Маңдайдан теріңді тамшылатқан еңбек адамды қай заманда да шапағатқа бөлейді. Жас кезімде Мәскеуде, Кремльдің төрінде ылғи жақсы-жайсаңдармен қатар отырып, өзімнің қазақ деген халықтың қызы екенімді кеудемді кере мақтаныш тұтар едім. Ал еліміздің тәуелсіздігі болмаса халқымыздың тұсаулы аттай екенін мен кейін түсіндім. Осыдан 20 жыл бұрын Қазақстан тәуелсіздігін алғанда нағыз бостандықтың, азаттықтың тынысты кеңейткен самалын сезіндік. Өмірге, саяси, мәдени құндылықтарға көзқарас өзгерді. Бұрынғыдай жоғарыға, Мәскеуге қараған жалтақтық пен біз үшін біреу шешім қабылдайтын масылдық психологиядан, мінезден арылдық. Еліміз экономикасы жиырма жыл ішінде дамып қана қойған жоқ, дүние жүзіндегі мойны озық елдерге Қазақстан деген жас мемлекетті мойындатып та үлгердік. Өткен жылы еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. Он бір жыл үзілістен кейінгі саммиттің Астанада өтуі Қазақстанның беделін бұрынғыдан да арттыра түсті және халықаралық саясаттағы оның тұғырлы орнын да белгілеп берді. Мұның барлығы да қасиетті тәуелсіздіктің, еркіндіктің арқасы.
Біздің жас мемлекет екі он жылдың ішінде осынша дәрежеге қалай жетті? Ол алдымен жұдырықтай жұмылған бірліктің, ынтымақтың арқасы екені аян. Оның үстіне үлкеннің алдынан өтпей сыйлау, кішіні қадірлеу, ханның да, қараның да сөзіне тоқтау сияқты халқымыздың қанына сіңген мінезі демократияның негізі болып табылады. Біз – демократиялық, зайырлы мемлекет құрып жатқан елміз. Мұны жас тәуелсіз Қазақстан туралы пікір білдіріп жүрген әлемдегі аузы дуалы қайраткерлер әрқашан оң бағалап келеді.
Қазір қарап отырсақ, түрлі елдерде атыс-шабыс, ереуілдер көбейіп кетті. Олардың бейбіт халқынан маза, тыныштық кеткелі қашан. Береке болмаған соң аштық та, жалаңаштық та солардың басында. Жеке пенденің өмірі сияқты тұтас елдің, халықтың да тағдыры болады. Оның да жолы тақтайдай тегіс бола бермейді, қиындықтар кездесіп отырады. Сондай кезде елді бастайтын көшбасшының, дана да, ақылды ерлердің орны бөлек екені ешкімге талас емес. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ талай қылбұрау заманда тығырықтан халқын алып шыққан даналарын, батырларын сол үшін ардақтап, олардың есімін ұмытпайды.
Аллаға шүкір, бүгін балаларымыздың тамағы тоқ, ұйқысы тыныш. Білім алып, көңілі қалаған ісімен айналысады. Еліміздің болашағы солар екеніне кәміл сенеміз. Еліміздегі бір атаның балаларындай татулыққа да көңілім толады. Ынтымақ пен бірліктің арқасында қандай асудан да, белден де сүрінбей асып келеміз. Міне, қазір елде үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама жүзеге аса бастады. Күн сайын естіп, біліп отырған ақпараттардан экономиканың тамаша жетістіктеріне куә болып, шүкіршілік етіп отырамын.
Дегенмен, қазір «кемедегінің жаны бір» уақыт деп ойлаймын. Ел басшысыз болмайды. Ал көшті алға бастайтын басшыны өзімізге таңдатып отырған да тәуелсіздігіміздің бізге берген артықшылығы екенін менің әрбір отандасым бағалайды. Президенттік сайлау да сол үшін болады. Халықтың бірлігі, елдің елдігі осындайда көрінеді. Өзін осы елдің патриоты санайтын әр қазақстандық сайлауға келіп, өзінің даусын беруі керек. Мен мұны осындай шешуші сәтте әр қазақтың, әр қазақстандықтың мемлекетіміздің болашағы үшін атсалысқан қызметі деп білер едім. Елдігімізбен қатар, әркімнің азаматтығы да осындайда көрінеді. Сондықтан енді санаулы күннен кейін өтетін сайлауға да жұмыла кірісейік, ағайын.
Кәмшат ДӨНЕНБАЕВА, Еңбек Ері.
Қостанай.