ЖАҒДАЙСЫЗ ЕЛДЕН ХАЛЫҚ КЕТУГЕ АСЫҒАДЫ
Араб революциясының от-жалынына шарпылған елдің бірі – сонау айтарлықтай алыста, Африканың батыс-орталығында жатқан Кот-д’Ивуар. Көп адам бұл елге революция ұшқыны қалай жетті дейді.
Әрине, революция да өзіне қажетті топырақта өсіп-өнеді. Ал Кот-д’Ивуарда ондай жағдай көптен бері қалыптасқан. Әскери төңкеріс те осында, азамат соғысы бірде күшейіп, бірде басылады. Африкадағы басқа көрші елдерге қарағанда, бұл елде еуропалық билік жүйесі тереңірек енген. Кейде оның африкалық жүйемен үйлесе бермейтіні бар да, содан қайшылық туып жатады.
Өткен жылдың аяғында бұл елде президенттік сайлау өтті. Сонда биліктегі Лоран Гбагбо мен оппозиция көсемі Алассан Уаттара күреске түскен. Сайлау қорытындысы бойынша екеуі де өздерін жеңіске жеттім деп жариялап, тіпті үкімет басшыларын да тағайындап жіберді. Сөйтіп, қос үкімет пайда болған. Бірақ бұрыннан қолында билігі бар Гбагбо әскерге арқа сүйеп, өз тәртібін орнықтырды. Революциялық жағдай осылай қалыптасты да, оған алыстағы араб революциясының ұшқыны тиді.
Бұл елдегі жағдайға сырт елдер үнемі белсенді араласады. Әсіресе, Францияның бір кездегі отарына өзінің бір бөлшегіндей қарайтыны бар. Тіпті онда бітімгершілік күш ретінде француз әскерінің тұрғаны заңдылықтай көрінеді. Елдегі қақтығыстарға араласып, олардың бір жағын жақтап, қоғамда қайшылық тудырады.
Негізінен бұл елде басты қайшылық дінге қатысты. Халықтың басым көпшілігі жергілікті дінді ұстанғанымен, сандары аздау болса да, қақтығыс мұсылмандар мен христиандар арасында өтеді. Мұсылмандар елдің солтүстігінде, ал христиандар оңтүстігінде тұратындықтан да, қақтығыстар солтүстік пен оңтүстік арасында. 2003-2007 жылдарда сол қақтығыс шарықтау шегіне жеткенде, Франция оңтүстіктегі христиандарды жақтап, соның арқасында қазіргі президент Лоран Гбагбо билікке жеткен еді.
Қазір Франция елдің солтүстік жағын, мұсылмандар жағын, оның көсемі Алассан Уаттараны жақтайды. Жақтағанда француздар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Кот-д’Ивуар басшылығына, атап айтқанда, президент Л.Гбагбо мен оның жұбайына қарсы санкция туралы қарардың жобасын әзірлеп, талқылауға ұсынып отыр.
Жалпы БҰҰ, Африка одағы, АҚШ бастаған біраз ел өткен жылғы сайлау қорытындысы бойынша оппозиция өкілі А.Уаттара жеңіске жеткен деп есептейді, Л.Гбагбоны биліктен кетуге шақырады. Бұл мәселе өткен жылы 9 желтоқсанда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде қаралып, Гбагбоны айыптағанда, Ресей вето құқын пайдаланып, қарарды қабылдатпай тастаған. Одан кейін БҰҰ Бас ассамблеясы Алассан Уаттараның президенттігін таныған шешім қабылдады.
Араб революциясына байланысты Кот-д’Ивуардағы жағдай шиеленісе түсті. Сол Араб дүниесіндегі шарпысуда Батыс оппозицияны жақтап, тіпті Ливиядағы соғысқа араласып кетсе, Кот-д’Ивуарда да оппозицияны қолдады. Сөйтіп, ең алдымен АҚШ пен Франция белсенді түрде Гбагбоны айыптап, оны кетуге мәжбүрлеуде. Күш қолдануға дейін баратын сыңайларын аңғартты. Бұл Гбагбоны мықтап ойландырса, Уаттараны жігерлендіріп отыр. Сондықтан да бұл елдегі жағдай жаңа бет-бұрыс алуы әбден мүмкін. Биліктің зорлығына шыдамаған халық көрші елдерге кетіп жатыр. Қазірге дейін бір миллиондай адам елден кеткен.
Сірә, бұл елдегі жағдай шиеленісе түсетіндей қауіпте.
БИЛІККЕ ҚҰМАРЛЫҚ АДАМҒА НЕ ІСТЕТПЕЙДІ!
Әлемнің ақпарат құралдары Гватемаланың президенті Альваро Коломның зайыбы Сандра Торрес де Колом алдағы сайлауда президенттік күреске түсу үшін қазіргі президент-күйеуінен ажыраспақ болғанын жарыса хабарлап жатыр.
Әңгіме мынада. Бұл елдің заңы қызметтегі президенттің туысқандары оның қызметін, яғни оның президенттік орнын мұрагерліктей жолмен иемденуге жеткізетін әрекеттерге тыйым салады. Әйелі де туыс. Оған да тыйым бар. Тыйымнан құтылудың бір жолы – ажырасу. Сандра Торрес соны қалап отыр.
Әдетте некеден пайда табу үшін жұрттың жалған некеге тұруы болушы еді. Ал бұлар ажырасудан пайда көрмек. Сирек кездесетін жағдай. Сандра Торрестің өзінің айтуынша, ол «өз елінің қамы үшін ажырасуға барған жалғыз әйел».
Бұлардың елдің қамы үшін деуі – өздерінің топшылауы. Қазіргі президенттің әйелі президенттікке түскенінен, тіпті сол күресте жеңіп шыққанынан Гватемала халқы бақытқа жете қоятыны күмәнді. Ал билікке жету бұлар үшін бақыт болуы әбден мүмкін.
Әрине, Альбаро Коломның президенттік мерзімі кезінде оның зайыбы ретінде Сандра Торрес те биліктің біраз игілігін көрген сыңайлы. Ресми түрде кедейшілікпен күреске қатысты мемлекеттік бағдарламаға басшылық жасаған екен. Осының өзінен де биліктің біраз дәмін татқан. Бірақ президенттің оппоненттері елдің бірінші ледиі биліктің біраз тұтқасын ұстаған дегенді айтады. Енді содан айрылмас үшін көп адам есіте қоймаған әрекетке де барып отыр.
Ал сол билікке құмарлар оны ел қамы үшін деп ақталып қана қоймай, мақтан да тұтатындай. Ақпарат құралдары хабарлағандай, 51 жастағы Сандра Торрес бақытты некелерін ел үшін құрбан ететінін мәлімдеп: «Мен күйеуіммен ажырасқанынмен, халыққа тұрмысқа шығамын», депті баспасөз мәжілісінде жылап тұрып.
Әр елдің өз менталитеті бар дейміз. Сөйтсе де, билік үшін мұндай қадамға баруды майя дейтін көне мәдениеттің ұрпақтары да (Гватемалада негізінен сол көне халықтардың өкілдері тұрады) қолдай қоюы екіталай-ау дейсің. Бұл өзі үлкен әдепке сыя қоймайтындай. Елдегі оппозиция өкілдері бұған «сайлау алаяқтығы» деген сипаттама да беріп үлгеріпті.
Әлемде күйеуінен кейін билікке келген әйел қайраткерлер аз емес. Сол Латын Америкасында да бар. Бірақ мұндай некені бұзу жолымен емес, демократияның ақ жолымен, халықтың қалауымен, күйеулерінің игіліктерін жалғастырсын деген көпшіліктің тілегімен жеткен. Әлем халқы бұл ретте Шри Ланкада халықтың қалауымен күйеуінің орнын басқан Бандана Райкені ұмытпайды. Әйтпесе, Үндістандай ұлы державаның премьер-министрі Раджив Ганди қайтыс болғаннан кейін оның жесірі Соня өз партиясы – Ұлттық конгресс жеңіске жеткенде, биліктен өзі бас тартып, премьер-министрлік қызметті басқаға ұсынғанын да жұрт біледі. Мұндай мысалдар көп.
Сандра Торрестің сенің қамың үшін күйеуіммен ажырасамын дегеніне халықтың жүрегі елжірей қояр ма екен. Ол бұрын да күйеуінен ажырап, биліктегі Коломға тиген. Енді сол биліктен ажырағысы келмей, тағы да күйеуімен ажырасқысы келеді.
Биліксүйгіш әйелінің кесірінен Тунис президенті Бен Әли де халыққа жеккөрінішті болды. Кот-д’Ивуардың президенті Л.Гбагбоға да биліксүйгіш әйелінің жетегінде болдың деген кінә тағылды. Ал билік үшін күйеуін құрбан ететін әйелді халықтың жақтай қоятыны күмәнді.
Мамадияр ЖАҚЫП.