Кеше Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның кезекті жалпы отырысының күн тәртібінде он бір мәселе қаралды. Депутаттар мұнай және мұнай өнімдеріне қатысты заңдық құжатқа ерекше қызығушылық танытты.
Атап айтқанда, «Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ рыногын ұйымдастыру, басқару, олардың жұмыс істеу және даму тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы ерекше ықылас тудырды. Келісім Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы елдердің мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ рыногын қалыптастыруға бағытталған негізгі қағидаттар мен іс-шараларды анықтауға және осы саладағы бәсекелестікті дамытуға бағытталған. Тараптардың өзара саудада сандық шектеулермен әкетілетіндеріне кедендік баждарды қолданбауы қарастырылған. Сондай-ақ Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің мұнай және мұнай өнімдеріне деген қажеттіліктерін басымдықпен қамтамасыз ету, осы бағыттағы нормалар мен стандарттарды сәйкестендіру және мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ рыногын ақпараттық қолдау жүйесін қалыптастыру қолға алынып отыр.
Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев депутаттардың бірқатар сұрақтарына жауап берді. Министр заңдық құжат салық жүйесін біріздендірмейді дегенді баса айтты. Мәселен, Ресейде мұнайдың 1 тоннасына салық 300 долларды құрайтын болса, Қазақстанда ол 40 доллардан аспайды. Салықтық ауыртпалық көрші елде 73 пайыз, ал Қазақстанда ол 72 пайызға тең. Осы ретте еліміз шетке шығатын шикізатқа рента салығын салатыны тағы белгілі. Бұдан басқа, үстеме пайдаға салынатын салықтан түскен қаржы Ұлттық қорға жинақталып келеді. Қазіргі таңда еліміз жылына 80 миллион тонна қара алтын өндірсе, оның 73 миллионы сыртқа экспортқа шығарылады екен.
Павлодар мұнай өңдеу зауытына қатысты жауабында министр шикізаттың Ресейден алынып жатқандығын атап көрсетті. Қазіргі таңда аталған зауытқа солтүстік көршіден 6,5 миллион тонна мұнай жеткізілетін көрінеді. Енді еліміз қытайлықтармен бірлесе салған құбыр арқылы 3 миллион тоннаға дейінгі шикізатты жеткізіп, ал қалғанын көршілерден алып тұру жоспарлануда. Есесіне алынған мөлшердегі қара алтын көршілерге Атырау – Самара құбыры арқылы жөнелтілмек. Аталған жоба 2014 жылдың қаңтарына дейін жүзеге асады деп күтілуде. Министрдің сөзінен белгілі болғанындай, Қазақстан екі көршісінен мұнай өнімдерінің сапасы бойынша әлдақайда артта қалып келеді. Сондықтан мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялау – уақыт талабы. Заң жобасы осылайша біраз талқыдан өткен соң мақұлданды.
Депутаттар Бірыңғай кедендік кеңістікке қатысты тағы бір заң жобасын мақұлдауды ұйғарды. Оның толық атауы «Баға белгілеу мен тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, газ тасымалы жүйелері арқылы газ тасымалдау саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізу қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы» деп аталады. Келісімде газ тасымалдау саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізу осы келісімнің Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің аумағынан шығатын газға ғана қатысты шарттарына сәйкес келуі қарастырылған. Қазақстан өз аумағында газ сатудың бағасын Ресей аумағындағы газ бағасымен салыстырмалы деңгейде кезең-кезеңімен көтеруді мойнына алып отыр.
Отырыста басқа да заң жобалары қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.