата уни­вер­си­тетімен, колледждермен, мек­теп­тер­мен байланыс мы­ғым. Мақ­саткерлік мықты. «Жазу­шы» және басқа да баспалардан шық­қан, жедел жететін көркем әдебиет кі­таптарына биб­лиографиялық шолулар жыл­дам жасалып, оқырмандарға бірден баян етіледі. «Рухани байлық қа­зы­насы» апталығының да айтары анық, ақпараты айқын. Облыстың өз бастамасымен шығарылып, қазыналы қайнарға айналған «Сырдария кітап­ха­насы» көптомдығының 200 томы оқырмандар игілігінде. Сол томдар­дағы Қорқыт бабадан басталар тұлға­лар мен олардың шығармашылығын насихаттауда да аталмыш кітапхана мен кітапханашылар шынайы ізденіс, шын ықылас танытуда. Сағыныштан жаралған, сағы­нышты жырлаған, қалам қуаты мен көркем сөзден дарыған дарынын қ­а­зақ жаны мен қазақ мұңына, адам­ның адам боп қалуына арнаған ақеділ ақынымыз Төлеген Айбергенов: «Мен адамдардағы бір ғана мақ­тануды – арғы төркінінен көп оқығандығы көрініп тұратын, «кітабым көп» деп қана мақтануды кешірер едім. Ал басқа мақтанның қандай түрін де тіпті тыңдағым келмейді», депті күнделік жазба­лары­ның бірінде. Осы тұрғыдан қарағанда басқа облыстарымыздың орталықтары һәм кестелері келісті, заманауи, зау-заңғар кітапхана­лары­мен мақтанса, кәнеки. Мархабат БАЙҒҰТ. Қызылорда.