31 Наурыз, 2011

Бейбіт атом саласындағы ынтымақтастық

408 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Қа­зақ­стан Республикасы және Ресей Федерациясы арасында атом энергиясын  бейбіт мақсаттарға пайдалану жөніндегі ын­ты­мақтастық  бойынша кешенді бағдарламаға қол қойылды. Екі мемлекет арасында атом энергиясы саласындағы ынты­мақ­тастық жөніндегі кешенді ша­ралар бағдарламасына Қазақ­стан Республикасы жағынан Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Дүйсенбай Тұр­ғанов, Ресей Федерациясы жағынан  атом энергиясы жө­нін­дегі «Росатом» мемлекеттік кор­порациясының бас директоры Сергей Кириенко қол қойды. «Росатом» мемлекеттік кор­по­рациясының  бас директоры Сергей Кириенко мен «Қаз­атом­өнеркәсіп» ұлттық компаниясы­ның төрағасы Владимир Школь­никтің журналистер алдында жа­саған мәлімдемелері бойын­ша, ұзақ мерзімге арналған бұл бағдарлама екі ел арасында ал­да­ғы уақытта ядролық отын са­ласында атқарылатын орасан зор жұмыс ауқымын белгілейді. Бағдарлама бойынша еліміздің аумағында табиғи уран өндірісін дамыту және геологиялық барлау жұмыстарын кеңейту мақ­сат­тарында бірнеше бірлескен кәсіпорындар құру көзделініп отыр. Жақында Қазақстан Рес­пуб­ликасы және Ресей Федерациясы президенттерінің бастамасымен әлемде тұңғыш рет уран кенін байыту жөніндегі халықаралық орталық құрылды. Ресейдің Ангарск қаласында жұмыс істеп тұрған табиғи уран кенін байыту жөніндегі бұл бірлескен кәсіп­орын­ның дүние жүзінде балама­сы жоқ. Қазір әлемнің көптеген мемлекеттері осы халықаралық табиғи уран кенін байыту орта­лы­ғының өнімдерін тұтынуға жоғары сұраныстарын білдіріп отыр. Ал өткен жылдың желтоқсан айында Ангарск қаласындағы осы халықаралық уран кенін байы­ту орталығында төмен дең­гейде байытылған уран өнім­дері­нің қорын құру туралы шешім қабылданып, жүзеге асы­рыла бастады. Бұл шара атом энергетикасын дамытуға ниет қылған мемлекеттер үшін  ха­лық­аралық тұрақты инфрақұ­ры­лым құруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, атом энер­гиясын бейбіт мақсаттарға пайдалану жөніндегі ынтымақ­тас­тық бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасында атом электр стансасын салу мә­селесі де қарастырылған. Сергей Кириенконың айтуы бойынша, егер Қазақстан Үкіметі АЭС салу жөнінде шешім қабылдайтын болса, Ресей тарапынан бұл жобаны нақты жүзеге асыруға қолдау көрсетілетін болады. Бұл жоба әлемдегі ең қауіпсіз технологиялар қолданылатын жаңа тұр­ғыдағы жоба болмақ. Жапон еліндегі ауыр зардаптарға ұшы­ратқан жер сілкінісі салдарынан «Фукусима» атом электр стан­са­ларында болған апат әлем жұрт­шы­лығын ерекше алаңдатып отыр. Соған қарамастан адамзат бо­лашағын атом энергетика­сы­н­сыз елестету мүмкін емес. Бұл ретте атом реакторларының қауіп­сіздігіне ерекше мән берілуі керек. Сондай-ақ кеше «Қазатом­өнер­кәсіп» ұлттық холдингі мен «Росатом» корпорациясы ара­сын­да сирек және жер қой­нау­ында сирек кездесетін металлдар өндірісі саласындағы ынты­мақтастық меморандумына да қол қойылды. Ресейлік «Атомредметзолото» АҚ-тың бірінші вице-президенті Тигран Хача­ту­ров­тың айтуынша бұл ынты­мақтастықтың да болашағы зор. Қазіргі таңда бүкіл әлемде сирек кездесетін металдардың бағасы күннен-күнге артып келеді. Бү­гінде әлем рыногында 130 мың тонна сирек және жер қойнауында сирек кездесетін металдар тұтынылады. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.