Қазақ «өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп бекер айтпаса керек. Өйткені баспана мәселесі қай уақытта болмасын үлкен рөл атқарады. Ақпан айында Үкіметте елдің ертеңі саналатын жастар мен қарапайым бұқара қол жеткізе алатын, бағасы тиімді үйлерді салуға байланысты жаңа бағдарлама қабылданған болатын. Міне, осыған орай кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрғын үй құрылысын дамытудың 2011-2014 жылдарға арналған жаңа бағдарламасы және жаңа ереже бойынша салынып жатқан «Жағалау-3» тұрғын үй кешенінде болды.
Елбасы алдымен жаңа бағдарлама бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы стендімен танысты. Одан соң бағдарламаның жүзеге асырылуы туралы Астана қаласы әкімі Иманғали Тасмағамбетов, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Нұрбибі Наурызбаева, «А.S.I» инвестициялық құрылыс компаниясының басшысы Сергей Котляров баяндап өтті. Пәтерге ие болған астаналықтарды Елбасы баспаналы болуымен құттықтай келе, тұрғын үй құрылысын дамытудың жаңа бағдарламасына қатысып жатқандармен пікір алысты. Егер Жолдауда көрсеткендей, баспаналы болудың жаңа бағдарламасын ұсынбай, ештеңе бітірмей қарап отыра берсек, онда өткен жыл көрсеткішінің жартысынан да аз пәтер салынатын еді, деді Президент әңгіме барысында. Баспаналы болғандардың бірі үш жыл бұрын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне салынған депозиті арқылы пәтердің жарты құнын жинап, қалғанын банктен қарызға алып, жаңа үй сатып алуға қол жеткізгендігін айтты. Ал екінші бір кісі өзінің мұғалім екендігін жеткізіп, баспанаға қол жеткізгеніне қуанышты екенін айта отырып, алғысын білдірді.
Президент тұрғын үй құрылысын дамытудың жаңа бағдарламасын жүзеге асыру үшін республика бойынша мемлекеттен 670 млрд. теңге қаралып, оның 93 млрд. теңгесі Астанаға бөлінгендігін атап өтті. Мұнда келген себебім, Астанада ғана емес, Қазақстан бойынша қандай жұмыстардың жүзеге асып жатқандығын көрсету. Бағдарлама туралы ой маған мемлекеттің мүмкіндігі барлығынан туындады. Егер біздің экономикамыз мұны алып кете алмаса, бастамас едік. Қазынамызда қаржы болмаса не істер едік? Қазіргі таңда банк несиелерінің 18 %-бен берілетіні белгілі. Бұл банктің қалауы емес, рыноктың нәтижесі. Ақшаның құны сондай. Ал мұны азаматтарымыз түсінбей отыр. Сондықтан осындай бағдарлама жасап шығардық. Сіздер төмен пайызбен үй алудамыз дейсіздер, қалған 10 %-ды мемлекет төлеп отыр. Әйтпесе мұндай төмен пайызбен банктер құрдымға кетеді.
Жаңа бағдарламаның үш бағыты бойынша елімізде 6 млн.шаршы метр пәтер салынады. Осылайша жобамен 350 мың отбасын немесе 1 миллиондай адамды өз баспанасымен қамтамасыз ете алатындай әлеует бар. Көптеген жұмыс орындары ашылмақ, жалақы алатын болады, ал құрылыс материалдарын жеткізетіндер табысы өз алдына бір бөлек. Міне, бұл әрбір қазақстандыққа деген әлеуметтік қамқорлықтың көрінісі. Бұл мемлекет жасап жатқан үлкен мүмкіншілік деп санау керек. Осы қарқынмен дамитын болсақ, келешекте тұрғын үй мәселесін шешіп алатын боламыз. Бұл әсіресе жастарға, мамандарға, мемлекеттік қызметкерге қолайлы, қолжетімді. Жыл ортасынан бастап бюджет саласы қызметкерінің жалақысы 30 пайызға көбейтіледі. Бұл үлкен мүмкіндік, деді Елбасы.
Жаңа бағдарламада тұрғын үй құрылысына мемлекеттік қолдаудың үш бағыты анықталып отыр. Оның бірі, тұрғын үй құрылысы үшін тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін пайдалану, екіншісі, құрылысты қаржыландыру үшін екінші деңгейлі банктерді қорландыру және инженерлік коммуникациялар салу болып отыр. Алғашқы бағытты пайдалану арқылы тұрғын үй салу еліміздің барлық өңірлерінде басталып та кетті. Эконом санаттағы тұрғын үй құрылысын несиелеу бойынша Алматы қаласында салынатын тұрғын үй пәтерлерінің шаршы метрі 142 500 теңгеден болса, Астана мен Ақтау қалаларында 112 500 теңгеден аспайтын болады. Ал өзге өңірлерде салынатын жаңа үйлердің шаршы метрі 90 мың теңге көлемінде болады, дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің атқарушы директоры Данияр Тойбаев бізбен әңгімесінде. Бағдарлама бойынша, 3 жыл ішінде 13 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілмек. Бастапқы жобаларды жүзеге асыру үшін биылғы жылға бюджеттен 28,8 млрд.теңге бөлінді. Келесі жылы бюджетке 32 млрд.теңгеге ұсыныс берілетін болады. Бұл қаржы 2012 жылы 300 мың шаршы метр несиелік тұрғын үйді пайдалануға тапсыруға мүмкіндік береді.
«ИСК «A.S.I» ЖШС инвестициялық құрылыс компаниясының басшысы Сергей Котляровтың айтуынша, салынып жатқан «Жағалау-3» тұрғын үй кешенінде жаңа бағдарламаның барлық бағыты көрініс тапқан. Мұнда мемлекеттік баспана, жинақ банкі жүйесі арқылы салынған пәтерлер, депозиттік жинақ бойынша және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша да үйлер салынып жатыр. Бұл нысан бүгінгі күні ең таңдаулы, дайындығы, көрсеткіші жоғары үй болып отыр, деді ол. Президент арнайы келіп көрген «Жағалау-3» тұрғын үй кешенінің құрылысы 2010 жылы басталған болатын. Ал пайдалануға беру межесі биылғы жыл еншісінде. Кешенде 2 мыңнан астам пәтер бар.
Баспанаң болса, алаңсыз тірлік кешетінің аян. Отбасы жылуын сезініп, үйдің берекесін келтіру үшін пәтерің болу үлкен рөл атқарады. Ал осы баспана мәселесі шешімін тапқан уақытта әрі мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген кезде баспаналы болуға ықыласты жанның игілікті бағдарламадан қапы қалмағаны жөн.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.
-----------------------------------------
Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.